Бұған дейін ұлт ұясы Ұлытауда, екінші рет түркі әлемінің рухани астанасы - Түркістан төрінде жұртты жинаған Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Хан ордалы Сарайшық іргесіндегі Атырауда, көрісу күнімен тұспа-тұс келді. 2024 жылдың 14 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» идеясымен ұлт болашағын бейнелеп, елді алға жылжыту үшін идеологиялық тұғырнама іспеттес алты құндылықты атап өтіп еді. Осы ұлы жиыннан бері көп уақыт өткен жоқ. Десе де ұлтты ұйыстырған алқалы жиында айтылған бастамалар өмірімізге ене бастағаны жасырын емес. Көз алдымызда қоғамдық құндылықтар жаңғырып, жаңа қадамдар жасалып жатыр. Президент реформаларының саясат, экономика, идеология бағытындағы үйлесімділігінің әсерін де ел сезе бастағандай. Жуырда ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қазақтілді интернет басылым басшыларымен кездесу өткізіп, Ұлттық құрылтай аясында жүзеге асқан және алдағы уақытта жүзеге асатын бастамалар туралы тарқатып айтты.
Ұлттық Құрылтай жұмысы қалай жүргізіледі?
Ең алдымен Ерлан Тынымбайұлы Ұлттық құрылтайдың маңыздылығына тоқталды. Мәселен, биылғы Құрылтайға дейін жыл басында 4 жұмыс секциясының отырысы өткен. Яғни, Мемлекет басшысының құрылтай отырыстарында көтерген бастамаларының орындалу барысын талдау, құрылтай мүшелері ұсныстарының орындалуын бақылау, жиын мүшелерінің жаңа бастамалары мен ұсыныстарын қарастыру сынды мәселелер алдын ала нақтыланады. Ал 14 наурыз күні Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының отырыстары салалық министрлердің қатысуымен өткізілді. Бұл әр салаға қатысты мәселелерді жұрт алдына шығарып талқылауға мүмкіндік береді. Ең маңызды жиын - Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы 15 наурыз күні басталды. Жиында Мемлекет басшысы мен құрылтай мүшелері сөз сөйледі. Бұл отырысқа 4 жұмыс секциясының өкілдері де қатысып, Құрылтай хатшылығына қаңтар-наурыз айларында айтылған ұсыныстарды талдау, бастамалар пакетін жасақтау және наурыз-сәуір айындағы Президент бастамаларын жүзеге асыру, сондай-ақ құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қарау жоспарын әзірлеп, іске асуын қадағалау тапсырылған болатын.
Не айтылды, не орындалды?
Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген бастамаларды жүзеге асыру жөніндегі заң жобаларының алгоритмі ұсынылғанын атап өтті.
«Құрылтайдан кейін үш заңнамаға қол қойылды. Олар - әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі түзетулер, шегуге келмейтін темекі өнімдері мен вейптерге тыйым салу жөніндегі түзетулер, мемлекеттік наградалар туралы түзетулер. Сонымен қатар Ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудомания мәселелері жөніндегі түзетулер, есірткі өндірушілері мен тасымалдаушылардың жауапкершілігін саралау жөніндегі түзетулер қазіргі таңда мәжілістің бірінші оқылымында. Ал вандализм және табиғи объектілерді қорғау жөніндегі түзетулер, ономастика мәселелері туралы түзетулер, археология саласындағы түзетулер сынды заң жобалары әзірленуде» дейді Е.Қарин.
Ұлттық құрылтайда айтылып, жүзеге асқан ауқымды бастамалар
Ұлттық құрылтайда айтылып, жүзеге асқан маңызды бастамалар бар. Оның бірі Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандар құрылуы болды. Ал 2024 жылдың 15 сәуірінде, қоғамдық өмірге үлкен жаңалық әкелген маңызды шешім қабылданды.
