Елорда төрінде мамыр айында шымылдығы түріліп, шілдеге дейін жалғасатын бірегей өнер думаны – «Опералия-2024» халықаралық музыкалық фестивалі жарқын бағдарламасымен көрерменін қуантып келеді. Соның бірі – «Астана опера» сахнасында өткен жұлдызды гала-кеш. Айтулы шара әлемдік деңгейдегі көптеген үздік орындаушылардың басын қосып қана қоймай, классикалық және заманауи туындылар ұлттық қойылымдармен жарасымды үйлесім тапқан тамаша бағдарлама ұсынды.
Иә, дәстүрге сай фестиваль ұйымдастырушылары жыл сайын жаңа ұлттық өнер туындыларын көрермен назарына ұсынып, бағасын алып келеді. «Опералия» қатысушылары биыл да сол әдеттен танбады. Жарқын қойылымдар мен жаңашыл музыка –– көпшілік көрермен үшін тамаша тарту болғаны сөзсіз. Соның ішінде әсіресе екі премьера бекзат өнер жанкүйерлерінің айрықша назарын аударды. Оның бірі – «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына қойылған Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің хореографиясындағы «Жәрмеңке» балеті. «Жәрмеңкедегі» жарқын әрі колориттік көрініс халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтап, еліміздің бай мәдени дәстүрін жан-жақты қырынан шебер бейнеледі. Сондай-ақ Анвара Садықованың «Steppe Sons» альтернатив-фолк тобының музыкасына қойған «Сарматтық абыз әйел» атты тағы бір жаңа нөмірін Әмина Кисембаева мен балет әртістері кемеліне келтіре орындады. Айтулы би көрермен арасында үлкен сілкініс туғызып, көпшілікті бейнелердің тереңдігімен һәм айрықша мазмұндық мәнімен таңғалдырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тамаша туынды алдағы XII маусымда «Астана опера» театрының балеттік гала-бағдарламаларының афишаларынан орын алады.
Жалпы, опера мен балет өнерінде қытайлық әртістер сапарға сараң, ел аралап жиі жүре бермейтін, шақырған халықаралық шараларға көп келе бермейтін меймандардың қатарынан саналады. Сондықтан болса керек, олардың өнер көрсетуін балетті бағалайтын жандар тағатсыздана күтті. Әсіресе Ляонин балетінің премьері Чжан Хайдун (Ляонин провинциясының «Ең сымбатты жастар» атағының иегері) мен оның серігі Ляонин балетінің солисі Сунь Хуэйсиньнің орындауындағы Мариус Петипаның хореографиясындағы Петр Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен па-де-дені лық толы зал зор қошеметпен қарсы алды. Талғампаз көрерменнің құрметі орынды. Себебі бұл кеште қытайлық әртістер балет өнеріндегі техникалық мінсіз тазалық пен эмоциялық тереңдікті асқан шеберлікпен паш ете білді.
Бұдан бөлек, Чжан Хайдун мен Чжан Юйи Эцио Боссоның музыкасына қойылған Патрик де Бананың хореографиясындағы «Skydance» нөмірін орындады. Театр репертуарында жүретін «Дала үні» балетінің арқасында елордалық көпшілік бұл балетмейстердің еңбегімен жақсы таныс. Оның бұл нөмірі көрермендерді өзінің эмоциялық қанықтығымен және бірегей хореографиялық шешімдерімен баурап алды.
Сонымен қатар елорданың балеттік афишасында таныстырылмаған тың туындылар да көпшіліктің қызығушылығын оятты. Мұндай мінсіз туындылардың көшін ресейлік өнерпаздар алып келген Хольгер Симон Паулидің музыкасына қойылған Август Бурнонвильдің хореографиясындағы «Брюггедегі жәрмеңке» балетінен па-де-де бастайды. Оны «Орал операның» примасы мен премьері Елена Воробьева («Үздік әйел рөлі» аталымындағы «Золотая маска» ұлттық театр сыйлығының лауреаты) және Алексей Селиверстов («Михайловский театрының Гран-при», Ресейдің Дельфий жастар ойындарының, Берлиндегі «Tanzolymp» халықаралық фестивалінің лауреаты) таныстырды. Орындаушылар кейіптеген бейнелер соншалықты жеңіл әрі нәзік сомдауымен көрермендерді таңғалдырды. Талантты әртістер тандемі Бурнонвильдің мәнері мен дәуір рухын дәл жеткізе білді.
Бишілер таныстырған заманауи хореографиялық жұмыстар да бағдарламадан маңызды орын алды. Атап айтсақ, Антонио Вивальдидің музыкасына қойылған Антон Пимоновтың хореографиясындағы Елена мен Алексейдің «Baroque» дуэті мұң мен сырға толы романтика һәм драмаға толы әуезділігімен көрерменін бірден баурап алды. Бұл әлбетте ұлы композитордың айрықша сезімталдығын көрсетіп қана қоймай, тандемнің талантын да танытқан тың туынды болғаны сөзсіз.
