Сырда мерекеге дайындыққа ертерек қам жасалды. «Туымыз – төрімізде» флешмобы аясында демалыс парктеріндегі биік аттракциондарға, көпқабатты тұрғын үйлерге, ірі сауда орталықтарына Мемлекеттік ту ілінді.
Аудан орталықтарына халықаралық, республикалық және облыстық сайыстар жеңімпаздарының, жастар өкілдері мен волонтерлердің шеруі ерекше сән берді. Байқоңыр қаласының орталығында жалпыхалықтық патриоттық акциялар өтті.
Барлық елді мекенде Рәміздер аллеялары мен алаңдарда тұрғындардың, жастар мен волонтерлердің қатысуымен сенбіліктер өтіп, сурет және шығармашылық байқаулары көп назарын өзіне аударды.
Жер-жерде ел тарихына қатысты көрмелер қойылып, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарында өткен патриоттық іс-шараларға қатысқандар көп болды.
Халықаралық, республикалық жарыстарда жүлде алған жергілікті спортшылар, танымал өнер адамдары жазғы тынығу лагерьлеріндегі оқушыларға бейнеқұттықтау арқылы тілектерін жеткізді.
Ал облыс орталығындағы Рәміздер алаңында «Елдіктің нышаны, ерліктің белгісі – рәміздер» атты іс-шара өтіп, онда «Япурай» хор ұжымы мен Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенттері Мемлекеттік гимнді орындады. Салтанатты іс-шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов жиналғандарды мерекемен құттықтап, мемлекеттік қызметке жаңа тағайындалған мамандар ант берді.
Іс-шара соңында қала көшелерімен автокөліктер шеруі жүріп өтті.
Қызылорда