• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 01 Маусым, 2024

«Қарлагта» туған Конрадтың тағдыр-талайы

271 рет
көрсетілді

Ел аумағындағы сталиндік лагерьлер жабылғалы 70 жылдан астам уақыт өткенімен, әлі де сол зұлмат заманға қатысты тың деректер табылып, музейлеріміз жаңа жәдігерлермен толығып жатыр. Ақмола облысындағы «АЛЖИР» мемориалды-музей кешені экскурсиялық-көрме бөлімінің басшысы Раиса Жақсыбаеваның айтуынша, өткен жылы Германияға сапар барысында ол қасіретті «Қарлагта» дүниеге келген Конрад (Николай) Райсс есімді қариямен танысыпты. Ол қазақ жерінде өмір есігін ашқан неміс азаматы мен оның анасы Лотта Райсстың шытырман тағдыры жайында «Egemen Qazaqstan» газетіне алғаш рет әңгімелеп берді.

– Раиса Рамазанқызы, ең алдымен өткен жылғы Германияға барған са­па­рыңыз және Конрад Райсспен қалай танысқаныңыз жайында айтсаңыз.

– 2022 жылы Германияның Сыртқы істер федералды министрі Анналена Бербок елімізге сапарлап келгенде «АЛЖИР» музейіне арнайы ат басын бұрған еді. Содан өткен жылы қыркүйек айында Берлинде өтетін «Германия тарихындағы ағартушылық жұмыс» атты халықаралық конференцияға қа­ты­су үшін маған шақырту жіберіпті. Міне, осы сапар барысында Конрад Райссты алғаш көріп, таныса келе, оның «Қарлагта» дүниеге келген «жерлесіміз» екенін білдім.

Айтуынша, ол 1946 жылы 28 сәуір­де өмір есігін ашыпты. 8 жасына дейін Қазақстанда тұрып, мектепке Қарағандыда барған. 2022 жылы мамыр айында қызы Анямен бірге германиялық туристер делегация­сы құрамында елімізге келіп, 68 жыл өт­кен­нен кейін «Қарлагқа» қайтадан табан тірепті. 1954 жылы анасы Лотта Райсс бостандық алып, Германияға баруға рұқ­сат еткен уақыттан бері бұл оның алғаш келуі. «Қазақстанда 31 мамырда сая­си қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтеді екен. Бұл мен үшін маңызды күн» деген ол, маған анасы Лот­та Райсстың «Проклятая и бесправная. Штутгарт – Базель – Москва... 16 лет Гулага и ссылки» атты мемуар кітабын сыйға тартты.

– Ендеше, әңгімемізді анасынан бас­та­йық, ол не үшін қуғынға ұшы­раған?

– Конрадтың анасы Лотта Райсс 1933 жылы Штутгарт көркем академиясында оқып жүргенде билік басына фашистер келеді. Содан ол КСРО-ға қашуға бел бай­лайды. Ол уақытта Лотта немістің бел­гілі драматургі әрі дәрігері Фридрих Вольфке тұрмысқа шыққан еді, екеуінің Лена есімді қыздары болған. 1934 жылы алды­мен Мәскеуге, кейін Еділ бойындағы неміс автономиялық республикасының орта­лығы Энгельске қоныс аударыпты. Өкінішке қарай, фашистік жүйеден қаш­қан ол 5 жылдан кейін коммунистік тер­рор­дың тырнағына ілігетінін білмеген еді.

Энгельсте Лотта неміс мемлекеттік ­театры мен мемлекеттік баспасында еңбек ете жүріп, жергілікті мәдени өмірге белсене араласады. 1935 жылы журналист Лоренц Лохтгофенге екінші рет тұрмысқа шыққан. Тұтқындалар алдында екеуінің Лариса есімді қыздары өмірге келеді. Жолдасы да өзі секілді коммунизм идеясының көзсіз жақтасы болатын.

1937-1938 жылдардағы «үлкен тер­рор­дың» тырнағына КСРО-да тұра­тын Германия азаматтары алғаш­қы­лар қатарында іліккен. Соның ішінде Лоренц Лохтгофен Германияда тұратын анасымен хат жазысқаны үшін құрықталып кете барыпты. Көп ұзамай «халық жауының» әйелі ретінде Лотта да алты айлық сәбиі Ларисамен бірге темір­торға тоғытылады. Бұл қуғын-сүргіннің бәрі «Германияның бас штабы мен гес­тапо еліміздегі немістерді пайдалана отырып, маңызды кәсіпорындарда, әсіресе қорғаныс кәсіпорындарында тыңшылық әрі диверсиялық жұмыстарды кең көлемде ұйымдастырып жатыр» деген желеумен жасалған. Мәдениет­танушы Хорст Грошопптың мәліметінше, КСРО-да ұлты неміс коммунистік партия мүше­лерінің 70 пайызы осындай айыппен қуғындалған.

– Сонымен Лотта Райсс қанша жыл­ға сотталған және «Қарлагқа» қашан келген?

