Теміртауда жаңа емхана мен отбасылық демалыс орталығын салу жоспарланды, деп хабарлайды Egemen.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Теміртау қаласында жеке қаражат есебінен азаматтар үшін маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады. Тұрғындарға жаяу қашықтықта медициналық көмек көрсету үшін үшінші шағын ауданда жаңа емхана ашу жоспарланды. Ал алтыншы шағын ауданда заманауи үлгідегі «Отбасылық демалыс және балаларды дамыту орталығы» салынады.
Көзделген жобалардың мән-жайы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа Теміртау қаласына жұмыс сапары барысында таныстырылды.
Емхананың құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Нысан қаладағы жұмыс істеп тұрған алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, 80-нен астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер, педиатрлар, терапевтер, акушер-гинекологтар, сондай-ақ арнайы мамандар қабылдауды жүргізеді.
Жаңа орталық жобасының бастамашыларының айтуынша, нысанның тұжырымдамасы отбасылық демалыстың заманауи тенденцияларына сәйкес әзірленген. Үйірмелер мен секциялардағы балалардың дамуы ата-аналармен бірлескен ойын арқылы жүзеге асады. Осы мақсатта интерактивті аттракциондарды салу көзделді. Ғимараттың дизайны футуристік, ашық түстермен ерекшеленеді. Орталыққа айына 15 мыңға дейін адам келе алады. Бұл нысанның ашылуы 2025 жылға жоспарланды.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті