• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2015

Ырыс алды – ынтымақ

440 рет
көрсетілді

Елімізде этносаралық тату­лық­­ты сақтап, ауыл шаруа­шы­лығы саласына да жаңа серпін беру – қа­рапайым халықтың әл-ауқа­тын жақсартуға алып баратын жол. Міне, сондықтан Елбасы был­тыр­ғы жылғы «Нұрлы Жол – бо­ла­шаққа бас­тар жол» атты Жол­дауында еліміз саяси тұрақтылық пен қоғам­дық келісімнің арқа­сында үлкен жетістіктерге жет­кенін айта келіп, ел бірлігін, тату­лық пен ұлтаралық келісімді нығай­туда Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы үлкен жұмыс атқа­рып келе жатқанын атап көрсетті. Бүгінде Алматы облысында 103 этнос өкілі тұрады. Бір қуа­нар­лығы, жетісулықтар ұлтқа бөлін­бей, кәсіби мамандығына сай кел­ген жұмысты істеп, табыс та­буға машықтанған. Бі­рер мысал келтірсем, табаны күрек­­тей 26 жыл өңірдегі ауыл шаруа­­шылығы құрылымдарын басқа­рып, елдің ұйғарымымен Қаратал аудандық мәслихатының екі дүр­кін шақырылымының депутаты болдым. Халықтың сенім артуының басты себебі, тоқырау жылдары ауылдастарым күнкөріс қамын күйттеп, қалайда жан бағуды ойлап ертеңгі күнге деген сенімдері сетіней бастағанда, Елбасының сарабдал саясатын өзім ғана ұс­та­нып қоймай, соңымнан елді, яғ­ни этнос өкілдерін ерте білдім. Өт­пелі кезең қиындықтарын бірле­се жеңу үшін 1994 жылы «Қаратал» акционерлік қоғамын құ­рып, бұрынғы ұжымшардың бір кір­пішін де бұзғызбай сақтап қалдым. Заңнама шеңберінде әрекет етіп, жемісін елге жегізудемін. Оған халық куә. Ел бірлігін, ынтымағын сақтау­ды ұлтқа бөлінуді біл­мейтін жерлестерімнің санасына сіңі­ре беруді парыз санай­мын. Ұс­тан­ған жолымның дұрыс­тығы болар, ауылда еңбек көрігін қыздырып жүргенімде, яғни 1999 жылы ойламаған жерде Ас­та­наға шақырту алдым. Міне, ға­ламат. Ақордада Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен омырауыма «Құрмет» орденін тақты. Сол бір сәттегі қуанышымда шек болмады. Ша­дыман шаттыққа бөленіп тұрып, Мемлекет басшысының қолы тиген орденімді сипап та қоямын. Сөйтіп, Елбасымен бірінші рет қол алысып амандасу бақытына ие болған едім. Екінші рет 2014 жылдың 18-20 тамызында Елбасы жұмыс сапарымен Алматы облысына келгенде қарсы алып, алдымен қол алысқан үш адамның бірі болдым. Сол қуанышты сәттерім жайлы сан сауалын ағытатын қазақ, орыс, корей және тағы басқа этнос өкілдеріне айтарым, Елбасымен жүзбе-жүз кездесудің жөні бөлек. Ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң толқисың, тебірене тұрып келелі ой түймеске әддің қалмайды. Тосын сұрақ қоя қалса, мүдірмей жауап беруге дайын тұрасың. Бұл адамның өзін өзі шыңдау қадамы деп санаймын. Сондай сәттерде аграрлы саланы дамытудың ойтамызығы да көкейіме мықтап түйіле тү­седі. Осы ойтамызық еңбекке құл­шы­нысымды күшейтеді. Қазақта «Ырыс алды – ынтымақ» деген сөз бар. Елбасымен кездескендегі түйген келелі ойымды облысымызда мемлекеттік саясатқа сай атқарылып жатқан жұмыстар дөп басатыны қуантады. Бақыт СМАЙЫЛОВ, «Қаратал» АҚ төрағасы. Алматы облысы, Қаратал ауданы.