• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 04 Маусым, 2024

Экологиялық педагогиканың ізашары

170 рет
көрсетілді

Халықтың жақсы сөзі бар: «Таулар алыстаған сайын асқары айбынды көрі­неді». Тау тұлғалы адамдар өмірден озып, бақилық өмірге көшкен кезде, олардың бейнесі жүректе өшпейді, көз алдыңнан кетпейді. Сондай адам­­дардың бірі – белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының док­торы, профессор, Халықаралық акмеология және Қазақ халық экология академиясының академигі Нұрғали Сарыбеков. Биыл ғалым-ұстаздың туғанына – 90 жыл. Біз жаңарған еліміздің экология құндылықтары мен осы бағдардағы әке еңбегін сабақ­тас­тыра зерделеуді жоғары білім саласының қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбековтен өтінген едік.

Бәрі ортаның тазалығынан басталады

Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтап қалу – қазір әлемдік өзекті мәселенің бірегейі. Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Экологиялық кодекс қабылданды. Осы құжатқа сәйкес Арал­дың солтүстік бөлігін, Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру, Балқаштың су қорын молайту жұмыс­тары күшейді. Алдағы уақытта ірі энер­гетикалық компаниялардың қор­ша­ған ортаны жауапсыз ластауына тос­қауыл қойылады.

Әкеміз Нұрғали Сарыбеков экология саласына келген өткен ғасырдың 60-жылдардың басында «Экологиялық мәсе­лелерді болашақ ұрпақтың енші­сі­не қалдыруға болмайды!» деп алғаш рет ашық көтерген еді.

Экологиялық ғылымның негізін 1866 жылы неміс жаратылыстанушы ғалым Эрнст Геккель қа­лады. «Эко­ло­гия – адам­ның қоршаған орта­мен қарым-қаты­на­сын зерттейтін ғылым» деген анықтама бе­ріп, эколо­гияның үш негізгі за­ңын ашты.

Бірінші заң: «Табиғат бәрін жақ­сы біледі». Табиғат өзінің даму заң­дылығын адамнан да жақсы біледі. Ал адам соларды зерттеп, таби­­ғат­пен қа­рым-қатынасын үйлестіре білуі керек.

Екінші заң: «Бәрі бәрімен байланысты». Табиғатта барлығы бір-бірімен байланыс­ты. Өлі табиғат тірі табиғатпен байланыс­ты. Табиғаттың бір бөлігінде адам жасаған ретсіз өзгеріс басқа жерден «бумеранг» болып қайтады.

Үшінші заң: «Бәрі де бір жерге ла­йық­ты бару керек». Адамның таби­ғатқа тас­таған өндірістік немесе тұрмыстық қалдықтары ізсіз қалмайды, көп жылдан кейін қауіпті әсерін береді.

Міне, қарап отырсақ, 158 жыл бұрын ай­тылған экология ғылы­мы­ның заңдары әлі өзек­ті­лігін жо­ғалт­қан жоқ. Қайта өркениетті әлем ел­дері экологиялық мәдениетті қалып­тас­­тыруға көш­ті. Қоршаған ортаны сақтау үшін әлем­дік эко­логиялық жоғары стан­дарттарды эконо­ми­ка­ның барлық сала­ларына енгізу қажет­тілігі туды.

Экология – кешенді, бірнеше бағыты бар ғылым. Өнеркәсіптік, эко­но­микалық, құқық­тық, сани­тар­лық-гигиеналық, әлеуметтік, т.б. аспектілері дамып келеді. Солардың ішінде экологиялық білім мен тәрбиені, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, яғни «экологиялық педагогика» ерекше мәртебеге ие.

Қазақстанда экологиялық педаго­ги­каның негі­зін ғалым Нұрғали Сары­беков бір күнде қала­ған жоқ. Эколо­гияның, табиғатты қорғау және табиғи ре­сурстарды тиімді пайдаланудың педа­­гогикалық негізін орнықтыру оңайға түскен жоқ.

1968-1998 жылдары әкеміз Жамбыл педагогика институтында қызмет ете жүріп «Экология және табиғатты қорғау» ғылыми орталығын құрды. Оны 30 жыл үзіліссіз басқарды. Орталық институтта 10-нан астам республикалық, бүкілодақтық, халықаралық ғылыми форум ұйымдастырды. Осы жұмыс­тың­ нәтижесінде ғылыми қауымдастық Жамбыл педагогикалық институтын білетін болды.

Орталықтың тәлімін алған бір топ инс­титут оқытушылары кандидаттық, докторлық диссертация қорғады. Ел ғалымдары Нұрғали Сарыбековтің ғылыми мектебін мойындап, оған жоғары баға берді.

Орталықтың оқушылар мен студенттерге экологиялық білім, тәрбие беру тәжірибесі Білім министрлігінде талқыланып, оның үлгісін барлық мектеп, колледжде, жоғары оқу орнында пайдалану ұсынылды.

Жалпы, экологиялық педагогика мәсе­лесіне қатысты Нұрғали Сары­бе­ков 400-ге жуық ғылыми еңбек, танымдық мақала жазып, жарыққа шығарды. Яғни артына жақсы із, үлкен мұра қал­дырды. Осы мұраны зерттеу, сол мұра­мен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастық орнату, сол арқылы жас­тарға жаңашыл тәлім беру – саланың парызы.

Жалпы, ортаның тазалығы ұғымы табиғат­пен бірге қоғамға да қатысты екені күн сайын дәлелденіп келеді. Әкеміз ғалым ретінде осыны жиі айтушы еді.

 

«Айналайын» – елдік мейірімнің сипаты

2014 жылы филология ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Сәмен Құл­ба­рақтың «Айналайын» деп аталатын кітабы жарық көрді. (Ғалым, ұстаз, табиғат жанашыры Н.Сарыбеков тура­лы ой-толғау. – Тараз: Сенім, 2014. – 144 б).

