Қазақ – ежелден өзінің ен-таңбасы мен көк байрағын қасиеттеп, қастерлеп ұстаған халықтың бірі. Небір заманалардың тар жол, тайғақ кешу кезеңдерінде өз елінің таңбасы мен байрағын еш жауға бермеген, ешкімге де алдырмаған. Сол ұлы қасиет дарығын халқымыз бүгінгі күні өзінің Туын көтеріп, Елтаңбасын жарқыратып, Әнұранын шалқыта шырқап, төрткүл дүниенің төрт бұрышына, айдай әлемге танылып отыр.
Әр жылдың 4 маусым күнін Мемлекеттік рәміздер күні деп атап өтуіміздің үлкен тарихи мәнін ұлттық құндылық ретінде ұстанып келе жатқан ұлттық бітім-болмысымызға да тығыз байланысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқан. Біздің көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың Әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында Әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, Әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан», дегені де осы ұлттық болмысымыздың бірегейлігін көрсетеді.
Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – елге, мемлекетке деген құрмет. Біз еліміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұранына деген құрметті және сүйіспеншілікті өз ұрпақтарымыздың бойына бала күнінен сіңіруіміз қажет. Бұл орайда кейінгі жылдары Мемлекеттік рәміздерді кеңінен насихаттау шаралары жүйелі жүргізіле бастады, Туды ілудің жаңа қағидалары орнықты. Қазір Әнұран ойналса болды, тіпті аяғын жаңа басқан балдырғанның өзі сәби қолын жүрегінің тұсына қойып, тұра қалатынына қалай сүйсінбейсің?
Биылғы Жаңа жыл кешінде әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген мемлекеттік Әнұранды орындағанда толқымаған, тебіренбеген адам жоқ, сірә! Соның арқасында еліміздің Әнұранын әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықтар шырқай бастады. Бұған қалай қуанбасқа!
Біз – әлем сүйсініп отырған таңбалы елміз, танымал елміз. Елдің бірлігін, халқымыздың ынтымағын нығайта түсер Мемлекеттік рәміздеріміздің күш-қуаты да ешқашан сарқылмасы анық.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі