85 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетіндегі тәрбие жұмысының бірегей көрсеткіші – жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет ашылған «Достық» студенттік ассамблеясы. 2004 жылы негізі қаланған бұл студенттік ассамблея университетімізде білім алушы славян, неміс, ұйғыр, татар, корей сынды 21 ұлттың студент жастарын бір шаңырақ астына біріктіруде және олардың өзара ынтымағы мен достығын нығайтуда маңызды рөл атқаруда. Студенттік ассамблея ұлтаралық татулық пен келісімді насихаттауға, Қазақстанда өмір сүретін ұлттардың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын құрметтеуді тәрбиелеуге ерекше мән береді. Ассамблея студент жастар арасында жаңа қазақстандық патриотизм мен достықты қалыптастыру мақсатында елімізде өмір сүретін түрлі ұлттардың мерекелеріне, мәдени құндылықтарына арналған көптеген іс-шаралар, флеш-мобтар өткізіп келеді. Ассамблеяны студенттер өздері басқарады. Ол студенттік демократияны дамытудың да оңтайлы тетігіне айналды.
Бүгінгі күні университеттегі «Достық» студенттік ассамблеясының өз орталығы мен арнайы жасақталған мұражайы оқу ордасында оқитын әртүрлі ұлт өкілдерінің үнемі бас қосатын және түрлі бағыттағы іс-шараларды үйлестіретін рухани орталығына айналып отырғандығын айрықша атап өткім келеді. Мұражай жыл сайын ассамблея қатарына келіп қосылатын студенттердің бастамасымен ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрінен, тарихы мен мәдениетінен хабар беретін жаңа мағлұматтармен, жәдігерлермен толықтырылып келеді. Мұражайда Алматы қаласындағы орыс, украин, күрд, ұйғыр, корей, неміс, чешен, түрік, поляк, белорус этностары мәдени бірлестіктерімен бірігіп, осы ұлттардың этнографиясынан, тарихынан, мәдениетінен, шаруашылығы мен дәстүр-салттарынан мол мәліметтер ұсынатын жекелеген көрмелер мен тұсаукесерлер, осы бағытта түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру жолға қойылған. Мұражай экспонаттары елдегі ұлттар мен ұлыстар өмірінің көрнекі бейнесіндей әсер қалдырады.
Университеттегі мұражай жұмысына «Қазақстан халқы Ассамблеясы» республикалық қорының төрағасы В.И.Гребнев, Қазақстандағы орыс, славян, казак қауымдастығы төрағасының орынбасары А.П.Чесноков, Алматы облыстық «Элефтерия» гректердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы Г.К.Иорданиди, «Қазақстан ұйғырларының мәдениеті» қоғамының төрағасы Ф.Т.Хасанов сынды тұлғалар үнемі өз көмектерін көрсетіп келеді. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы А.А.Хажалиев басқаратын чешен-ингуш мәдени орталығы, Н.Н.Осипенко жетекшілік ететін украин мәдени орталығы, О.Червинский басшылық жасайтын поляк мәдени орталығы сынды этномәдени бірлестіктер мен біздің студенттік ассамблея өзара тиімді байланыстар орнатқан.
Төле бидің «Жалғанда ойлап тұрсаң, бірлік керек, Бірлікті ойлау үшін тірлік керек» деген аталық өсиетін біздің студенттер жүзеге асыруда. 2006 жылы ассамблея мүшелері Астана қаласында өткен республикалық жастар форумына қатысты. 2008 жылы университеттің көшбасшы студенттерінің бірі, ассамблея мүшесі Айсят Балаева Қазақстандағы гендерлік саясат мәселелері бойынша Елбасы Н.Назарбаевпен болған кездесуге Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттері атынан қатысу құрметіне ие болды. Ол осы кездесуде университеттің тәрбие саласындағы тәжірибесі туралы айтып берді.
2012 жылдың 27 сәуірінде Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясына «Достық» студенттік ассамблеясының белсенді мүшелері, университетіміздің белсенді жастары – Зарина Талуенко, Зулихан Каримова, Оксана Гефттің делегат ретінде қатысуы – студенттік ассамблея қызметінің жақсы көрсеткіші. Осы сессия жұмысы барысында біздің университет пен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» республикалық қоғамдық қоры арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 2014 жылы Ассамблеяның кезекті сессиясының делегаты, университетіміздің студенті, «Достық» студенттік ассамблеясының мүшесі Владислав Цой елордада Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбындағы баяндамасын талқылауға қатысты.
Сессия қарсаңында біздің студенттік ассамблеяның 40 мүшесі Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар этномәдени бірлестіктері көшбасшыларының форумы жұмысына белсене атсалысты. Ассамблея жұмысын жандандыруда татар А.Сарафеева, белорус В.Садра, орыс Е.Молчанова, әзербайжан С.Юсупова, украин Е.Кирпиченко, корей А.Ким, ұйғыр К.Узер, тағы басқалар ерекше белсенділіктерімен көзге түсті. Осы форумда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жарасым» республикалық жастар қанатын құру туралы шешім қабылданды.
Тағы бір тілге тиек ете кететін жетістік ретінде университетіміздің 2012 жылы Халықаралық «Русский мир» қорынан гранттық жобасын жеңіп алғанын мақтанышпен айта аламыз. Бұл конкурсқа әлемнің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, ТМД, Еуропа, Азия, Африка, Австралия, Америка және басқа елдерден барлығы 405 өтінім берілген болатын. Ашық конкурста университетіміздің «К диалогу культур через русский язык» гранттық жобасы жеңімпаздар қатарынан табылып, оны жүзеге асыру «Достық» студенттік ассамблеясына ұсынылды. Бұл жобаны орындау барысында студенттер Ресейдің Қазақстандағы консулдығы тарапынан шығармашылық қолдауға ие болды. Жоба аясында «В мире русской культуры» тақырыбында олимпиада, студенттердің шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында орыс тіліндегі поэзиялық шығармаларды мәнерлеп оқу конкурсы, орыс халық әндерінің байқауы ұйымдастырылды. Орыс және қазақ халықтарының дәстүрлі достығының тереңдеуіне университет ұжымы осылайша өз үлесін қосты.
Студенттік ассамблея құрылған күнінен бастап, республиканың қоғамдық-мәдени өміріне, рухани тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді. Өткен жылы ғана ассамблея мүшелері Алматыда ұйымдастырылған «Тілдер мен мәдениеттер жәрмеңкесі» фестиваліне қатысып, айтулы табыстарға қол жеткізді. Алматы қаласының жоғары оқу орындарында оқитын түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» республикалық қоры, қаладағы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің басын қосқан фестивальде қазақ, орыс, белорус, украин, татар, өзбек, ұйғыр, корей, чешен және т.б. тілдерде ән-жыр шырқалып, осы этностардың мәдениетімен, тарихымен, салт-дәстүрімен танысып, кеңінен насихаттау жүргізілді.
Іс-шараға қатысқан Ресей Федерациясының Алматыдағы консулы, Қазақстан Республикасындағы «Россотрудничество» мекемесі басшысының орынбасары И.Переверзева ханым: «Бүгінгі Қазақстан әлемге достық пен бейбітшіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ретте Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жастар арасындағы патриотизм мен ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында атқарып жүрген жұмыстарына тәнтімін. Университеттің он жылдық тарихы бар «Достық» студенттік ассамблеясының жүйелі жұмысы осы сөзіме дәлел бола алады», – деп лайықты бағасын берді.
Әлемге Қазақстанның достығы мен ынтымақтастығы, бірлігі мен берекесі жарасқан ел болып танылуына барынша үлесін қосып келе жатқан университетіміздегі «Достық» студенттік ассамблеясы 2014 жылы өзінің он жылдығын жан-жақты атап өтті. Мерейлі күнге арналған әсерлі кештер, қойылымдар, кездесулер «Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз!», Біз – қазақстандықтармыз!» ұрандарымен ұйымдастырылды. Елбасының: «Жастарды Ассамблеяның барлық деңгейдегі жұмыстарына, қоғамдық келісімді қалыптастыру шараларына барынша тартқан маңызды. Ең бастысы – әкелеріміз бізге қалдырған өзара түсіністік, толеранттылық пен достық ұғымын балаларымызға, немерелерімізге жеткізу – біздің парызымыз. Ал осы үдеріске қатысқан жастар өзін өзі тәрбиелеп шығады», деген сөздері жастар арасында жүргізілетін осындай жұмыстардың маңыздылығын көрсетіп отыр. Сондықтан университет басшылығы студенттердің өзін өзі басқару үрдісіне, олардың шығармашылық тұрғыдан ізденуіне барынша қолайлы жағдай туғызуға ұмтылады.
Бұл ретте Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, университеттің мақтанышына айналған, студенттік ассамблеясының «Достық» би ансамблінің репертуарында әлем халықтарының 30-ға жуық биі мен қойылымы бар екенін ауыз толтырып айта аламыз. Ансамбль өз орындауындағы «Достық», «Шаттық», «Жауынгер», «Хорезм», «Әндіжан полькасы», «Назым», орыс, украин, өзбек, түрік, үнді, татар және т.б. билері арқылы қазақ жеріндегі әртүрлі ұлттардың дәстүрлі мәдениеті мен би өнерін дамытуға, насихаттауға толассыз еңбек сіңіріп келеді. Би ұжымы 2005 жылы Ресейдің Самара қаласында өткен жастар фестивалінің дипломанты атанса, 2007 жылы Алматы – Атырау – Астрахань – Волгоград сапарларында сәтті өнер көрсетіп, үлкен марапаттарға ие болды. Ансамбльдің 2012 жылы Түркияда өткен «Түркі әлемі» халықаралық фестивалінде жүлделі I орын иегері болуы – ұжымның ұлттар мен ұлыстар арасындағы келісім мен татулықты нығайтуға қосқан үлесіне халықаралық деңгейде берілген үлкен баға.
Бұған қоса, университетіміздегі мәдени шараларда өнер көрсетіп жүрген дарынды студенттеріміздің репертуарына қазақ тіліндегі әндермен бірге орыс, қырғыз, өзбек және ағылшын тілдеріндегі әндердің енуі де татулықты ту еткен біздің университетіміздегі атқарылған жұмыстардың бір бөлшегі. Бұл жұмыстардың барлығы жастар арасында ұлттық татулық пен келісімді тәрбиелеуді күшейте беретініне сенім мол. Студенттер бұқаралық және қоғамдық саяси шараларға өз еріктерімен, оқу үдерісінен тыс уақытта ғана қатысады. Осы қағидатты ұстану білім мен тәрбиенің бірін бірі толықтыруына жеткізеді деп есептейміз.
Мемлекетімізде өмір сүретін этностардың мәдениеті мен тілін насихаттау бағытында студенттік ассамблеяның ұйымдастыруымен әр оқу жылында «Бір шаңырақ астында» қойылымы, «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» кеші, «Здравствуй, Масленица!», «Сабантой» мерекелері, «Мәдениеттер жәрмеңкесі» фестивалі сынды өнегелі іс-шаралар тұрақты түрде өтіп отырады. Бұл шараларда мыңдаған студент өз өнерлерін көрсетеді. Мысалы, 2010 жылдың мамыр айында «Достық» студенттік ассамблеясы университеттің 80 жылдығына орай «Наурыз бен Масленица» ертегі-спектаклін сахналады. Мұндағы басты идея – әртүрлі ұлттың салт-дәстүрі мен дініне қарамастан өзара тату болуының маңызын және этносаралық достастықты насихаттау.
Елбасының үш тұғырлы тіл тұжырымдамасына негізделген тілдер саясатын жүзеге асыру мақсатында «Достық» ассамблеясы Қазақстан халқы тілдері мерекесін жыл сайын «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!», «В семье единой», «Тілдер керуені» сияқты іс-шаралармен мазмұнды түрде атап өтеді. Бүгінде бірнеше тілді жетік меңгерген студенттер мен магистранттарымыз әлемнің ондаған озық университеттерінде білімдерін жетілдіруде. Студенттік ассамблея мүшелері – университетіміздің талантты жастары қалалық, аудандық деңгейдегі әртүрлі байқауларға қатысып, белсенділік танытып келеді. 2008 жылы Е.Каэль есімді студентіміз «Қазақстан» арнасы ұйымдастырған «Тіл – татулық тірегі» байқауында жеңімпаз атанып, мемлекеттік тілге деген ерекше ықыласын көрсете білді. 2013 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті базасында ұйымдастырылған «Язык как исповедь народа» конкурсында ассамблея мүшелерінен құрылған команда бас жүлдені жеңіп алды. 2014 жылы Алматы қаласы бойынша өткен «Тіл – парасат» байқауында қазақ тілін жетік меңгерген инженерлік факультеттің студенті, ассамблеяның белді мүшесі М.Теняков жүлделі 3-орынға ие болып, университет мерейін үстем етті. Қазіргі кезеңде университет студенттерінің барлығы дерлік мемлекеттік тілді білетіндігін мақтанышпен айта аламын.