Әкем «айналайын» деп үлкенге де, кішіге де қаратып айтатын жан еді. «Айналайын» деп басталатын сөзі оның өмірді сүйгенін, адамдарды қадірлегенін, дарқан жүрегін айқындап тұратын. Табиғатынан ұстаз, ғұмыр бойы табиғатты қадірлеп, оны зерттеу мен қорғауды тіршілігінің мәніне айналдырған адамның «айна­лайын» деген лебізі замандас­тарын, шәкірт­терін жігерлендіретін.

Әке­міздің алғашқы шәкірті, кейінгі танымал ғалым Өміртай Танабай­ұлы былай деп жазады: «Табиғат соншалықты үйлестіріп мөлдірете құя салған сұлу сымбатты, сөйлескен адамның жан-дүниесіне ерекше бір жылылық құйып тұратын кіршіксіз адал қатынасы кез келген шәкіртті ерекше табындырып алатын. Ол құдірет ұстаз жиі қайталап айтатын «айналайын» деген сөздің өн бойында жата ма, әлде басқа сыр бар ма, ол жағы бізге жұмбақ еді. Осы бір «айналайын» деген сөзден ағайдың сүйкімді үні ғана емес, бүкіл адамгершілік бітімі, ұстаздың болмысы танылып тұратын. Осы қасиетті сөзді айтқан сәтте мейірімге толы мөлдіреген қос жанарынан жанға жайлы шуақ шашылып, балғын шәкірт жүрегін билеп алып, еріксіз өзіне баурап алатын. Оның досы әрі сырласына, рухани жетекшісіне, ақырында шәкірт жүрегіне берік орнаған нұрлы бейнеге айналып кете баратын».

Әкем ұрпағын да, шәкірттерін де «Жақ­сы­лық жасасаң, жақсылықпен қай­тады» деген ұстаныммен тәр­бие­леді. Сол себептен де болар, «айна­лайын» деген мейірімге толы сөзі әкемнің екінші есіміне, ұстаздық сипатына айналды.

 

Ұстаздың ұстанымдары

Әкеміздің соңында қалған жазба­ мұралары, әсіресе дәріс дәптерлері ұстаздық тәжірибенің ұстаханасы сынды. Өмір толғамдарын оқысақ, ұстаздың ішкі әлемі, жан сыры, бар болмыс-бітімі, дүниетанымы мен алдына қойған мақсат-мұрасы ашылады.

«Жаным – арымның садағасы» демекші, әкеміз – ар мен намысты бәрінен жоғары қойған тұлға. Осыған байланысты мынандай ойы хатқа түсіпті:

«Менің өмір сүру принципім: алдымда – арым, артымда (соңымда) – намысым, бо­йымда (болмысымда) – ата-анамның тәлімі жүреді. Осы үш асылға сүйеніп, Жаратқанға жалбарынып, еңбек етіп, табысқа жетемін. Бұл принцип мені өмір бойы алға жетелеп келеді».

Ұстаздың өмір сүру қағидаттары сөз жүзінде қалмай, тіршілікте іске асуымен құнды еді. Мұны бүкіл педагог, ғалым қауымы жақсы біледі. Ешкімнің алдында жалтақтаған жоқ, көпе-көрнеу біреуге жағымпазданбады, тек адал еңбегіне, ғылыми ізденісіне сенді. Сондықтан да ол өмірде етектен тартып, аяқтан шалғысы келгендердің алдында батыл да өткір сөйледі.

«Өмір – сайыс, түйіндері мың орам...» демекші, әкемнің өмірінде қиын кезеңдер де болды. Әйтеке бидің Күлтөбедегі бір жиын­да айтқан сөзі бар: «Елдің бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме? Ерінің сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме?». Сол сияқты әкемнің сағын сындырамын дегендер кездесті. Өмірдің осындай қиын сәттерінен ол үлкен абыроймен өте білді. Осы жылдары ұстаздың адалдық, ашықтық, әділеттілік ұстанымдары айқын көрінді.

Ой-толғамдарының қорытындысы ретінде профессор Нұрғали Сарыбеков «өмір формуласын» былай жүйелепті: «Өмір формуласы: адам болу + маман болу + аман болу = өмір».

Мұндағы әрбір сөздің астарында терең мән бар деп білеміз. Бұл – долбармен көлденең тартқан ет пен терінің арасындағы желікпе сөз емес, тәжірибе мен біліктің сөзі.

Осы ой-толғамға қатысты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Баймахан Ахметтің «Өмір формуласы» деп аталатын жыры бар. Рухани жағынан әкемізге шәкірт болып келетін ақын туындысында негізінен кез келген азаматтың адам, маман, аман болу тұжырымдамасы «Өмірлік темірқазығы» деп әдемі түйіндеген. Жекелеген адамға, белгілі топ өкілдеріне емес, көпшілікке бағытталған, тіршіліктің басты мәні – еңбекті әспеттегенде, адамдықты ардақтағанда, деннің саулығы мен елдің амандығын ойлағанда екені тамаша сипатталған. Туындыдағы:

«Өмір – сайыс, түйіндері мың орам,

Мейлі қиын болсын жолым бұралаң.

Асылдарым, сендерді алып тірекке,

Аттарыңды ұрпақтарға қалдырам», ­­ деген жолдар ғылымда азат жолды бас­таған тұл­ғасын дәл ашқан.

Бүкіл саналы ғұмырын табиғатты қорғауға арнаған әкемнің өмір жолы, ғылыми еңбектері, азаматтық ұста­нымы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Халықтың келешегіне бағытталған жақсы істер, игі ойлар ешуақытта ескірмейді.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор