Қызылордада жастарға жеңілдетілген ипотекалық несие беретін «Сыр жастары» атты бағдарлама бар. 35 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алатын бағдарлама аясында баспаналы болудан үміткерлер былтыр күзде құжаттарын тапсыра бастап еді. Несиелеу мерзімі мен пайыздық мөлшерлемесі, бастапқы жарнасы кейінгі буын өкілдері үшін барынша қолайлы «Сыр жастары» бойынша алғашқы пәтерлер беріле бастады.
Жуырда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен осы бағдарлама аясында Қызылорда қаласының сол жағалауынан салынған 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін салтанатты табыстау рәсімі өтті. Жауапты сала өкілдері мен тұрғындар қатысқан рәсімде облыс басшысы жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтап, аймақтың құрылыс саласындағы жаңалықтарға тоқталды.
«Жастарымызды сапалы біліммен, жұмыспен және баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін білесіздер. Жас отбасылар үшін ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Осыны ескеріп, 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет несиелендіру жолымен «Сыр жастары» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданған еді. Оны жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит беру үшін облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. «Сыр жастары» – аймақ жастарын баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. Оны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» АҚ 500 млн теңге қаржы бөлді. Бүгінгі қоныстой – осы бірлескен жұмыстың жемісі. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан аса тұрғын қоныстой тойлады. Биыл да бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 350-дей пәтер аудандарға тиесілі. Жыл басынан бері 402 отбасы баспана бақытына кенелді. Бүгін 60 жас отбасы жаңа баспана есігін ашады. Жақын күндері Тасбөгет кентінен 150 пәтер қолданысқа беріледі. Бұл – әлеуметтің әл-ауқатын арттырудағы мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі. Жаңа қоныс құтты болсын!» деді облыс әкімі.
Жиында баспананы салған «Дәнекер» құрылыс компаниясының қызметкерлері марапатталды. Пәтер кілтін алғандар қатарында ұстаздар, медицина, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері, журналистер және өзге де сала мамандары бар.
ҚЫЗЫЛОРДА