Екінші ай қатарынан өткізіліп келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясы Шымкент қаласында да игі жалғасын тауып келеді.
Айталық, қаладағы Абай ауданында бірқатар экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі Темірлан тасжолында орналасқан гүлзар айналасы тап-тұйнақтай тазаланды. Оған бас-аяғы жүзден аса тұрғын қатысты. Олардың ішінде кәсіпкер, зиялы қауым өкілдері, жастар, еріктілер бар. «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ұранмен өткен іс-шарада ағаштар бұталып, түптері әктеліп, өскен шөптер орылып, егілген гүлдер суарылып, қоқыстар сыртқа шығарылды.
Әйелдер істері жөніндегі гендерлік комиссия мүшесі, қоғам белсендісі Орынша Таджибаева да табиғатты таза ұстау, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әр адамның міндеті, дейді. Осы ретте барша тұрғындардан еңбекті бағалауды, көлікте немесе жаяу кетіп бара жатқанда жол-жөнекей қоқыс тастамауды сұрайды.
Осылайша, Абай ауданында өткен тазалық іс-шарасына 250-ден аса адам қатысты. Өз кезегінде бұл акция тек тазалық жұмыстарына емес, сонымен бірге тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлық сезімін оятуға, сол арқылы қаланың келешек санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды.
Ауқымды іс-шара әл-Фараби ауданына қарасты Ә.Жангелдин көшесі бойындағы №28, 30, 32 көпқабатты тұрғын үй аумақтарында жалғасын тапты. Бұл үйдің тұрғындары тазалық жұмыстарына білек сыбана кірісті. Олар, әсіресе өз аулаларындағы ағаштардың түптерін әктеп, айналасын бұтап, шөптерін отап, іші қоқысқа толып қалған ирригациялық арықтарды тазалап, ойын алаңқайлары мен орындықтарды сырлады. Халықпен бірге айналаны тазалауға аудан ардагерлері де шықты. Оларға белсенді жастар қолғабыс көрсетті. Коммуналдық қызметкерлер игі істен шет қалмады.
Іс-шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Наштайұлы Президентіміздің «Таза Қазақстан» акциясының науқандық іс-шара еместігін, бұған әрбір қала тұрғыны бейжай қарамай тазалық мәдениетінің өзімізден бастау алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ тұрғындарды өз аулаларын таза ұстауға шақырып, жастардың тазалық әдебін сақтауға баса назар аудару керектігін еске салды.
Бұл күні Қаратау ауданына қарасты «Нұрсәт» шағын ауданындағы «Астана» гүлзарында 400-ге жуық тұрғынның атсалысуымен кезекті тазалық жұмыстары өтті. Тазалау жұмыстары мұнда да өз жалғасын тапты. Адамдармен бірге он шақты техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, жалпы көлемі 50 тонна қоқыс шығарылды, 3 мың метрге жуық қоршаулар боялып, 500 кг сырлау материалы пайдаланылды.
Айта кету керек, көгалдандыру бойынша санитарлық жұмыстар Қаратау ауданының барлық елді мекенінде көктемнің бірінші күнінен бастап жүргізіліп келеді. Ал Бадам өзені жағалауындағы тазалық жұмыстарына Тұран ауданының тұрғындары мен коммуналдық сала қызметкерлері, сондай-ақ эко-белсенді жастар көбірек атсалысты. Өйткені шаһардың солтүстік-батыс аумағын бойлай ағатын Бадам өзені шымкенттіктердің бір сәт тынығатын жері әрі өзен маңын жағалай қоныстанған елді мекендер егіндік пен бау-бақшаларына суды осы өзеннен алады. Акция барысында адамдар өзен жағалауына жиналып қалған қоқыстарды тазалады. Судың арнасымен ағуына кедергі келтіріп тұрған тұрмыстық қалдықтарды алып тастап, су көздерін аршыды. Осы тазалық іс-шарасы барысында қаладағы «Қасірет» мемориалы айналасы мен Орталық саябақтың ішіндегі ескерткіш маңайы арам шөптер мен қоқыстан тазаланып, абаттандырылды.
ШЫМКЕНТ