– Август Бурнонвильдің «Брюггедегі жәрмеңке» балетінен бірінші болып таныстырған па-де-деміз Дания балетінің репертуарына тиесілі. Біздің елде ол тек Екатеринбург сахнасында орындалады. Қойылымды Дания корольдік балетінің бұрынғы бишісі, қазіргі кезде олардың көркемдік жетекшісі болып жүрген Николай Хьюббе алып келді. Ол Бурнонвиль стилін орындау техникасын керемет меңгерген және оны дәл солай тамаша жеткізе біледі. Бұл па-де-де әдеттегі классикалық па-де-деден таңғалдырарлық жеңілдігімен, жинақылығымен және дәулескерлігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ оның айрықша қыры қолдардың өзгеше стильдегі қимылы болып табылады. Мәселен, классикалық балетте қолдың дайындық позициясы төменге қарай бағытталса, Бурнонвильде олар сәл көтеріңкі болады. Бірінші және дайындық позицияларының арасында тұрады, ал дене кішкене алға шығады. Егер астаналық көрермендер осыған дейін «Сильфида» балетін көрсе, онда олар бұл қолтаңбаны бірден таныды ғой деп ойлаймын, – деп ағынан ақтарылған Елена Воробьева әсерлі әңгімесін әрі қарай жалғады. – Бағдарламадағы келесі нөмір – бұл біздің балетмейстеріміз Антон Пимоновтың нөмірі. Біз оны арнайы сіздердің гала-концерттеріңіз үшін дайындадық. Антонның сөзінше, бұл дуэт композиторға және классикалық биге деген құрметтің белгісі болып табылады. Шын мәнінде, нөмір сюжетсіз, абзалында оны көңіл күйдің көрінісі десек дұрыс болар. Ол бір-біріне рухани жақын екі адамның диалогін көрсетеді. Аталған шығармалар бір-біріне ұқсамайды, десе де оларды көп нәрсе біріктіреді. Туындының хореографиялық мәтіні таза классикаға негізделген. Аяқтардың қозғалысы үйреншікті классикалық паны орындайды, ал дененің жоғары бөлігі – қолдар мен иықтар әуенмен бірге қозғалып, мәнерлі бейнелер жасайды. Бұл жай қимылдар ғана емес, сонымен бірге дененің жоғары бөлігін хореографияның әндетуші, сөйлеуші бөлігіне айналдыратын иілімді, қалқымалы, тербелмелі қозғалыстар, – деп қорытындылады балерина.
Ал жерлестеріміз София Әділханова мен Данияр Жұматаев орындаған Август Бурнонвильдің хореографиясындағы Герман Левенскольдтың «Сильфида» балетінен үзінді, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгерім Бекетаева мен Диас Құрманғазының орындауындағы Адольф Аданның «Корсар» балетінен па-де-де секілді классикалық нөмірлер «Астана опера» әртістерінің шеберлігі мен олардың классикалық балет рухын жеткізе алатын қабілеттерін айшықтады. Кештің жарқын дуэттерін де атап өтпеске болмайды, олардың қатарында Анастасия Заклинская мен Ғалымжан Нұрмұхаметтің шебер орындауындағы Раймондо Ребектің хореографиясындағы «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен дуэт бар.
Кештің шарықтау шегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Өнербаева мен Бақтияр Адамжанның өнер көрсетуі болды десек, титтей де артық айтпағанымыз. Талантты жұп Мариус Петипа мен Александр Горскийдің хореографиясына қойылған Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балетінен Гранд-паны ұсынды. Зал әртістерге дарындары мен жоғары кәсібиліктері үшін алғыс білдіріп, оларды ду қол шапалақпен қарсы алып, шығарып салды.
«Астанаға жолай соққан едім, «Опералия» фестивалі аясында гала-балетке тап болғаным мұндай керемет болар ма! Тамаша орындаушылардың әрбір қимылының әсемдігі алғашқы минутынан бастап соңғы минутына дейін баурап алды. Жас маэстро Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі оркестрдің үні қуатты әрі үйлесімді шықты, ал әртістер ерекше шеберлік пен әсемдікті паш етті. Бүкіл кеш бойы зор әсерге бөлендім, нөмірлер таңғалдырды, ұйымдастыру жағы да өте жақсы», деп алған әсерімен бөлісті Павлодардан келген көрермен Лилия Касаткина.
Балеттік феерияны «Астана операның» XI театр маусымында танымал болған «Ruh» ұлттық нөмірі аяқтады. Оны «Hassak» этно-фольклорлық ансамблінің «Аманат» музыкалық композициясына хореограф Сұлтанбек Ғұмар қойған болатын. Музыкатанушылар бұған дейін де айтулы жұмыстың стилін заманауи қазақ балетінде жаңа бағытқа айналуы мүмкін екенін бірнеше мәрте атап өткен еді. Мамандардың қырағы көзі қалт жібермепті. «Ruh», шын мәнінде, жаһан жауһарларын бір сахнаға жинаған жарқын кеште ұлттық рухымызды көтерген бірегей туынды болды.
«Опералиядағы» озық шығармалар шеруі әлбетте мұнымен шектелмейді. Алда әлі талай тамаша да тың туындылар талғампаз көрерменін қуантуға асық.