• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Маусым, 2024

Еліміздің бірқатар аймағында шомылу маусымы басталды

148 рет
көрсетілді

Күн әлі де салқын болғанымен біраз аймақта суға шомылу маусымы басталып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz Хабар24-ке сілтеме жасап.

Дәл қазіргідей құбылмалы күн райы мен судың толық жылымауы қауіп тудырады. Былтырғы шомылу маусымында 177 адам суға кеткен. Оның 53-і бала. Енді осындай қайғылы жағдай болмас үшін не істеу керек? Қандай жұмыс атқарылып жатыр? Талдықорғандағы қалалық жағажайда Қуат Немеребаев сияқты құтқарушылар таңертеңнен кешкі 8-ге дейін кезекшілік атқарады. Олар тынығушылардың жағалаудан алыстап, терең жаққа жүзіп бармауын қадағалайды. Негізінен балаларды басты назарда ұстауға тырысады. Себебі суға шомылып жүргендердің көбі ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдер. 

«Су суық болғаннан кейін неше түрлі жағдай болады ғой. Сол үшін балаларды ата-аналардың қарауынсыз жібермесе екен дейміз. Сол кезде төтенше жағдай болмайды», дейді құтқарушы Қуат Немеребаев.

Қалалық жағажайға алты құтқарушы бекітілген. Оның екеуі ТЖД қызметкері болса, қалғаны мердігер мекеме өкілі. Сонымен қатар бір медицина қызметкері кезекшілікке түседі.  

«Облыс аумағында үш су айдыны бар. Талдықорған жағажайы, Балқаш көлінің жағалауы, Алакөлдің жағалауы. Аталған үш орында біздің жедел құтқару станциялары орналасқан. Олар шомылу кезінде күшейтілген режимге көшеді. Яғни суға шомылу маусымына дейін 10-15 адам болса, шомылу маусымында бір жарым екі есеге дейін көбейеді», деді Жетісу облыстық ТЖД аға офицері  Арыстанбек Төменов.

Ақмола облысында да шомылу маусымы басталды. Аймақта 80-нен аса коммуналдық және жекеменшік жағажай бар. Соның 24-ін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суға түсуге жарамсыз деп таныған. Жалпы өңірде 80 құтқарушы және 40 сүңгуір тынығушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«2023 жылғы шомылу маусымы кезінде 14 адам суға батып, қайтыс болды. Соның бесеуі бала. Қайғылы жағдайлар негізінен ішімдік ішу, балаларды қараусыз қалдыру, жүзе білмеу салдарынан болып отыр», деді ТЖД басқарма бастығы  Жанат Асылбеков.

Биылғы тасқынға байланысты Атырауда суға түсу маусымы әлі ашылған жоқ. Оған қашан рұқсат берілетіні де әзірге белгісіз дейді мамандар. Себебі су деңгейі төмендеген жоқ. Күшейтілген кестеге сай жұмыс істеп жатқан құтқарушылар қауіпті жерлерге белгі қойып, өзен бойында рейд жүргізіп жатыр. 

«Жайық өзінің арнасына түскенге дейін өте қауіпті жағдайда болады. Астында кейбір қайраң жерлер жар болып кетуі мүмкін. Қосалқы, бөгде заттар, адамның өміріне қауіпті заттар болуы мүмкін судың астында. Соған байланысты қауіпті деп танимыз», дейді жедел құтқару жасағының басшысы Әділхан Жұмалиев.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері қайғылы жағдайлардың көбі үлкендердің салғырттығынан болатынын айтады. Сондықтан құтқарушылар суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.