Еліміздің 3 мыңнан аса кәсіпорны Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандартын енгізді. 2019 жылдан бастап 7 негізгі ережені көздейтін «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын жандандыру жұмысы басталды. Қазір 536 кәсіпорын осы тұжырымдаманы қолдап отыр.
Ел кәсіпорындарында 18 мыңнан аса өндірістік кеңес жұмыс істейді. Онда 24 мыңнан аса еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор бар. 2023 жылы инспекторлар 112 мыңға жуық тексеру жүргізіпті. ЕҚжҚ талаптарының 142 мыңнан астамы бұзылғаны анықталып, оның 121 мыңы жойылған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз жиынында Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, мемлекеттік бас еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтып берді.
Оның айтуынша, Еңбек кодексіне сай құрылыс алаңында бір мезгілде бірнеше ұйым жұмыс жүргізген жағдайда олардың еңбек қауіпсіздік талаптарын сақтау жұмысын бас мердігер жүзеге асырады деген норма енгізілді. 258 кәсіпорын осындай бақылау моделін қабылдады. Талаптардың бұзылуын алдын алу, қадағалау және оны болдырмау мақсатында еліміздің 3 214 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі стандартын енгізді.
«hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында орналастырылған «Онлайн еңбек консультанты» функционалы жұмыс істейді. Онда жұмыс беруші еңбек инспекторын алмастыратын, интерактивті режімде жоспарланған немесе орындалған рәсімдерді тексеретін қызметке жүгіне алады», деді спикер.
1 мамырда мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 366 тексеру жүргізіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, халықты жұмыспен қамту саласында 3 199 заң бұзушылықты анықтаған. Жұмыс берушілерге 1 409 ұйғарым беріліп, 177 млн теңгеден аса қаражат көлемінде 1 780 айыппұл салынды. 241 арнайы тергеу жүргізіліп, 37 қылмыстық іс қозғалған.
Қазір жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселесінде жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы ұжымдық-шарттық қатынастарға баса назар аударылады. Ірі және орта кәсіпорындардың 97%-ында ұжымдық шарттары бар. Болашақта бұл құжаттар жұмыс берушілердің әлеуметтік кепілдіктерін бақылау үшін электрондық форматқа ауыстырылмақ.
Бас еңбек инспекторының айтуынша, биыл елімізде 496 адам зардап шеккен. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 16,7%-ға артық. Сондай-ақ 59 адам қаза тапқан. Бұл да былтырғы көрсеткіштен артық. Жарақаттанудың жоғарғы деңгейі – Қостанай, Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында тіркелген. Зардап шеккендердің көп бөлігі тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында (17%), құрылыс саласында (13%) байқалады.
«Статистикаға сенсек, 2023 жылы зерттелген 1,69 млн қызметкердің 519 мың жұмыс орны зиянды және қауіпті болып шықты. Заңға сәйкес, мұндай жағдайда жұмысшыларға жұмыс беруші кепілдік пен өтемақы береді. Оған жұмыс уақытының қысқаруы, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы және жалақының жоғарылауы, сүт беру, емдік және профилактикалық тамақтану кіреді. Мәселен, былтыр 697 мың қызметкер 255 млрд теңге мөлшерінде зиянды жағдайдағы жұмысы үшін өтемақы алды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 23%-ға артық», деді бас инспектор.
Өндірістік жарақаттану себебінің бірі қауіпсіз еңбек ережелерін оқытудағы кемшіліктер дейді маман. Жазатайым оқиғалардың 20%-ы білікті маман тапшылығы болса, жауапкершіліктің болмауынан екен. Бұл мәселені шешу мақсатында оқу орталықтарына қойылатын талаптар күшейтіліп, бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құрылмақ.
Министрлік жанынан 2021 жылдан бастап бақылау орталығы жұмыс істейді. Т.Оспанқұловтың айтуынша, бақылау орталығы жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштерін, құзыретті органдардың жедел ақпаратына, еңбек ұжымдарындағы ахуалға талдау жүргізеді.
Жыл басынан бері еліміздегі 127 кәсіпорынға осындай бақылау жүргізіліпті. Нәтижесінде, 50 кәсіпорында бір проблема шешілген көрінеді.
«Қазір 77 кәсіпорында бақылау жүргізіліп жатыр. Биыл еліміздегі 13 кәсіпорында ереуіл болды. Қызметкерлердің негізгі талаптары – жалақыны көтеру. «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйлықақы алу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу. Сондай-ақ наразылықтардың туындау себептерінің бірі сервистік компаниялардың келісімшарттары қысқа мерзімділігіне байланысты болып отыр», деді спикер.
Биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары 126 кәсіпорында 1,5 млрд теңгеден аса қаражат көлемінде 9,7 мың қызметкер жалақысын алмағанын анықтапты. Сөйтіп, оның 8,1 мыңының құқы қорғалды. Оларға 890 млн теңге төленіпті. Жұмыс берушілерге 170 млн теңгеден аса қаражат көлемінде 1 780 әкімшілік айыппұл салынды.
Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша тетігі ретінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Оны 55 жасқа толған және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 7 жыл аударылған қызметкер алуға құқылы. Төлемнің негізгі шарты – зиянды еңбек жағдайында жұмысты тоқтату.
Т.Оспанқұлов қызметкер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем алатынын жеткізді.
«4 сәуірге дейін 4 183 адам 665 млн теңгеден асатын арнайы төлем алды. Арнайы әлеуметтік төлемге байланысты бірқатар нормаға қоса, «Қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңда еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында жұмыс берушілердің алдын алу шараларына жұмсаған шығындарын өтеу жөніндегі нормалар енгізілді. Яғни жұмыс берушінің сақтандыру компанияларынан қауіпсіздік жөніндегі қызметкерлердің білімін арттыруға түсетін қаражаттың 6%-ы шегінде, сондай-ақ оңалту шараларына жұмсалған шығыстарды төленген сақтандыру сыйлықақысының 6%-ына дейін өтеуді талап етуге құқығы бар», дейді ол.
Елімізде 2024-2030 жылдарға арналған Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді. Ол еңбек адамының құқын қорғауға қатысты әлемдік озық талаптарға сай жүйелі жұмыс жүргізудің жаңа тәсілдерін қамтиды.