• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 31 Мамыр, 2024

Ғалам ғажаптары: Алғашқы ертегі

197 рет
көрсетілді

Өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін ғажайып ерте­гілердегі арыстан, мыстан, көжек­терден танып-білген адамдар қандай бақытты еді! Солар 6000 жыл бұрын өмір сүрген балақайлардың да дәл өздеріндей ертегі тыңдап өскендерін біле ме?

Тарихтағы ең көне ертегі «Темірші мен шайтан» болып шықты. Сюжеті Үндістаннан Скандинавияға дейінгі елдердің бәрінде шамамен бірдей екен. Ертегіде кез келген темірді біріктіру күшіне ие болу үшін өз жанын зұлым жынға сатқан теміршінің өмірі баяндалады. Түйіні де қарапайым – ешқандай адам мансапқа сатылмау керек. Бар атақ та, күш те адал еңбекпен ғана келеді. Осынау ой адамзатты қола дәуірінен бері мазалағаны бізді де толғандырады...

 

Домалап жеткен мұратқа

«Бұрын, бұрын, бұрында Қаңбақ шал деген шал болыпты, мал мен басқа зар болыпты» деп басталатын ерте­гіні білмейтін қазақ жоқ шығар. Да­ла­ның төрт бұрышының арасында әрі-бері домалай жүрген қаңбақ шал бізге неге үлгі? 

Естеріңізде болса, ертегіде шалдан бөлек ақылы таяз, таудай Дәу, оған қоса сол санасыз алыптың өзі сенбейтін қу түлкі бар. Расында, бұлардың әрқайсысы өмірде кездесетін түрлі адамның бейнесін ашады. Білегінің күшіне ғана сеніп, білімге жарымаған «дәу жандар» да, оңды-солды бәрін алдап, ақыры өзін әш­кере қылған «түлкі жандар» да қаншама?

Жә, жаңағы шалға оралайық. Бізге кейде күлкілі, кейде үрейлі көрінген Қаңбақ шал – өзінің адал еңбегімен күнін көріп жүрген қарапайым ата екен. Бір қарағанда, дәрмен­сіз көрінгенімен, ертеңін үнемі ойлап, домалап жүріп мұратқа жетер осындай жандар ұнайды бізге! Сізге ше?

 

Жұртын жарылқағандар

Кедей Алдар көсе – халықтың қиялынан шықса да, әдебиеттегі әлеуметтік теңсіздік тақыры­бын қозғап, байлыққа деген көз­қарасты түбегейлі өзгерткен кейіпкер. Бірақ мұндай қаһарман қазақта ғана болмаған. 

Робин Гуд те – біздің Алдар Көсе сын­ды әлсіз жандардың жанашыры. Ал­да­рымыз шындықты мысқылмен түй­­­реп айтса, ағылшынның Робині қа­руы­мен нұқып айтқан. Екеуінің амалы бө­лек болса да, ниет пен мақсаты бір ғой, бас­тысы. Қызық, осындай кейіпкер біздің заманда өмір сүрсе, қандай тәсіл ойлап табар еді? Бүгінгінің адамдарына әлемнің бар байлығын тең бөліп берсе де, жеткізе алмайтын сияқты...

 

Дайындаған –

Әсем ЖАНАТОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті