Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде утиль алымы мәселелері бойынша петицияны қарау жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысы өтуі тиіс еді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс тобының құрамына қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының, өнеркәсіп саласының өкілдері, сондай-ақ утиль алымын жоюды жақтаушылар С.Боқаев, Е.Кулбасов, Д.Макешов, Д.Салыков және басқа да азаматтар қосылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ғимараты – стратегиялық нысанның бару регламентінде келушілер ұялы телефондарын өзімен бірге ала алмайтыны және оны кіре берісте қалдыруы көзделгенін айта кеткен жөн. Алайда, өтініштің бастамашысы С.Боқаев және оның өкілдері регламент талаптарын орындаудан және Жұмыс тобының отырысына қатысудан бас тартты.
Осыған байланысты ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне байланысты емес себептер кесірінен отырысты өткізуді тоқтатуға тура келді.
«Отырысқа қатысу үшін Парламент депутаттары, өнеркәсіп вице-министрлері, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды. Өңірлерден қоғам белсенділері келді. Алайда, біз жоспарланған іс-шараны тоқтатуға мәжбүр болдық, өйткені петицияның бастамашысы оған қатысудан бас тартып, Министрліктің оған Жұмыс тобының отырысы аяқталғаннан кейін бейнежазбаны ұсынуына келіспеді», деді ҚР ӨҚМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ министрлік алдағы уақытта конструктивті диалог күтетіндерін атап өтті.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті