Алматыда олимпия ойындарына дзюдодан 60 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасы атынан қатысатын спортшы анықталды. Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу белдесуінде Елдос Сметов үздік атанды. Ол өз кезегінде командаластары Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаевтан басым түсіп, Париж Олимпиадасына қатысу құқығына ие болды.
Олимпия ойындарына әр елден әр салмақ бойынша тек бір спортшы қатысатынын ескерсек, 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде үш дзюдошы, атап айтқанда, Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев және Мағжан Шамшадин олимпиадалық рейтингте жолдама иегерлері тізімінде болды. Сондықтанда өзара іріктеу белдесуі ұйымдастырылды.
Елдос Сметовтің бұл – үшінші Олимпиядасы. Жерлесіміз 2016 жылы Рио Олимпиадасында алтынға бір қадам қалғанда сүрінді. Финалда ресейлік Беслан Мудрановқа қосымша уақытта «вазари» әдісімен жеңілді. Токио Олимпиядасы жартылай финалында татами иесі Наохиса Такатодан қосымша уақытта есесі кетіп, қола медальды қанағат тұтқанын көзімізбен көрдік. Енді міне, 32 жастағы Е.Сметов үшінші мүмкіндікке ие болып отыр.
Байрақты бәсекеге Қазақстан ұлттық құрама командасынан сегіз дзюдошы қатысады. Оның жетеуі – өз салмақ дәрежелерінде жекелей сайысқа қатысса, бір спортшы аралас-командалық жарыстың лицензиясына ие болды.
Әйелдер: Абиба Абужақынова (48 кг), Камила Берліқаш (+78 кг), Эсмигүл Куюлова (аралас-командалық жарыс).
Ерлер: Елдос Сметов (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Нұрлыхан Шархан (-100 кг).
Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы олимпия ойындарында дзюдо бойынша жарыстар 27 шілде мен 3 тамыз аралығына жоспарланған.