«Достық» студенттік ассамблеясы Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарымен және жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан. 2013 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесе өткізген «Ярмарка культур» әдеби кеші, 2014 жылы 16 қараша – Халықаралық толеранттылық күніне арналған Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты және Халықаралық бизнес университеті студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Мы разные, мы вместе» іс-шарасы, «Қазақстан халқы Ассамблеясы – қазақстандық қоғамның келісім тірегі» тақырыбында Алматы қаласы қоғамдық этномәдени бірлестіктері өкілдерімен кездесу кештері – осындай достық қарым-қатынастың, іргелі байланыстың нәтижесі. Университет базасында өткізілген «Менің Отаным – Қазақстан» жастар акциясы, «ХХІ ғасырдың тұлғасын тәрбиелеу: ҚазҰАУ тәжірибесі», «О.Сүлейменов тұлғасы арқылы жастарды тәрбиелеу үлгісі» республикалық форумдары, «Қазақстандық қоғамда этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіру» форумы, «Жастарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу мәселелері» тақырыбындағы семинар және тағы басқа көптеген іс-шаралар республикадағы басқа да жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Ассамблея Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерін, жыл сайынғы Жолдауларын талқылау мен насихаттау жұмысын жүргізе отырып, жастарды мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жүйесін жетілдіру іс-шараларына белсенді қатысуға, оларды инновациялық зерттеулермен, ғылыми жобалармен айналысуға бағыттап отырады. Дәстүрлі Жолдауларды талқылау қызу өтеді, себебі, Президентіміздің әрбір сөзін шын жүрекпен сезіне отырып, студент жастар ортақ үйіміз – Қазақстанды ата-бабаларымыздың сан жылдар бойы асыл арманы болған «Мәңгілік Елге» айналдыру жолында татулықтың қаншалықты қажет екенін түсінеді.
Ұлттар арасындағы достықты берік ету, қоғамымыздағы толеранттылықты арттыру жолындағы университет ұжымының, «Достық» студенттік ассамблеясының жылдар бойы атқарған жүйелі жұмысы еленбей қалған жоқ. 2014 жылдың желтоқсан айында ұлтаралық келісімді нығайтып, халықтар достығы мен бірлігін жандандыру ісіне ел жастарын жұмылдыру бағытында атқарған қызметім үшін Елбасы Жарлығымен «Бірлік» алтын медалімен марапатталдым. Бұл үлкен мәртебені университет басшысы ретінде тек маған емес, сонымен бірге, «Достық» студенттік ассамблеясының төңірегіне ұйысқан, бірлігі жарасқан студент жастарымызға берілген ортақ баға деп білемін. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов Елбасы атынан мемлекеттік наградаларды тапсырып тұрып, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктер ұлттар арасындағы татулық пен сындарлы келісім нәтижесінде мүмкін болып отырғандығын ерекше атап өтті.
2015 жылдың Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аталуы республикадағы жоғары оқу орындары ішінде алғаш ашылған студенттік ассамблеясы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетіне көп міндеттер жүктейді. Тәрбие мен білім беру үрдістерін тең ұстай отыра, университет еліміздің болашағы саналатын жаңа буынды қалыптастыру жолында тың жұмыстарды атқаруды жоспарлап отыр. Оқу үдерісіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы арнаулы курстар енгізуді жоспарлау студенттерге еліміздің Тұңғыш Президенті жасаған қазақстандық жолдың ерекшелігін, идеологиясы мен философиясын түсіндіру, елде жүргізіліп отырған реформалар саясатының логикасы мен эволюциясын ұғындыру қажеттілігінен туындайды.
Келешек ауылдың зиялы қауымының негізін құрайтын университет студенттері өз елінің патриоты, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, береке мен бірлікті ту еткен толерантты маман болып шығып жатса, онда біздің еңбегіміздің зая кетпегендігі деп білеміз.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, Ұлттық ғылым академиясының
вице-президенті, академик.
Алматы.