Алматы шаһары театр кеңістігіндегі нағыз шығармашылық мамандардың бас қосатын ауқымды алаңына айналды. Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының ұйымдастыруымен ТМД, Балтық және Грузия елдерінің V жастар театр форумы салтанатпен ашылды. Форум маңдайындағы «жастар» мәртебесі қатысушылар жасының шектеулі екенінен хабар береді. Алматы қаласына 9 елден: Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 35 жасқа дейінгі 200-ден астам режиссер, драматург, актер, сценографтар мен театр сыншылары келді. Режиссура, драматургия, сценография және театрдың өзге жанрындағы дарынды жас мамандарды бір ортаға тоғыстырған форум 3-9 маусым аралығын қамтып, драма өнерінің мерекесі қазақ елі мәдени кеңістігін бір апта бойы дүбірлетпек.
Триеналле форматында, яғни үш жылда бір рет өтетін форум 2012 жылы Кишиневтен басталып, 2015 жылы Минскіде, 2018 жылы Ереванда, 2021 жылы Ташкентте өтіп, биыл Алматы қаласында жалғасын тауып отыр. Он екі жыл ішінде форумға 1000-нан аса таланттар тартылып, олардың өнерін 20 000-нан астам көрермен тамашалаған. Ауқымы жағынан, театрдың жас таланттарын біріктіру жағынан Достастық елдерінің мәдени саласында басқа баламасы жоқ бұл форум ТМД елдерінің мəдениет жəне өнер саласындағы шығармашылық жастарының ынтымақтастық алаңын кеңейтуді көздейді. Форумның басты мақсаты – театр əлеміндегі мəдени байланыстарды сақтау жəне дамыту, жас театр көшбасшыларын анықтау жəне біріктіру, осылайша ТМД елдері шығармашылық жастарының интеллектуалдық ой-өрісін биіктету. Театр өнерінің бұл мерекесі ұзақ уақыт сарапталған шығармашылық үдерістің ақырғы шегі болып саналады. Бұған дейінгі түрлі кезеңдерде беделді халықаралық сарапшылар үздік спектакльдерді таңдап, суретшілер мен драматургтер форумына қатысу үшін іріктеу өткізді. Алматы форумы аясында осы іріктеуден сұрыпталып шыққан спектакльдер ғана көрсетіледі. Сонымен қатар суретшілердің каталогтары мен жас драматургтердің пьесалар жинағының жібек бауы қиылып, шеберлік сыныптары, семинарлар, танымал театр қайраткерлерінің дəрістері өтеді.
Ашылу салтанаты Almaty Theatre төрінде өткен Халықаралық театр форумының құрметті меймандары мен қазылар алқасы алдымен баспасөз мәслихатын өткізіп, көпшілікке өздерін таныстырды. Олар: ТМД мемлекеттерінің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының атқарушы директоры Анатолий Иксанов, А.Пушкин атындағы Мəскеу драма театрының көркемдік жетекшісі, ТМД елдері
V жастар театр форумының қазылар алқасының төрағасы Евгений Писарев, «Читен» жапон театрының көркемдік жетекшісі, Г.Товстоногов атындағы БДТ, Мемлекеттік ұлттар театры жəне «Чехов студиясы» Мелихов театры шақырған режиссер Мотои Миура, А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінің бас директоры, Халықаралық театр одақтары конфедерациясының вице-президенті – бас хатшысы Карина Цатурова, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, өнертану кандидаты, Халықаралық театр сыншылары қауымдастығы Қазақстан секциясының төрағасы Сәния Қабдиева, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, ТМД елдерінің V жастар театр форумы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Фархад Молдағали.
«Форумда жеңімпаз деп танылған театр ұжымы Мәскеуде өтетін Чехов фестиваліне қатысады. Бұл – сирек болатын мүмкіндік. Меніңше, форум бір-бірімізбен танысу, кәсіби ынтымақтастық қауымдастығында өз қарымымызды байқату, өзара ықпалдасу, театр мэтрларымен кездесу секілді шығармашылық адамына аса қажет мүмкіндікті сыйлайды. Бәлкім, мұнда жаңа театр бағыттарын көретін болармыз. Бұл тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, Достастық елдеріндегі дарынды жастарға назар аудару, ендеше, бұл – болашақты бағдарлау», – дейді V форумның қазылар алқасының төрағасы, А.Пушкин атындағы Мәскеу драма театрының көркемдік жетекшісі Евгений Писарев.