«Ол - әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң. Елімізде белең алған отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты бұл бастамаға көпшілік оң көзқараста екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ құрылтай аясында балалардың болашағына қатысты маңызды шешімдерді бірі – жасөспірімдер мен жастар арасында электронды темекі мен вейп тұтыну мәселесі де көтерілген. Жақында осы темекіні/вейпті тұтынудың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Ал 2024 жылдың 19 сәуірінде вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салатын заңға қол қойылды. Ал көп ұзамай, 2024 жылдың 26 сәуірінде Президент Мемлекеттік наградалар туралы түзетулерге қол қойып, жаңа заң күшіне енді. Одан бөлек, бірнеше маңызды мәселе бойынша жоспар бекітілді. Олар: жастар саясаты тұжырымдамасы аясында жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен кредит беру; Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын насихаттау жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары; Қазақстанның Ақпараттық доктринасын іске асыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары; Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары; Ал лудоманияға қарсы күрес туралы заң Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданды», деді Мемлекеттік кеңесші.
Ал осы құрылтайда көтеріліп, кейіннен іске асқан бастамалардың бірі - «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе беріліп, елімізде «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылғаны да ауыз толтырып айтарлық нәтиже.
Айта кетейік, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жыл соңына дейін қабылданатын тоғыз заңның қай-қайсысы да маңызды екенін ескертті.
Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы
Мемлекеттік комиссия Президент Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған болатын. Ерлан Қарин басты мақсат – XX ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі зерттеу-іздеу, жинақтау-талдау жұмысын кешенді әрі жүйелі түрде жүргізу екенін айтады.
«Еліміздің барлық аймағында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жергілікті комиссиялар құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым, зерттеуші мен сарапшы еңбек етті, оның 260-тан астамы аймақтық комиссияның құрамында болды. Елдің барлық аймағындағы 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивтегі материалдар зерттелді. 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адам ақталды. Зерттеу нәтижесін ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін Мемлекеттік комиссия материалдарының 72 томнан тұратын жинағы бір сериямен баспаға дайындалды. Алдағы уақытта саяси қуғын-сүргінге қатысты зерттеу жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырады», деді Мемлекеттік кеңесші.
Айта кетейік, 2 жыл ішінде осы Орталыққа репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілген.
«Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін»: академиялық басылым жарық көрді
7 томдықты әзірлеу туралы бастама Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көтерілген еді. Көп ұзамай жобаға 5 ғылыми институт пен еліміздің 250-ден астам, шетелдің 60-тан астам тарихшы ғалымы жұмылдырылған. Көптомдыққа 40-тан астам археологиялық зерттеу материалдары мен тарих, археология, этнография бағытындағы 300-ге жуық басылым енеді. Академиялық басылымды дайындау барысында халықаралық форумдарда, ғылыми конференцияларда, дөңгелек үстелдер мен әдістемелік семинарларда секциялар өткізілді. Ерлан Тынымбайұлы осы шаралардың аясында ғылыми зерттеулердің нәтижелері тексеріліп, ғалымдардан, сарапшылар мен мамандардан ұсыныстар алынғанын атап өтті.
ҚР ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысы
2023 жылы ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле кейінгі 10 жылда алғаш рет Қазақстанға сапар жасады. Мемлекет басшылығының шешімімен Парижде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі қайта ашылған болатын. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы ұйымның Аймақтық көпсалалы кеңсесі ретінде қайта құрылды. Айта кетейік, бұл Алматыдағы кеңсенің аймақтың 7 елін үйлестіруіне мүмкіндік береді. Олар: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан және Иран елдері.
«2023 жылы Алтын-Емел Ұлттық паркі мен Барсакелмес қорығы «Тұранның қысқы суық шөлдері» атты трансұлттық номинациясының құрамдас бөлігі ретінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енді. Маңғыстаудағы Үстірт қорығы мен жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның мәдени және табиғи мұрасы тізіміне енгізу дайындығы жүріп жатыр. Жұмыстың маңызды нәтижесінің бірі – Қазақстанның ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетінің 2023-2027 жылдардағы мүшесі боп сайлануы», дейді Ерлан Қарин.
ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес
2022 жылы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы мен жұмыс тәртібі толық жаңартылды. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға тұжырымдамалық түзетулер енгізіліп еді. Ерлан Қарин мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенін алға тартты. Оның айтуынша, Кеңес мүшелері «Қазақстан жастары» Ұлттық баяндамасының дайындығына қатысады. Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген. Сондай-ай, Мемлекеттік кеңесші заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі Кешенді жоспар дайындалып жатқанын да атап өтті.