• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Жәдігер 07 Маусым, 2024

«Әй-әй ақынның» ақ шапаны

70 рет
көрсетілді

Қостанайда халық ақыны Қонысбай Әбілдің 70 жылды­ғына арналған ақындар айтысы басталды. Кілең дүлдүл ақындар бас қосқан жыр додасы өтіп жатқан Жастар сарайының үлкен холында ақынның жеке заттары көп­шілік назарына ұсынылды.

Көрмеге қойылған бұйымдар ішінде кезінде айтыссүйер қауымның көзі үйреніп қалған Қонысбай ағаның ақ шапаны, бөркі, домбырасы, баяны бар. Халық сүйіспеншілігіне бөленген ақынның көзіндей болған құнды заттардың бәрін Астанадан ақынның жары Мүнира Мауытқанқызы арнайы ала келген.

«Бұл шапанның дизайнын Қоныстың өзі жасап шықты. Осы Астанаға көшіп келген соң тігілген шапан. Ішінде бешпеті, көйлегі, шалбары, аяқкимі бар. Оның бәрін ұшақпен әкеле алмадым. Жалпы, Қоныстың өзі ұстаған, тұтынған дүниелері көп қой. Оларды Қостанай музейі де, Ұлттық музей де сұрап жатыр. Өзіміздің Айбек те ақындар мектебін ашып жатырмыз деді, оған да біраз затын беруім керек. Жалпы, ол кісі өте ұқыпты болатын. Барлық заты өз орнында тұратын. Өлең жазғанда да, ойсыз өлең жазылмайтын. Жұмыс үстелінің үсті жып-жинақы, басы артық бір қағаз жатпайтын. Атын атай берейін енді, атам ғой, Ғафу атамыздың өзі «Торғайда мықты ақын бар Қоныс деген, Шеберден айналайын оны істеген» деп айтып кетті ғой. Қоныстың бүкіл болмысы осы екі жолға сыйып тұр. Қостанайға Қоныстың гармошкасын да ала келдік. Оны өзі солақай тартатын. Кезінде кішкентай Қонысқа осы гармошканы алып бергенде ауылда тартатын адам табылмапты. Содан атам марқұм өз бетімен солақай тартып үйренген, өмірінің соңына дейін солақай тартып кетті», деді ақынның жары.

Көрмеге Торғайдың топжарғаны Нұрқан Ахметбе­ковтің 100 жылдығында Қонысбай ақынға тарту етілген қара домбыра да қойылған.

 

Қостанай облысы