Қызылорда облыстық прокуратурасы қылмыстық құқықбұзушылық профилактикасына ерекше назар аударып, жергілікті құқық қорғау және атқарушы органдар жұмысын тиісті дәрежеде үйлестірудің нәтижесінде аймақта қоғамдық-саяси ахуал тұрақталып, қылмыс деңгейі төмендеп келеді.
Сала бастамасымен қылмыстың алдын алу бағытында прокуратура, полиция және пробация қызметкерлерінен құралған арнайы топтар құрылып, қылмысқа бейім тұлғалардың тәуекел тобы анықталды, олармен тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 20, тонау 6, қарақшылық 100, ұрлық 25, мал ұрлығы 14, есірткі қылмыстары 7 пайыз төмендеді.
Облыс прокуроры Ризабек Ожаров мәлім еткендей, тиісті орган өкілдерінің қатысуымен азаптауды болдырмау бағытында кеңейтілген форум ұйымдастырылды. Азаптауды болдырмау және азаматтардың конституциялық құқын сақтау мақсатында барлық қылмыстық қудалау органдарына бейнебақылау камералары қойылды. Сонымен қатар облыс орталығында прокуратураның бастамасымен «Тергеушілер слеті» өткізіліп, оған тергеу және анықтау саласының жас мамандары, сот, адвокатура, кәсіби сарапшылар, күштік құрылым басшылары, сала ардагерлері мен ғалымдар қатысты.
«Жиында қылмыстық іс жүргізу мен сот тергеуі кезіндегі кейбір кемшілік сөз болды. Тергеу саласының мамандары мен ардагерлері озық тәжірибелерімен бөлісті, жас буынға ақыл-кеңестерін айтты. Қызылорда облыстық полиция департаментінің арнайы жаттығу алаңында білікті тергеушілер жас мамандарға кісі өлтіру, пәтер ұрлығы және жол көлік оқиғасы қылмыстары бойынша оқиға орнын қарап, тексеруден шеберлік сабақтарын өткізді», дейді Ризабек Кәрімұлы.
Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты 3 мекеме бейнебақылау камераларымен толық қамтылған. Жергілікті бюджеттен ұялы байланысты бұғаттау құралдарына 200 млн теңге бөлініп, оған алынған құрылғы ақша қаражаттарының онлайн-транзакциясын бұғаттауда оң нәтиже көрсетті.
Биыл прокуратура 123 мың азаматтың құқын қорғап, 560 млн теңгеден астам қаржының мемлекет пайдасына өндірілуіне қол жеткізді. Облыс тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін «Арал» салынып жатқан кәсіпорындар бірлескен дирекциясы филиалының былтыр тарифтік сметаны 460 млн теңгеге орындамағаны белгілі болды. Енді мекеме осы соманы тұтынушыларға қайтару үшін тарифті түсіруі керек. Прокуратураның уәкілетті органға енгізген ұсынысына орай филиалға 6 млн теңге айыппұл салынып, алдағы уақытта тариф 30 теңгеге төмендейтін болды.
«Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының да ұзақ жыл бойы қоршаған ортаға эмиссия төлемақысын төлемей келгені анықталды. Прокуратура енгізген қадағалау актісімен мекемеден бюджетке 357 млн теңге өндірілді. Жер саласындағы бұзушылықтарға байланысты 5 ұсыныс енгізіліп, 9 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Кадастрлық құны 23 млн теңге болатын 21 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.
Кәсіпкерлікті қорғау саласында да прокуратураның «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, бизнес саласы өкілдерімен диалог орнатуы көптеген заңсыздықты болдырмауға сеп болып отыр. Осының арқасында жалпы құны 725 млрд теңге болатын 10 инвестжоба бойынша кедергі мен бұзушылық жойылды. Өңірдегі 2300-ден астам кәсіпкердің құқы қорғалып, 17 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Тексеру кезінде тиісті органдардың «Сырдария ауданындағы сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт» жобасы аясында 3 гектар жер учаскесін табыстаудың мерзімін кемітіп белгілеп, инвестордың құқығын шектегені анықталды. Облыс орталығында жылу орталығын салып жатқан «Акса энерджи» компаниясы да тиісті жер аумағын ала алмаған. «Шалқия цинк» кәсіпорнына профилактикалық бақылау жасағандар Кәсіпкерлік кодексі талаптарына қарама-қайшы келетін әрекетке барып, кәсіпкерге 112 млн теңге айыппұл арқалататын 19 хаттаманы негізсіз толтырған. Жаңақорған ауданындағы «Томат пастасы өндірісі» жобасы бойынша жер учаскесін табыстауда жердің санаты көрсетілмей, инвесторға негізсіз шығындар төлеу міндеттелген. Прокуратура ұсынысымен инвесторларға қатысты барлық шешім заңға сәйкестендірілді.
«Мемлекет басшысы аймақтарда инвестжобаларды іске асыруға ниетті кәсіпкерлер алдында кедергі көп болатынын баса айтты. Сондықтан да бизнесті қорғау, оның жүйелі проблемаларын анықтауға арналған жұмысымыз жалғаса береді. Бұл ретте аудандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесулер өткіздік. Осы бағыттағы мобильдік топ ұдайы жұмыс істейді», дейді облыс прокуроры.
Жуырда облыс әкімдігі мен прокуратура бірлесіп өткізген кеңейтілген отырыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі қаралды. Облыста балалардың қатысуымен жасалған ауыр қылмыстар, топтық төбелестер, басқа да құқықбұзушылықтар тыйылмай тұрғаны рас. Жиында осындай олқылықты болдырмас үшін ата-ана жауапкершілігін күшейтуге аса мән беру қажеттігі айтылды. Бұл бағытта полиция инспекторлары да жұмысын ширатқан жөн. Олардың есепке алынған балалармен тиісті профилактикалық жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізбеуі былай тұрсын, тәрбиелеу міндеттерін орындамаған ата-аналарды профилактикалық есепке алмағаны да анықталған. Оның соңы басқа да қылмыстарға, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтарға соқтырып отыр. Жақында ғана Шиелі ауданында болған балалар арасындағы қақтығыстан бір жасөспірім қайтыс болды. Қазір осы іс бойынша сараптама тағайындалып, тергеу басталып кетті. Облыс прокурорының айтуынша, мұндай істер оның жеке бақылауында болады.
Прокурорлардың ұйымдастыруымен ақсақалдардың, жергілікті атқарушы орган, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста Ардагерлер және Әйелдер кеңесімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның аясында отбасында жүйелі түрде жанжал шығаратын 336 адамның тізімі жасалып, әрқайсысымен жеке-жеке профилактикалық жұмыс жүргізіліп, құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, медициналық көмектер көрсетіліп жатыр.
Аймақта берекесін сақтап, өзгелерге үлгі болып отырған елді мекендер де аз емес. Мысалы, кейінгі 2 жылда өңірдегі 144 ауылдық округтің 49-ында ешқандай қылмыс тіркелмеген. Осылардың арасындағы 18 ауылдың дүкендері арақ-шарап сатудан бас тартыпты. Бұл да оқыс іске ойланбай барып, опық жеп қалатындардың қатары азаюына сеп.
Осы себептен де прокуратура «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі» қанатқақты жобасын іске қосып, бастама жергілікті ақсақалдар, әкімдік, полиция, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер тарапынан қолдау тапты.
ҚЫЗЫЛОРДА