• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жәдігер 31 Мамыр, 2024

Жансүгіровтің жейдесі

88 рет
көрсетілді

Жетісудың төрінде бір рухани шаңырақ болса, ол – Жансүгіров музейі. Биыл Құлагер ақынның туғанына 130 жыл. Осы ретте­ әдеби мұражайына барып, қаламгер рухына тағзым еттік. Әрі сонда сақталған құнды жәдігерлерді көзбен көріп, көңіл бір ­босады. Солардың бірегейі – ақынның жейдесі мен төлқұжаты. Сонау мұңлы жылдардың жаңғырығындай осы заманға жеткен бағалы заттар есті естеліктің куәсіндей.

Талдықорған шаһарында сәулеті келіскен қара­ғай­лы үйде қайбір заманда ақынның өзі қызмет бабымен келіп-кетіп тұрған, кейіннен жеке музейіне айналды. Оны басылым бетін­де бұрынырақ оқырманға жеткізгенбіз. Бұл қос жәдігердің де талайлы тағдырынан хабардар болуыңыз да мүмкін. Дегенмен кейбір мәліметтерді толықтырып, қай­та сараптап жазғанды жөн көріп отырмыз. Аумалы-төкпелі заман­да Ілияс елінен айырылған досы Мейір­ман Ермектасовқа жейдесін сыйға тартады. Бүгінде ол қос жерлестің шынайы достығының айғағындай музей экспозициясында тұр.

Аталған жәдігер осыдан 8 жыл­ бұ­­рын музей қорына түседі. Ақсу­­­­­лық айтыс­кер ақын Бекболат Атам­баев арнайы сыйға береді. Оның айтуынша, 1921-1924 жылдары Ілияс Жансүгіров «Мама­ния» мектебі басшыларының бірі Мейір­ман Ермектасовтың үйінде тұрған. Екеуі елді аралап, Мұзбұлақ, Күреңбел таула­рында ит жүгіртіп, құс салып, аң аула­ған. Олардың айнымас дос, сертке берік серік болғаны туралы әңгімелер әлі де ел аузында жүр.

Қылышынан қан тамған қасі­рет­ті жылдары сталиндік қуғын-сүргін қос достың артына түседі. Бұл өткелден айналып өтпесін білген Мейірман елден кетуге бел байлайды. Көштен қалмай, отбасын алып Қытайға бағыт алады. Туған жерге деген сағынышын басу үшін өзімен бірге ақынның бір кездері сыйға тартқан жейдесі мен аманат еткен арабша төте қаріптегі қолжазбасын ала кетеді. Кейін ел тынышталып, сталиндік билік аяқталған соң жары Алтын апамыз туған топырағына оралады. Өзімен бірге жолдасы аманаттап кеткен ақын мұрасын арқалап келеді. Әйтсе де ол тұста Жансүгіров ақталмаған еді. Бертін келе 1985 жылы ақынның мұрасын ауылдасы Бекболатқа табыстайды. Талай жылдар бойы сақталып келген бағалы жейде, осылайша ақынның қарашаңырағына қайтады.

«Жансүгіров мұрасы – сарқыл­майтын теңіз, алынбайтын қамал. Қаншама жазбасы әлі архивте жатыр. Оны жеке ғылым ретінде де қарастыруға болады. Мәскеуге барған сапарымызда балаларға арнал­ған жинағын таптық. Ішін ашып қарасақ, тура бүгінгі күннің сабақ жос­парына сай жинақталған. Кішкентай оқу­шыға бәрі түсінікті, суреттері балаларды бірден елітіп әкетеді. Біз жас ілиястанушыларды даярлауымыз шарт. Себебі қаламгер қазы­насы әлі толық табылған жоқ», дейді ілиястанушы Мұрат­бек Иман­ға­зинов.

Оның айтуынша, музейдегі ең құнды жәдігерінің бірі – ұлы ақынның қолының табы қалған 1936 жылы 11 шілде күні бе­ріл­ген төлқұжаты. Қылмыстық іс ішін­­дегі түпнұсқа 2 фотосуретті «алды­нан, жанынан түсірілген (профиль және анфас)» музей қорына алынуына мұ­рын­дық болған Алматы облыстық ішкі істер департаментінің ақпарат­тық-ана­ли­ти­калық орталығы бас­шысының орын­­ба­са­ры полиция полковнигі Жанар Тұр­ған­­бе­кова.

1980 жылдан кейін табылған тарихи төлқұжат алғашында НКВД қабыр­ға­сында сақта­лып, артынан Ішкі істер депар­таментіне берілген. Сол жердегі көзі қарақты, көкірегі ояу, жанашырлық таныт­қан­ қызметкерлердің бұл игілікті ісіне тәнті боласыз. Төлқұжатты ұлы ақындікі екенін танып, әдеби музейге табыстауға асыққан.

Төлқұжаттың мұқабасында кеңес өкіметінің елтаңбасы және алты тілде жа­зылған «паспорт» деген сөз бар. Келесі бе­тіне ауыссаңыз, «паспорт 1941 жыл­дың 11 шілдесіне дейін жарамды» деген бөлім бас­талады. Одан кейінгі жолдарда «Джансугуров Ильяс» деп басталып, «1894 жыл ауыл №4, Ақсу ауда­ны, Алма­ты облысы, ұлты қазақ, әлеу­меттік жайы қызметкер, тұр­ғы­лықты жері Алма-Ата қаласы» деп таңба­ланған. Әрі қарай әскерге қа­тысы жоқ екені айтылып, Ілиястың қол­­таңбасы қойылған. Төл­құ­жаттың ең төменгі жолында «АЕ№503124» деген әріп аралас сандар беріл­­­­ген. 3-бетінде құжат иесінің отбасы жазыл­ған.

Бірінші жолда 1930 жылы туған ұлы Азат, екінші жолда қызы 1933 жылы туған Үміт жазылса, үшінші жолда 1935 жылы туған қызы Ильфа, төменгі жолда пас­порт үстелі бастығының қолы тұр. Үшінші бетте түгелімен Ілиястың аты-жөні, туған жылы, тіркелген жері жөніндегі мәлі­мет ла­тын қарпімен жазылған. Қал­ған бет­те­рін­де ақын жөнінде нақты мәлі­мет, отба­сы туралы толық ақпарат латын қарпі­мен толтырылған. Ең соңғы 31-бетте Ілиястың тұрғылықты жері тура­лы нақ­ты ақпар бар. Алып ақынның мұра­сын қол­мен ұстап көрген адам ұзақ уақыт ой үстін­де жүретіні анық. Қазақты Ілияс­ша сүй­г­ен ақындар аз. Бар мұрасы музей­дің құнын артырып, оқырманға ой салып­ тұр.

Жанынан және алдынан тү­сі­ріл­ген фотосуретте Ілиястың қат­ты азап шегіп, қасіретке байлан­ған келбеті түсірілген, арып-ашқан, шашы мен сақал-мұрты өсіп, көзін басқа жаққа бұрады. Үстіне киген жейдесінің аса қонымсыз екенін аңғаруға болады. Бұл сурет Ілиястың қылмыстық ісінен алынған. Бұл сонымен бірге түпнұсқа екендігін айта кеткен жөн.

 

Жетісу облысы