Мәдениет және спорт министрлігі мұрағат істері және құжаттама комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ IT-компанияның директоры «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде ақпараттық жүйені әзірлеуге бөлінген 105 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған факті «құжаттардың бірыңғай электрондық мұрағаты» ақпараттық жүйесін техникалық сүйемелдеуге бюджет ақшасын бөлу және аудару арқылы, компьютерлік технологиялар саласындағы терминологияны қолдана отырып, орындалған жұмыстарға қайта аудару арқылы жүзеге асырылғандығы анықталды.
«Бұл ретте, техникалық тапсырманы мердігердің өзі әзірлеп, пайдалануға енгізді және кепілді техникалық сүйемелдеу бойынша міндеттемені қабылдады. Алайда, комитет басшылығы орындалған жұмыстарға бюджет қаражатын бөліп, оны орындалған жұмыстардың жалған актілері бойынша АЖ әзірлеушісіне қайта аударды. Ұрланған ақша қаражаты қылмыстық шығу тегін жасыру және заңды айналымға енгізу мақсатында сенімді тұлғаларға ресімделген қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға бағытталған», деп мәлімдеді ҚМА баспасөз қызметі.
Сот комитет төрағасының орынбасары мен IT-компания басшысын 6,5 жылға бас бостандығынан айыруға, келтірілген залалды өндіріп алуға, мемлекеттік сыйақылардан айыруға, коммерциялық ұйымдарда 7 жыл мерзімге мемлекеттік және басшы лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыруға үкім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті