Күн сайын емес, тіпті сағат сайын да емес, сәт сайын Жер шарының тұрғындары тастайтын тұрмыстық қалдықтардың нақты есебі жоқ екені белгілі. Есесіне осы мәселені түпкілікті зерттеп жүрген мамандар әлем мұхиттарында 170 триллиондай пластик бөлшектері қалқып жүргенін мәлімдеген еді. Мәселен, дүниежүзінде 1950-жылдан бері жылдық пластик өндірісі 0 деңгейінде болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 335 миллион тоннаға дейін көтерілген.
Сондықтан сарапшылар қоқыстарды сұрыптап, кәдеге жаратуға бала кезден дағдыландыру қажеттігін айтып жүр. Егер нақты әрекет туралы баяндайтын болсақ, Алматы қаласы Теректі шағын ауданындағы «Айша» балабақшасының алаңында «Қалдық заттарға екінші өмір сыйлау» тақырыбында семинар-практикум өтіп, қоғам белсенділері мен ата-атаналарға қоса, «Атамекен» Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты.
Мысалы, БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының мәліметтеріне сәйкес, әлемде жыл сайын 400 млн тонна пластик өндіріліп, шамамен оның 79%-ы полигондарға немесе қоршаған ортаға түседі. Өкінішке қарай, оның бар болғаны тек 9%-ы қайта өңделеді.
«Осындай жағдай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай әлемдегі пластик қалдықтар мен қоқыстың көлемі 12 млрд тоннаға жетеді. Демек адамзат қалдықтарды сұрыптап жинап, қайта өңдеуді қолға алмаса, планетаға орасан зор залал келтіріледі», дейді «Айша» жекеменшік балабақшалар желісінің құрылтайшысы Ұлдар Еділова.
Ал микропластик мәселесіне тоқталатын болсақ – ол тамаққа, суға және ауаға енетін диаметрі 5 мм-ге дейінгі ұсақ бөлшектер. Болжам бойынша, планетадағы әрбір адам жылына 50 мыңнан астам пластикалық бөлшектерді тұтынады, егер ингаляцияны ескерсек, ол айтарлықтай көп. Лақтырылған немесе өртенген бір реттік пластик адам денсаулығы мен биоалуантүрлілікке зиян келтіреді, тау шыңдарынан теңіз түбіне дейінгі барлық экожүйені ластап жатыр.
Сондықтан семинарды ұйымдастырушылар күнделікті тұрмыста аса мән бере бермейтін қатты тұрмыстық қалдықтарды ұтымды кәдеге жарату және оларды қайта өңдеуді әріптестеріне және балаларға түсіндірудің маңызды екенін жеткізгісі келеді. Мамандардың айтуынша, балаларға экологиялық тәрбие беруде ата-ананың рөлі орасан.
Өскелең ұрпаққа өнеге танытуды көздейтін семинар-практикумда балдырғандарға «Жібек жолы» – ұлттық тәрбие» көрінісі қойылды. Көрініс барысында балабақша мамандары балалармен бірге ұжымдық жұмыс жүргізіп, қалдық материалдардан жұмыртқа латогі, әжет қағазы, картондардан көлемді түйе мүсіні, жануарлар мүсіндері жасалды. Папие-маше әдісі қолданылды. Осы үдерісте балалардың еңбек етуге талпынысы, құлшынысы сезілді.
«Қоқысты сұрыптау сияқты дағды тәрбие экологиялық мәселелермен тығыз байланысты екені белгілі. Саналы және дені сау ұрпақты тәрбиелеу үшін баланы планетамызға қамқорлық жасауға үйрету маңызды. Осы бағытта балабақшалардағы осындай практикумдар өте тиімді тәлім деп санаймын», деді Алатау аудандық білім бөлімінің бас маманы Мәншүк Зейітова.
Кездесуде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жанар Ибрагимова: «Бала тәрбиешінің қасында жүріп жоқтан барды жасауды үйренеді, қоқысқа тасталатын бұйымдарды кәдеге жаратып, қалдықсыз өнім дайындауға болатынын, оны жәрмеңкеге шығарып сатып жатқан жағдайда кіріс пен шығысты есептеуді, кәсіпті дөңгелетуді зерделейді. Қаржылық сауаттылық та балабақшадан басталады», дейді.
Қоқысты дұрыс бөлектеп, кәдеге жарату бағытындағы кәсіпорындардың да рөлі маңызды. Мысалы, «Kazakhstan Waste Recycling» ЖШС ай сайын шамамен 4 мың тонна макулатура жинап, сұрыптайды. Осылайша 85 мыңға жуық ағаш немесе 10 шаршы шақырым орманды кесуден сақтайды.
Сонымен қатар балақайлар «Бір уыс мақта» ертегісі, «Мен екілік алып қалдым» қойылымын қойды. Айтпақшы, Қуыршақ театрының реквизиттері мен қуыршақтардың өзі де шұлықтан, ескі ойыншықтардан жасалған.
Осылайша, балабақшадағы әдемі бастама соңы тәрбиешілер мен ата-аналарға қалдықтардан пайдалы ойыншық жасауды үйрететін шеберлік дәрісіне ұласты.
АЛМАТЫ