Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша талапкерлерден грантқа құжат 13-20 шілде аралығында қабылданады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Kazinform» сайты жазғандай, талапкерлер өтінішін EGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асыруға болады. Шалғай өңірлерден келген талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында Виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Олар бейнебайланыс арқылы кеңес береді және конкурсқа құжаттарды тапсыруға көмектеседі.
Айта кетейік, білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ең төменгі ұпайлар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жазылған.
Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарды электронды түрде тапсыру үшін талапкерлерге мына құжаттар қажет:
1. жеке куәлік;
2. ҰБТ сертификаты;
3. 3×4 көлеміндегі фото;
4. орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом);
5. № 075/у нысанындағы медициналық анықтама және № 063/у нысанындағы профилактикалық екпелер картасы;
6. ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;
7. жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.