Ұрпақ алмасқанда құндылықтар да өзгеретінін байқап жүрміз. Жас буынды не алаңдатады, олар нені қажетсінеді, өзекті мәселелері қандай деген сауалдар уақыт талабына сай туындайтыны сөзсіз. Қазіргі жастардың пайым-парасатын, таным-түсінігін бағамдау мақсатында олармен етене жұмыс істеп жүрген мамандарды сөзге тартып көрген едік.
Отбасы – басты құндылықтың бірі
Айсұлу ЕРНИЯЗОВА,
«Жастар» ҒЗО директоры:
– Біз 10 жылдан астам уақыт бойы «Қазақстан жастары» бағдарламасын әзірлеп келеміз. Былтырғы зерттеулерге иек артсақ, еліміздегі жастар үшін басым құндылықтар қатарын отбасы – 72,6%, достық – 32,3%, денсаулық – 29,9%-ды құрайды. Сонымен бірге сенім, дін (18,7%) мен жан тыныштығы (17,5%) сияқты құндылықтар өз маңызын сақтап қалды. Бұларды жеке және ұжымдық нанымдар мен қажеттіліктер контексіндегі құндылықтар деп қарауға болады. Қазақ жастарының құндылық бағыт-бағдары зиялылық құндылықтардан гөрі дәстүрлі құндылықтардың сәл басымдығы, тұтастай алғанда бейтараптылыққа жақын деп сипатталды.
Жас бойынша жүргізілген талдау «Отбасы» нұсқасының басымдығы барлық жас топтары арасында бірдей екенін көрсетті (60%-дан астам). Орта жас топтарында көрсеткіш 19-23 және 24-28 жас топтары 75,7-76,9%-ға дейін өскен. Достық құндылығы 29-34 жас арасында барынша өзекті (54,4%). Жастардың кіші топтарында «денсаулық» құндылығының орны ерекше – 33,9%-ды құрайды. Дін мен сенім маңызды құндылық ретінде респонденттердің жасы үлкеюімен төмендеу үрдісін көрсетеді. 14-18 жастағылардың үштен бірі дін мен нанымды маңызды десе, 29-34 жас аралығындағылардың әр оныншысы ғана сондай пікірде. Жан тыныштығы барлық жас топтары үшін бірдей деңгейде басымдыққа ие. Бұл қатардан 24-28 жас тобы ерекшеленіп тұр, оларда көрсеткіш – 12,1% ғана. Түрлі жас топтарында мейлінше төмен бағаланған құндылықтар өзін-өзі дамыту мен бағалау, қызықты жұмыс пен кәсіп болды.
Ата-ана мейірімін ешнәрсе алмастыра алмайды
Әсия СЕРІКОВА,
психолог
– Қазір отбасындағы әрбір адамда бір-бір гаджеттен бар. Жасы да, жасамысы да телефонға үйірсек болып алды. Салдарынан күйбең тіршіліктің қамын күйттеген ата-ана баласының қанша уақыт телефонға телміріп отыратынын аңғармайды. Дегенмен балаға тәртіп пен шектеу қажет. Мейлінше спорттық секциялар мен үйірмелерге беріп, зейінін аудару керек. Сондай-ақ үнемі тілдесіп, оның жан қалауын анықтап отыру маңызды. Бала жас шыбық сияқты, қалай өссе, сол бағытта тамырын кеңге жаяды. Сол сияқты әр жастың өзіндік қиындығы болады. Мәселен, отбасында зорлық-зомбылық көрген бала компьютерлік ойынды алданыш көреді. Яғни үйде ұрыс-керіс болған жағдайда ол қорғаныш есебінде тыныш атмосфера қалыптастыруға тырысады. Осылай телефонға әуестігі қалыптасады.
Қазір қоғамда жастар арасында букмекерлік кеңселер мен казино сынды құмар ойынға еліктеушілікті жиі байқауға болады. Оған Ішкі істер министрлігінің статистикасы да дәлел. Оңай жолмен келетін ақшаға қызығушылық 25-40 жас аралығындағы ер адамдар арасында басым. Ал компьютерлік ойындарға 10-20 жас аралығындағы балалар жақын. Себебін іздеп, астарына үңілсек, әркімге әртүрлі жағдай әсер етеді. Біреуге ата-анасының мейірім-махаббаты, ал енді біріне эмоция мен сенімділік жетіспегеннен ойынға басымен кіріп кетеді.
Әлемдік зерттеулер деректерін бағдарласақ, құмар ойынға тәуелділіктің себебінен суицид 15 есе артқан. Ал елімізде былтыр бар-жоғы сегіз айдың ішінде 2 620 өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелген. Оның 2080-і ер болса, 540-ы әйел, ал 139-ы кәмелетке толмаған жеткіншек екен. Бұл да қоғамдағы қордаланған өткір мәселе.
Барлық мәселе тәрбиеден басталады
Амангелді МАМЫТ,
Ж.Тәшенов атындағы университеттің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:
– Жас ұрпақтың адал азамат болып қалыптасуы алдыңғы буын – зиялы қауымға тікелей байланысты. Бұған назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын», деді.
