Атырау облысындағы трассада екі көлік соқтығысып, 4 адам ауруханаға жеткізілді. Оның бірі – көлік жүргізушісі, деп жазады Egemen.kz.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 29 мамыр күні болған.
«Күндізгі сағат 16:30 шамасында Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолының 406-шақырымы тұсында екі көлік соқтығысты. Көліктің бірі – Нива, екіншісі – Toyota. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 4 адам түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккендердің арасында Нива автокөлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы бар. Зардап шеккен тағы бір жолаушы Toyota автокөлігінде болған. Түрлі дене жарақатын алған 4 адам Мақат аудандық орталық ауруханасына жеткізілді», - деп мәлімдеді полицейлер.
Қазір Мақат аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс құжаттарын жинақтауда.