– 1938 жылдың басында Лотта Райсс алдымен Энгельстегі түрмеде отырады. Бір жарым айдан кейін шақалақ сәбиі Лариса қайтыс болыпты. Тек 8 ай­ өткеннен кейін оны Қазақстандағы «Қарлагқа» апарған. Бұл кезде ауру мен аштық­­тан қалжыраған Лоттаның салма­ғы бар-жоғы 39 килоны құраса керек. Оған революцияға қарсы іс-әрекет жасадың деген жалған айып тағып, бес жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Жаза мерзімі 1943 жылы біткенімен, ол уақытта Германиямен соғыс жүріп жатқандықтан, тағы да белгісіз мерзімге лагерьде қалдырылады. Күн көру үшін жүк тасушы, есепші, құрылысшы, лаборант секілді жұмыстарды атқарып, арасында өз мамандығы бойынша суретші болып та еңбек еткен. Талай қиындықты бастан кешірген. Бруцеллез, безгек індеттеріне шалдыққан, омыртқасына зақым келген, қақаған қыста аяғы үсіп қалып, бірнеше бармағынан айырылған. Лагерьде сырттағы өмірде не болып жатқанын мүлдем білмеген тұтқындар, тіпті Германиямен соғыс басталғанын да естімепті. Сегіз жыл айдауда тентіреген ол күйеуі Лоренц Лохтгофенді қайтыс болды деп ойлайды. Алайда кейін анық­талғандай, екеуі де қуғын-сүргіннен аман қалған, бірақ қайта қосылмаған.

– Ұлы Конрад осы «Қарлагта» жүр­­ген кезінде туғаны белгілі. Оның әкесі кім?

– Ұлының дүниеге келген кездегі есімі Николай болатын. Ол 1946 жылы Долинка түрмесінің перзентханасында өмір есігін ашқан. Ал оның әкесі Қабарда князінің ұлы, сотталған Захар Халилов. 1946 жылдың тамыз айында анасы мен ұлы лагерьден босап шыққаннан кейін З.Халиловпен де байланыстары үзілген...

Лагерьден кейін басқа да кеңестік немістер секілді Лотта туған жеріне қайта алмай, ел аумағында «мерзімсіз уақыт айдауда» жүріпті. Кірпіш зауытында, балабақшада, ауруханада еңбек етеді. Тек Сталин өлгеннен кейін ғана 1954 жылдың қазан айында ұлымен бірге Германияға оралуға мүмкіндік алған. Айтпақшы, сол қиын жылдарда оған Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген дәрігері Хафиз Мақажанов қолдау білдіріп отырған деседі.

Бірақ отанына оралған ана мен бала­ның көрер құқайы мұнымен бітпеген екен. ГДР-де тұратын үйі мен туыстары болмағаны өз алдына, елдің арнайы қызметтері оны үнемі тексеруге алып, кеңес жеріндегі 16 жылға созыл­ған өмірі жайында ешкімге тіс жар­мауға мәжбүрлейді. Л.Райсс ресми құ­жат­тарда 1938-1954 жылдары кеңес одағы­ның денсаулық сақтау және ауыл шаруа­шылығы секторларында еңбек еттім деп жалған мәлімет береді. Алғаш келген кезде неміс тілін білмейтін ұлына да оңай болмаған. Анасы оның Николай есімін осы кезде Конрад деп немісшеге ауыстырады. Жоғарыда айтылғандай, ол мектеп табалдырығын Қарағандыда аттап, одан әрі оқуын Германияда жал­ғастырады.

Лотта Райсс 1963 жылы Саратов облыстық сотынан «қылмыс құрамының болмауына байланысты» ақтау туралы анықтама алған. 16 жылға созылған негізсіз қуғын-сүргін үшін өтемақы да алмаған, тіпті ешкім одан кешірім де сұрамаған. Ол кейінгі өмірінде мектепте орыс тілінен сабақ берген.

– Әңгімеміздің басында Конрад Райсстың сізге өз анасының мемуар кітабын сыйлағаны туралы айттыңыз. Соның тарихына тоқтала кетсеңіз.

– Иә, ГДР-де лагерьдегі өмірі тура­лы айтуға тыйым салынғандықтан, анасы ұзақ жылдар бойы іштен тынып жүреді де, тек 1990 жылы екі Германия қосыл­ғаннан кейін ғана шындықты айта бас­тай­ды. Содан 2002 жылы «Проклятая и бесправная. Штутгарт – Базель – Москва... 16 лет Гулага и ссылки» атты мемуар кітабын жазып бітірген. Конрад Райсстың айтуынша, кітапты басып шығаруға көп уақыт бойы мүмкіндік болмай, тек 2018 жылы ғана жарық көріпті.

Мен елге келген соң сол кітапты ашып қарап отырсам, ішінде анасы мен ұлының қолданған көне заттары, киімдері, т.б. суреттері басылыпты. Содан Конрадқа хабарласып, олардың мән-жайын сұрас­тырсам, осы жәдігерлердің бәрі өз қолында екенін айтты. Біз оның бәрін музей қорына беруін сұрадық. Ол аз уақыт ойланғаннан кейін келісімін берді. Осылайша, Берлиндегі Қазақстанның консулдығына хабарласып, оның мәдени бөлімінің жетекшісі Дәурен Ақбердиев­тің қолғабыс етуі арқасында Конрад Райсс­тың жеке заттары мен сурет-құжатта­рын елге алдырдық. Оның ішінде Лотта Райсстың ұлына арнап тіккен киімдері, салған суреттері, Конрадтың ойнаған ойыншықтары, т.б. бар.

Кеше, 31 мамыр күні «АЛЖИР» музе­йінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ашылған көрмеге осы заттардың барлығы алғаш рет қойылып, көрермен назарына ұсынылды. Бұлар енді музейіміздің экспонаты ретінде залымыздан орын алмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»