Расында, елдегі береке-бірліктің бастауы – зиялы қауым өкілдерінің даналығына келіп тіреледі. Бұған ХХ ғасыр басындағы Алаш ардақтыларының елді ұйыстырудағы әрекеттері анық дәлел бола алады. Бұл – кейінгі буынға үлгі-өнеге.
Бүгінде жастардың нашақорлыққа, неше түрлі құмар ойынға тәуелділігінің артуы, зорлық-зомбылықтың балабақшадан бастап көрініс табуы – күн тәртібіндегі өткір мәселелер. Негізі әр нәрсе тәрбиеден бастау алады. Ал қазіргі ұрпақты интернет тәрбиелеп отыр десек, қателеспейміз. Жеңіл ақша табу, заңсыз жолмен баю жолдары әлеуметтік желілерде жиі насихатталады.
Президенттің Ұлттық құрылтайда жүктеген міндеттерінің бірі – адал еңбек адамын қалыптастыру. Мемлекет басшысы алдымен жаман әдеттен аулақ болуды ұсынады: «Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын».
Бүгінгі қоғам шын мәнінде қатыгезденіп барады. Өскелең ұрпақтың тәрбиесінде кеткен кемшілік зорлық-зомбылықтың кез келген түрін тудырып жүр. Сол себепті жаман әдеттен арылу үшін оған қарсы қоғам болып жұмылып күресу керек.
Жастарды жетілдіретін бағдарлама қажет
Айнұр КӘРІБОЗОВА,
Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының орынбасары:
– Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға сәйкес жас болып танылу шегі 35 жасқа дейін ұзартылып, еліміздегі жастар саны бұрынғы 3,7 миллионнан 6 миллионға жуықтады. Осылайша, жастар санатында 14 пен 35 жас аралығындағылар саналады. Яғни осы санатта орта мектеп деңгейінде кейінгі кезде ел бойынша жаппай бұқараға жеткізіліп жатқан өрескел бұзақылық, зорлық-зомбылық факторлары да бар. Еліміздің жасөспірімдері арасындағы бұзақылық, тәртіпсіздік, тәрбиесіздік, зорлық-зомбылық кейінгі кезде ғана өршіді ме? Әлде бұл бұрыннан бар жағдай, тек қазіргі таңда әлеуметтік желілер көмегімен ашылып жатыр ма?
Еліміз жасөспірімдер арасындағы суицид жөнінен әлемде алғашқы ондықтан көп жыл қатарынан түспей келеді. Соның ішінде 9-14 жас аралығындағы балалар мен 15-24 жас аралығындағы жастар суициді бойынша 6-орында тұрмыз. Осы жас аралығындағы суицидке барудың басты себебі мектептегі буллинг, зорлық-зомбылық пен отбасындағы зорлық-зомбылық екені айтылады.
Жеткіншектер тәрбиесіндегі өрескел қателіктермен жұмысқа қоғам болып кірісуіміз керек. Дәстүрлі «Кім кінәлі?» деген сұрақты қою қазір орынсыз. Бала, ата-ана, сынып жетекшісі, мұғалімдер, мектеп, қоршаған орта – қатыгездікке жол бергеннің бәрі кінәлі. Не істеуіміз керек? Балалар тәрбиесі мәселесі жөнінен терең зерттеу нәтижесінде дайындалған кешенді елдік бағдарлама қажет.
ХХ ғасырдың 80-90-жылдары Исландия жеткіншектері арасында бұзақылық, есірткі, ішімдікке салыну өршіген екен. Ең алдымен, ел бойынша жасөспірімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде балалардың мұндай мінез-құлқының басты себебі ретінде ата-ананың бала өміріне қатыспауы не аз болуы анықталады. Елдің бас қаласы Рейкьявиктен бастап ата-аналар қауымымен, үкіметпен кешенді шаралар қолға алынып, қазір Еуропаның бірқатар қаласы Исландия үлгісімен жастар тәрбиесі реформасын жүргізіп жатыр. Мысалы, Исландияда ата-ана балаларымен мүмкіндігінше көбірек бірге уақыт өткізуі үшін олардың жұмыстан ертерек үйге қайтуына жағдай жасалған. Ата-ана үйіне 4-5-ке дейін оралуға тырысып, балаларымен 8-ге дейін уақытын өткізуге тырысқан. Реформа қолға алынған кезеңде жеткіншектердің түнгі 10-нан кейін далада, қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынған. Ата-аналар кешкі уақытта жаңа тәртіптің қатаң сақталуы үшін еріктілік негізінде түнгі кезекшілік пен рейдтер жүргізген. Жеткіншектер бос уақытын мейлінше спорт, өнермен айналысуы үшін жылына әр жасөспірімге 500 доллар бөлінген. Рейкьявик мэрі кезінде чемпионатта Англияны жеңуіміздің басты себебі де осы реформа дейді.
