Бұл жөнінде Сенат Төрағасы Палата отырысында масс-медиа туралы заңды қарау барысында айтты. Мәулен Әшімбаев кеше қазақ тілінде контент жасап жүрген креативті индустрия өкілдерінің форумында осы мәселе кеңінен талқыланғанын айтып, оларды қолдау маңызды міндет екенін айта кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат спикерінің айтуынша, балаларға арнап қазақ тілді контент жасап жүрген жандар бірқатар мәселенің бар екенін айтқан. Бұл ретте ол қазақша контентті жіті бақылауға алып, алдағы уақытта тиісті тараптармен жұмыс жалғасатынын тілге тиек етті.
«Кеше креативті индустрия өкілдерінің форумына қатыстық. Сол жерде қазақ тілінде балаларға арналған контент жасап жүрген мамандар біраз проблеманы көтерді. Оның ішінде қаржыландыру, маркетинг, ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер бар. Осыған байланысты бүгін қаралып жатқан заң аясында балаларға арнап қазақша контенттер жасайтын жастарды, ұжымдарды қолдау тетіктерін де назарға алуымыз керек. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау бір реттік емес, жүйелі түрде болуға тиіс. Сенат алдағы уақытта осы бағытта мүдделі тараптармен тиісті жұмысты жалғастырады», деді Мәулен Әшімбаев.
Еске сала кетейік, бүгін Палата отырысында сенаторлар «Масс-медиа туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті