• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 31 Мамыр, 2024

Алматының маңында ірі мегаполис қалыптасуға тиіс

90 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында Алатау қаласындағы 900 орындық жаңа мектеп құрылысының жұмысымен танысты.

Жыл соңына дейін 3 мың шаршы метр алаңда орналасқан жаңа білім беру нысанын пайдалануға беру жос­парланып отыр. Бүгінде нысанның іргетасы мен монолитті қаңқасын орнату жұмыстары аяқталған. Мектеп қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, құрылыс және білім беру саласындағы соны технология­лармен жабдықталады. Үкімет басшысы құрылыс жұмыстарын белгілен­ген мерзімде сапалы жүргізудің маңыз­дылығын баса айтты.

Елімізде 2024-2025 жылдар аралы­ғында Ұлттық жоба бойынша барлығы 369 мектеп ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Алматы облысында 2024-2025 жылдары 53 жайлы мектеп са­лы­нады. Биыл 600-ден 1 500 орын­ға д­е­­йін­­гі сыйымдылығы әртүрлі 26 жай­­лы мек­­­тепті пайдалануға беру жос­парланған.

Ұлттық жобаның шарттарына сәйкес, барлық жайлы мектептер оқушылар мен педагогтер үшін жоғары қауіпсіздік шараларын, тиісті инфрақұрылымды және қолайлы жағдайды қамтамасыз ете отырып, бірыңғай стандартқа сай салынды.

Премьер-министр жаңа жобалар әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді жеделдетуді және салынып жатқан ғимараттарды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Бұл – Президенттің мегажобасы. Оның сапалы әрі уақытында іске асырылуын қатаң бақылауға алу қажет. Жайлы мектептердің құрылысы бала­лары­мыздың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауға бағытталған. Үкімет алдында 2025 жылдың соңына қарай 740 мың жаңа оқушы орнымен қамтамасыз ету міндеті тұр. Құрылыс жұмыстарын жоғары қарқынмен жүргізу қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр Қонаев қаласын дамыту жөніндегі ұзақ­мерзімді жоспармен танысты. Үкімет басшысы сондай-ақ Арнайы экономикалық аймақ аумағында ірі жобаларды іске асыру мәселесі бойынша Алатау қаласы әкімінің баяндамасын тыңдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қонаевтың дамуы жоғары экологиялық, «ақылды» қала тұжырымдамасына сәйкес келуге тиіс. Үкімет бекіткен Кешенді даму жоспарында 2023-2027 жылдар аралығында 187 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Қаланы абаттандыру, көлік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды салу жөніндегі жобаларды іске асыруға мемлекеттік бюджеттен де, жеке сектор тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетіледі. 

Алматы облысының әкімі Марат Сұл­танғазиев баяндағандай, Қонаев қаласында абаттандыру жұмыстары бел­­сенді жүргізіліп келеді. 2023 жыл­дың қоры­тындысы бойынша 106 км ин­женерлік инфрақұрылым, оның ішінде 19 км автожол, 61 км электр беру желілері, 26 км сумен жабдықтау және су бұру желі­лері жөнделді. Тұрғын үй орамдары қарқынды дамып келеді – 610 пәтерлік 10 үй салынды, 2023 жылы 15 үйдің құрылысы басталды, 2024 жылы 32 үй басталады деп жоспарланып жатыр. Барлығы – 1 400 пәтерлік 47 үй. Қазіргі уақытта 13 инвес­тициялық жоба жүзеге асыры­лмақ. Жалпы пул жобасында 5 мың жұмыс орнын ашумен, капитал салым­дарының барлық көлемі 470 млрд теңге болатын 23 перспективалық ұсыныс бар.

Биыл халықтың өсіп келе жатқан қа­жет­­тіліктерін ескере отырып, абаттан­ды­ру бойынша ауқымды жұмыстар жоспар­ланған. Олардың ішінде «Алматы-Өскемен» тасжолы құрылысының тех­ни­ка­лық-экономикалық негіздеме­сін әзірлеу, «Жаңа Іле» шағын ауданында көше жолдары желісін тарту, жаңа тұрғын алаптарға коммуникациялар жүргізу жұмыстары бар. Алдағы 5 жылда қалада оқушы орындарының, зама­науи медициналық мекемелердің, мәдени және спорт нысандарының тапшылығы проб­лемаларын шешу көзделген. Мәсе­лен, Қонаевта кітапханасы бар 600 орын­ға арналған Оқушылар сарайы, Спорт сарайы, драма театры салынады. Онко­логия­лық және перинаталдық блоктері бар көпсалалы аурухана, ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана, 200 төсек-орынды инфекциялық аурухана пайдалануға беріледі. Freedom finance туристік саланы дамыту үшін инвестор ретінде әрекет етті: банк жаңа орналастыру объектілерін, қонақүй кешендерін салу бойынша 6 ин­вес­тициялық жобаны жүргізеді. Жалпы, Кешенді жоспар жоғары сапа стандарттарына сәйкес жаңа облыс орталығын дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Үкімет басшысы Алатау қаласы­ның жобасымен танысып, әкім Әркен Өтенов­тің Арнайы экономикалық аймақты дамыту келешегі туралы баяндамасын тыңдады. АЭА аумағында 96,6 мың гектарда жалпы сомасы 383 млрд теңгеге 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Олжас Бектенов қала әкімшілігіне әлеуметтік, инженерлік және тұрғын үй жобаларын сапалы іске асыруда жауапкершіліктің салмағы ауыр болатынын атап өтті. Үкіметтің қаулысымен Алатау қаласының Бас жоспары бекітілді, оған сәйкес жобалау шеңберінде құрылыстың биіктігі – қаланың орталық бөлігінен оның шекарасына қарай төмендету жолымен қалыптастыру қағидаты көзделген.

«Нәтижесінде, біз Алматының маңын­да туристік әлеуетті белсенді арттыра отырып, өнеркәсіптік, білім беру және логистикалық орталыққа айналатын ірі мегаполис құруды қамтамасыз етуіміз керек. Бас жоспардың әрбір тармағының іске асырылуын бақылауда ұстау, сондай-ақ бірінші кезектегі ірі жобаларды рұқсат құжаттамасымен қамтамасыз етуге қала аумақтарының егжей-тегжейлі жос­парлау жобаларын әзірлеуді жеделдету қажет», атап көрсетті О.Бектенов.