Қызылордадағы Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің екінші отырысы өтті. Кеңес мүшелері, белсенді жастар және «Қоғамдық келісім» мекемесі қызметкерлері қатысқан отырыста суицид пен оның алдын алу мәселесі қаралды.
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов қаралып отырған мәселенің маңызына тоқталып, өз-өзіне қол жұмсау жөнінен Қызылорда елімізде 6-орында тұрғанын атап өтті. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында осындай 5 оқиға болған. Түрлі себеп түрткі болып, жанын қиятын жасөспірімдер туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов те айтты.
«Әр оқиғаны жұмысшы топ зерттеп, талдау нәтижесінде 4 жағдай психологиялық, 1 жағдай әлеуметтік мәселеден туындағаны белгілі болды. Психологиялық қолдау тобына алынған 346 балаға мектеп психологімен қатар денсаулық сақтау саласының мамандары да көмек көрсетеді», деді.
Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты пікір білдірген жергілікті полиция қызметкері Еркебұлан Жанұзақов та жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері тыйылмай келе жатқанына тоқталды.
«Жыл сайын суицидтің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицид себептерін іздеу жақын туыстары мен ата-аналары үшін жеңіл тимейді. Биыл 5 жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 5-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Өзіне қол жұмсап, қайтыс болғандардың төртеуі орта мектептің оқушылары, біреуі – колледж студенті», деді полицей.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Мира Мырзаханованың айтуынша, өткен жылы осындай 8 оқиға болыпты. Осы бағытта полиция департаментімен біріккен мобильді топ суицидке барған азаматтармен жас ерекшелігіне қарамай тығыз жұмыс істейді.
«Олардың көбі – отбасылық, денсаулық жағдайларына байланысты өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасағандар. Бұл тұрғыда басқарма тарапынан арнайы мамандар психологиялық жағынан қолдау көрсетіп келеді. Облыстық Жастар денсаулық орталығындағы жедел желі телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Орталық бірінші тоқсанда 15 298 қызмет көрсетіп, емдеу-сауықтыру, кеңес беру бөліміне 5442 адам келді», деді ол.
Отырыста Ақсақалдар кеңесінің мүшелері баяндамашыларға сұрақ қойып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
ҚЫЗЫЛОРДА