• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Шахмат 11 Маусым, 2024

Азия чемпионатында 650-ге жуық жас шахматшы бақ сынайды

65 рет
көрсетілді

Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында жасөспірімдер арасында шахматтан 26-Азия чемпионаты басталды.

KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы, Туризм және спорт министрлігі, Азия шахмат федерациясы, Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан чемпионаттың бас серіктесі – «Freedom Holding Corp.» компаниясы.

10-20 маусым аралығында ха­лықаралық деңгейдегі шахмат турнирлері арасындағы рекордтық көрсеткішке ие болған чемпионатта әлемнің 34 елінен келген 7-18 жас аралығындағы 650-ге жуық жас шахматшы классика, рапид және блиц бойынша бақ сынасатын болады.

«Осындай беделді турнирді өткізу бізге деген жоғары сенім­ді көрсетеді әрі Азия шахмат фе­дерациясындағы ұстаны­мымызды нығайтуға мүмкіндік береді. Чем­пионат ел шахматын, жаңа есім­дерді танытуға, жас шахмат­шы­ларымыз үшін байыпты бәсе­ке­лестік тәжірибе жинауға тамаша мүмкіндік туғызады деп сенеміз. Біздің команда турнирді сапалы ұйымдастырып қана қоймай, қонақтарға Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін, сондай-ақ Алматының көркем табиғатымен танысуға мүмкіндік беретін қызықты шаралармен толықтыруға барынша тырысты», деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

KazChess бірінші вице-пре­зиденті, Азия шахмат фе­дера­циясының вице-прези­денті, гроссмейстер Дәрмен Сә­дуа­­қасовтың айтуынша, 26-жас­өспірімдер арасындағы Азия чемпио­наты Ираннан Жаңа Зеландияға дейін­гі кеңістікті қамтып, шахмат әле­міндегі үрдістерді жария ететін маңызды оқиғаға айналып отыр. Бүгінде тәжірибе көрсеткендей, Азия чемпионаттары болашақ шахмат жұлдыздарын әлемге танымал ететін кәсіби алаңға айналып үлгерді. Бұл чемпионат 200-ге жуық жас шахматшы үшін қыр­күйек айында Будапеште өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына ашылған үлкен қақпа іспетті.

Чемпионатқа қатысушылардың арасында халықаралық шеберлер – жақында үшінші гроссмейстерлік норманы орындаған Қазақстаннан Алдияр Ансат және Үндістаннан Суреш Харш U18 санатында бақ сынайтын болса, халықаралық дәре­жедегі шеберлер – Қазақстаннан Амина Қайырбекова, Өзбекстаннан Мафтуна Бобомуродова қатысып, U18 бір санатында ойынға қаты­сатын болады. Биыл Әлем чемпионы атағы үшін сайысатындар қатарында 2018 жылы Таиландта өткен 12 жасқа дейінгі Азия чемпионатында бес алтын медаль иеленген үнді гроссмейстері Гукеш Доммараджу, сонымен қатар шахматтан әйелдер арасындағы халықаралық шебер, 2022 жылғы әлем чемпионатының 16 жасқа дейінгі күміс жүлдегері Нгуен Хонг Нюнг бар. Чемпионатқа ерлер арасында 24 және әйелдер арасында 11 ФИДЕ шебері қатысып жатыр.

Қазақстан шахмат федера­циясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова Азия чем­­пионатына қатысып жатқан рес­публиканың талантты жас шах­матшыларына сәттілік тілей отырып, олардың халықаралық чем­пионаттағы жетістіктеріне тоқ­талды. «Біздің жас шахматшыла­рымыз былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен чемпионатта жалпы командалық есепте 3-орынды иеленді. Олар Қытай, Үндістан, Ресей сияқты шахмат спорты жақсы дамыған елдердің шахматшыларымен тең дәрежеде ойын көрсетіп, еліміздің беделін халықаралық додаларда биіктерден көрсетіп жүр. Республикалық шахмат федерациясы тарапынан 45 шахматшыға грант бөлініп, олар кәсіби жаттық­тырушылар дайындығынан өтті. Бүгінде республикада шахмат кә­сіби деңгейде ғана емес, қоғамдық спорт түрінде дамып келеді. Бұл бағытта Респуб­ликалық шахмат федерациясы былтыр ел өңірлерінде 20 филиал ашып, «Шахмат керуені» жобасын жүзеге асырған болатын. Ал биыл осы шаралар жалғасын тауып, шахматтан «Senat Open» турнирі өтіп жатыр. Алдағы уақытта да елімізде шахмат турнирлері жалғасын таба беретін болады», деп атап өтті федерация өкілі.

26-жасөспірімдер арасын­дағы Азия чемпионаты таза эко­логия және тұрақты даму ұраны­мен өтіп жатыр. Турнир қаты­су­шылары қолданылған барлық плас­тик түрлерін арнайы вело­шре­дерде қайта өңдеуден өткізіп, жеңімпаздарға сыйға тартылған кубоктердің қайта өңделген өнім­дерден жасалғанына көпшіліктің назарын аударатын болады. Бұл өскелең ұрпақты қоршаған ортаның дамуына үлес қосуға, табиғатты ая­лауға үндейді.

Әлемнің шахмат жанкүйер­лерінің назары ауып отырған чемпионатты «Kazsport» арнасының сайтынан, сондай-ақ Балуан Шолақ атындағы спорт кешеніне келіп тамашалауға болады.

 

АЛМАТЫ