Әрине, бізге Исландия реформасын айнытпай қайталаудың қажеті жоқ. Бірақ сол іспеттес оң нәтиже берген үздік үлгілерді зерттеп, өзіміздің ерекшеліктерімізді ескеру арқылы жастар тәрбиесі бағдарламасын қабылдаған жөн. Қазіргі заман тыйымдар заманы емес, бірақ ұлт келешегі – жастар осындай надан, көргенсіз, тәртіпсіз, тәрбиесіз, сотқар, бұзақы болса, нақты бір оң нәтижеге жеткенше қатаң шаралар керек те шығар...
Білімге сенер заманда қапы қалмайық
Абылайхан ӘБДІРӘШ,
«Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы, «Alayaq.net» жобасының негізін қалаушы:
– Әр ұрпақтың өз түсінік-көзқарасы барын ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлттық статистика бюросының дерегіне зейін салсақ, егер 2010 жылы жаратылыстану, ғылыми және инженерлік мамандықтар бойынша оқитын студенттердің үлесі 46,2%-ды құраса, 2020 жылға қарай ол 38,7%-ға дейін төмендеген. Сондай-ақ бизнес, басқару және құқық сияқты бағыттар сол кезеңде 27,3%-дан 35,4%-ға дейін өскен.
Егер өткен ғасырдың 50-60-жылдарында жастар ғалым немесе ғарышкер болуды бедел тұтып, армандаса, қазіргі буынды IT саласының мамандықтары көбірек қызықтырады. Оның үстіне блогер, табыс көп әкелетін фриланс мамандықтарын таңдап жатады. Сауалнамаларға сәйкес 18-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 60%-ы өмірде табысқа жету үшін іргелі ғылыми білімге тереңірек үңілуден гөрі кәсіпкерлік және технологиялық дағдыларды дамыту маңыздырақ деп санайды. Бұл қазіргі жастардың құндылық бағдарларының өзгергенін аңғартады. Сәйкесінше, материалдық әл-ауқат пен жылдам мансаптық өсу бірінші орынға шығып отырған секілді. Себебі жас буынның басым бөлігі жеңіл ақша табуды армандайды және тез баюға ұмтылады.
Ұлттық банк мәліметінше, қаржы пирамидаларынан және басқа да алаяқтық схемалардан зардап шеккендердің жалпы санының шамамен 20%-ы – 18-29 жас аралығындағы азаматтар. Демек жастар – әртүрлі алаяқтардың оңай олжасы. Содан болар, кейінгі жылдары «инфобизнес» саласының танымалдылық бәсі артты. Сондықтан сарапшылар жастар дамуы мен олардың дағды, біліктіліктерінің қалыптасуында білім беру мекемелерінің орны ерекше екенін айтады.
Мен жастармен тығыз жұмыс істеймін. Бәрі бірдей нашақорлыққа, тәрбиесіздікке, білімсіздікке бой алдырып жүр деп айта алмаймыз. Терең іргелі білім алуға, инновациялық идеяларды дамытуға және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге ұмтылатын жас буын бар. Қазіргі заман талабына сай жастар бұрынғыдай білімді тек мектептен немесе жоғары оқу орнынан ғана емес, өз бетінше алуға да қауқарлы. Бұл әсіресе жаңа технологиялар, әлеуметтік кәсіпкерлік, креативті индустрия салаларында байқалады.
Әрі Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес түрлі ғылыми зерттеу конкурстары мен олимпиадаларға қатысатын жас отандастарымыздың саны жыл сайын 7-10%-ға өсіп отыр. Олардың көпшілігі болашақта табысты ғалымдар, инженерлер және техника саласындағы кәсіпкерлер болатынына сенімдімін. Тек жастардың құндылықтар жүйесін қалыптастыруда мемлекет олардың сапалы білім алуына, еңбекқорлық, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңіруге және ұзақмерзімді перспективалы ғылыми және инженерлік кәсіптердің беделін арттыруға күш салуы қажет.
Осындай бағыттардың бірі – жастарға тәжірибелі мамандар мен инновациялық кәсіпорындардың қолдауына сүйене отырып мансаптық жолын саналы түрде таңдауға мүмкіндік беретін ерте кәсіптік бағдарлау және тәлімгерлік бағдарламаларын дамыту. Сондай-ақ тәжірибеге сыни ойлауды жетілдіруге арналған заманауи оқыту әдістемелерін енгізу. Бұл жастарды жаңа ғылыми және технологиялық шыңдарды бағындыруға шабыттандырады. Сондықтан хан Абылай айтқандай:
«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік,
Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік».
Байқап, бағдарлағанымыз, рухани жаңғыру идеясы бүгінгі уақыт талабынан туындап отыр. Қазіргі жас буынға ұлттық құндылық аясындағы тәрбие керек. Бұл – бір ғана отбасы институтының емес, дүйім қоғамның алдында тұрған басты міндет. Өйткені түптеп келгенде тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеу мемлекет мінберіндегі өткір мәселелердің туындауының бір себебі болып тұр.
Дайындаған –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»