«Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларының шетелдік серіктестері Қазақстандағы су тасқынына қарсы күреске қаражат бөлді.
Биылғы көктем елімізге оңай соқпады. Байтақ еліміздің әр өңірі қиын қыстау кезеңді бастан өткеріп, тілсіз жау – тасқыннан зардап шекті. Қиындық біріккенде еңсерілетіні мәлім. Бұл орайда елде болған табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарынан қор да қалыс қалмады. Атап айтқанда, қорға қарасты портфельдік компаниялар мен олардың шетелдік серіктестері көмек ретінде арнайы қаражат бөлді және бұл игі істі әлі де жалғастырып жатыр.
Осыған дейін қор және компаниялар тобы атынан 15 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Сондай-ақ қордың корпоративтік орталығы, «ҚазМұнайГаз», «Қазатомпром», «Қазақстан темір жолы», «QazaqGaz», «KEGOC», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» секілді өзге де портфельдік компаниялар гуманитарлық көмектер жөнелтіп, күрделі жағдайға тап болған өңірлерге арнайы техникалар бөлді. Ал азаматтарды қауіпсіз аймақтарға көшіру үшін арнайы әуе тарифтері енгізілді. Қор қызметкерлері қорғаныс бөгеттерін нығайту, инфрақұрылымдарды қайта жөндеу жұмыстарына жұмылдырылды. Бұл жұмыстар су қаупі сейілмеген аймақтарда әлі де жалғасып жатыр.
Қазіргі кезде көмек көрсетушілердің қатарынан «Самұрық-Қазына» АҚ шетелдік әріптестерін көруге болады. Атап айтқанда, әлемдегі ең ірі уран өндірушілердің бірі канадалық «Cameco» компаниясы – 150 млн теңге, жапондық «Marubeni» сауда компаниясы – 14,1 млн теңге және қытайлық «CGN» атом компаниясы 221 млн теңге көлемінде «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорына қаражат аударды. Аталған кәсіпорындар – «Қазатомөнеркәсіп» АҚ шетелдік серіктестері.
«Қазатомөнеркәсіптің» өзге де бірқатар ірі шетелдік серіктестері алапат тасқынның салдарын жою үшін қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Катко» қазақстандық-француздық бірлескен кәсіпорны, Ресейдің атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік «Росатом» корпорациясы, Францияның «Orano» атом компаниясы, Қытайдың «CGN» атом компаниясы және жапондық «Sumitomo» секілді ірі компаниялар бар.
Сондай-ақ мұнай-газ саласындағы ұлттық оператор – «Қазмұнайгаз» АҚ-ның серіктесі румындық «Rompetrol» компаниясы да зардап шеккен жерлестерімізге қолдау көрсету үшін 45 млн теңге аударды.
Қазіргі кезде қордың шетелдік серіктестері де еліміздегі жағдайға байланысты барынша қолдау көрсетуге ниет білдіріп отыр.
Жиналған қаражат қордың Бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» арқылы көктемгі қарғын судан зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру және тұрғындардың жағдайын оңалту жұмыстарына жұмсалатын болады.