ТМД елдері V жастар театр форумының бағдарламасы мəдени дəстүрлердің алуан түрлілігін көрсетеді. Форум қыпшақ даласынан құл болып барып, Мысырдың сұлтаны дәрежесіне көтерілген XIII ғасырдың ұлы қолбасшысы Бейбарыстың өмірін арқау еткен Фархад Молдағалидың «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклімен ашылды. Форум аясында 9 елдің жас режиссерлерінің 9 қойылымы ұсынылады. Спектакльдер Алматы қаласындағы бірнеше театрдың сахнасында таныстырылады. Кəсіби қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтайды. Үздік деп танылған ұжымға ақшалай сыйлықтар мен алтын, күміс жəне қола түріндегі естелік сыйлықтар беріледі. Форумда жүзден жүйрік танылған спектакль Мəскеуде өтетін А.П.Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестиваліне жолдама алады.
Алматыда өтіп жатқан биылғы театр форумының жаңалығы мол. Форумға тұрақты қатысып келе жатқан тоғыз елдің Театр қайраткерлері одағы таңдаған талантты авторларының 19 шығармасы топтастырылған «Жас драматургтер пьесаларының жинағы» әзірленіп, жарық көрді. Жинақты құрастырушылардың мақсаты – жас авторлардың драматургиялық қарымын театрдың кәсіби мамандарының бағалауына ұсыну. Көпшілігі Алматыдағы форумның қатысушылары. Олар пьесаға жай қызығушылық танытып қана қоймай, оны сахналауға құштар режиссерді немесе сахна суреткерін нақ осы жерден кездестіруі әбден мүмкін. Бұған дейін өткен төрт форумның нәтижесінде шығармашылық байланыстар жасалып, бірлескен театр жобалары жүзеге асып, өз жемісін беріп үлгерген мысалдар да бар көрінеді. Алматыдағы бесінші театр форумының ұйымдастырушылары бар күшін жас мамандардың шығармашылық қарым-қатынасын орнатуға, ортақ мәдени кеңістікті бірлесе дамытуға бағыттап отыр.
Елеулі жаңалықтың бірі – білім беру бағдарламасы шеңберіндегі «Болашақ театры» зертханасы. Бұл жас театр жетекшілері, театр өнеріндегі жаңа бағыттар мен тұжырымдамаларды зерттеу, талқылау жəне қалыптастыру үшін жиналатын бірегей өнер кеңістігі. Нақтырақ айтқанда, режиссерлер, драматургтер, сценографтар, театр зерттеушілері біріге отырып, болашақ театр қайраткерлері ретінде бірлесе жұмыс атқарып, олардың зерттеулері мен пікірталастары театр əлемінің даму құралы ретінде қызмет етеді. ТМД елдері V жастар театр форумы басталғанға дейін білім беру бағдарламасына қатысушылар өздерінің театрында немесе өзі тұратын, жұмыс істейтін аймақтағы театрларда болып жатқан шығармашылық үдерістерді əріптестерімен бірге талдап, соның негізінде «Біздің болашақ театрымыз» презентациясын дайындайды. Дайындалған жұмысты ұсыну кез келген формада болуы мүмкін. Іс-қимыл еркіндігіне шектеу қойылмайды. Мысалы, ол манифест, пьесадан үзінді, спектакль, инсталляция, тағы басқа пішінде көрініс табуы мүмкін.
Атап өтуге тұратын жаңалықтың тағы бірі – жас театр суретшілерінің «Сценографиялық коллаж» көрмесі. «Сценографиялық коллаж» – алғаш рет 2012 жылы Кишиневте ТМД, Балтық жəне Грузия елдері жастарының алғашқы театр форумы аясында өткен. Биыл да бесінші жастар форумының маңызды бөлігі болып бағдарламаға енді. Халықаралық бәсеке-байқауға Қазақстан, Əзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Өзбекстаннан 15 суретші-сценографтың жұмыстары ұсынылып отыр. Бұл суретшілердің өзара шығармашылық тәжірибе алмасуына, жаңа идеялардың тууына серпін берері сөзсіз. Себебі мұндағы нəтиже технология немесе стратегия емес, керісінше жаңа идеялар, жаңалықтар, шабыт жəне жас сценографтар мен режиссерлердің халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығы. Сценографтардың көрмесі кеше Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті.
АЛМАТЫ