Италиялық «IVECO» маркасымен белгілі арнайы жүк көліктерін құрастыратын «STAHLBAU» ЖШС елімізде 2015 жылдың көктемінен бері жұмыс істейді. Астана қаласы маңындағы №1 индустриялық парктен 4 гектарға жуық жер алып, жұмысын бастаған серіктестік нарыққа ең қажетті автомашиналар құрастырады. Жобалық құны 1,2 млрд теңгені құраған өндіріс орнын арнайы аралағанымызда сапасына да, сырт бейнесіне де көз тоятын түрлі жүк көлігін көрдік.
Әдетте, қала тазалығы – барлығымызға ортақ. Мұны кез келген адам түсінетіні анық. Отырған орнымыз немесе ауламыздан бөлек, көше тазалығын сақтау да үлкен жауапкершілік. Біз білетіндей, тазалыққа жауапты мекемелер адамдармен қатар, түрлі техника көмегіне жүгінеді.
Әрі олардың атқаратын міндеті де әртүрлі. Бірі қыс айында қар тазалайды, тайғақ болдырмау үшін тұзды құм себеді, енді бірі жаз айында жол үстін сыпырып, шаң басу үшін су шашады. Енді бірінің жүгі тіптен ауыр: айтып отырған көлігіміз қала ішіндегі шағын аудандарды тынымсыз шарлап, белгіленген жердегі қоқыс жәшіктерін босатып жатады. Дұрысы, ондағы сіз бен біз тастаған түрлі қалдықты өз бункеріне нығыздай тиеп, қала сыртындағы арнайы орынға апарып төгеді. Бұл жұмыстың күнделікті, тәулік бойы дамылсыз жүретінін көбіміз байқай да бермейміз. Ал жоғарыда айтып кеткен «STAHLBAU» серіктестігі италиялық «IVECO» компаниясымен бірлесе отырып, жылына 100-ге жуық дәл осындай «тазалықшы» жүк көлігін тапсырыспен құрастырып келеді.
«Қоқыс тасуға немесе жалпы тазалыққа арналған жүк көліктерінің барлық бөлшегі, яғни қаңқасы, қозғалтқышы, электрлі жабдықтары – бәрі-бәрін арнайы мамандарымыз қабылдап, құрастыру жұмыстарын бастайды. Бір жақсысы, зауыттағы жігіттердің басым көпшілігі – әмбебап. Олар көлік құрастырушы да, электрик те, дәнекерлеуші де бола алады. Барлығы – 38 адам. Жалпы, машина құрастыру бойынша зауыт ішінде бес пост бар. Әр постың өзіндік міндеті болады. Бірі – қаңқадан бастап алдыңғы және артқы көпірлерін жинап, жүрістік бөлігін нықтайды. Екіншісінде пневматикалық және электрлі құрылғылар, ал үшінші поста мотор мен қосалқы жабдықтар орнатылады. Төртіншісінде шанақ қойылып, оған қажетті заттың барлығы бекітіледі», дейді зауыт директоры Максим Сломинский.
Оның айтуынша, бесінші поста құрастырылып болған көлікке қажетті сұйықтықтар (мотор майы, тосол, дизель, т.б.) құйылып, соңғы тексерістен өтеді. Осылайша, қажетті көлік әбден дайын болған соң зауыт басшылығы тапсырыс берушінің қолына кілт ұсынады. Айтпақшы, кәсіпорын цехын аралап жүргенімізде өзіміз «самосвал» деп атап кеткен ауыр жүк көлігін көрдік. Еңгезердей әрі қып-қызыл түске боялған «АSTRA» деп аталатын автомашинаның тек артқы жүк тиегіші жоқ. Кейін білгеніміздей, онысы бояу камерасында сырланып жатыр екен.
«АSTRA» да – италиялық марка. 30 тоннаға дейін жүк тией алады. Көбіне-көп кен қазу, құрылыста топырақ, тас тасу жұмыстарына таптырмас техника. Қазір біз құрастырған мұндай машиналар еліміздің біршама құрылыс және геологиялық компаниясында бар.
«Бұл да Италиядан бөлшек түрінде келіп, біздің кәсіпорында толықтай құрастырылады. Тек артқы жүк тиейтін қорабы ғана елімізде жасалады. Осы №1 индустриялық паркте бірлескен әріптес серіктесіміз бар. Олар Теміртаудағы зауыттан алынған шикізатты бөлшек түрінде формаға келтіріп, өңдеп, бізге табыстаса, біздің жігіттер оны дәнекерлеп, көлік көлеміне сай жүк тиегіш қорап істейді. Одан кейін қажетті түске бояп, бірден құрастырылған жүк көлігінің үстіне орналастырамыз», дейді зауыттағы құрастыру цехының басқарушысы Мерей Базаркелді.
Зауыт өнімдеріне тапсырыс еліміздің әр өңірінен түсіп жатады. Сұраныс көшін Алматы бастап тұр. Былтыр Жезқазғаннан да мол тапсырыс түскен.
«Біз көлікті тапсырыс берушінің ұсынысына қарай дайындаймыз. Дайын болған соң, көлікті жеткізіп, барлық жүйесін түсіндіріп береміз. Сондай-ақ 30 тонналық ауыр жүк көліктерінен бөлек, «IVECO» маркалы қоқыс таситын жүк көліктері де біркелкі болмайды. Кубтық есеппен өлшеніп, 8-ден 20 кубқа дейінгі өлшемдегі қоқыс жинайтын автомашиналар дайындап келеміз. Қар тазалайтын немесе жаздыгүні су шашып, жол сыпыратын көліктеріміз де сондай», дейді Мерей.
Цех басқарушысының айтуынша, мамандарға ең оңайы «АSTRA» жүк көлігін құрастыру екен. «Тазалықшы» көліктердегідей көпфункциялы емес, барлығы жүйелі әрі тез жиналады.
Сырттан келген бөлшекті құрастыру жаңалық болып па дерсіз. Бірақ шетелдік автоөнеркәсіптегі тың жаңалықты тосырқамай, сіңіріп, оны (брендтік таңбаны) елге әкеліп, өзіміздің жігіттердің бір қолдан нарыққа шығаруы – үлкен еңбек.