Алматы облысында қазақ халқының ұлттық мұрасы – домбыраның қадір-қасиеті, күй өнері мен халық музыкасы кеңінен дәріптелді. Қонаев қаласында Ұлттық домбыра күніне орай, рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталған тағылымды іс-шара өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта ұйымдастырылған іс-шараға өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев қатысып, елдің еңсесін көтеріп, рухын оятатын мерекемен құттықтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күніне орай: «Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ Ұлы дала дәстүрін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз», деген болатын.
Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен бүкіл болмыс-бітімі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын ен жайлаған халқымыздың сан ғасырлық шежіресі, ішкі жандүниесі жатыр», деді облыс әкімі.
Мерекелік кеште көрерменнің құлақ құрышын қандырып, өнерсүйер қауымды сүйсінткен композитор, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек Қонаев қаласын думанға бөлеген іс-шара көңілінен шыққанын айтты. Айтулы мерекенің мән-мазмұны туралы да сөз қозғады.
«Домбыра күні арнайы мереке болып бекітілгеннен бері домбырашы жастардың көбейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Бұған қарап біз де марқайып, шабыттанып қаламыз.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, әр күні ұлттық аспапты қастерлеп, төрде ұстау керек. Сонда келер ұрпақ өзі-ақ домбыраның күмбіріне көңіл түріп, ұлықтап өтетін болады», дейді әйгілі күйші.
Кеште сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, «Алатау серілері» тобы, «Ақ жауын» камералық оркестрі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Олар ұлттық өнердің өн бойыңды шымырлататын шығармаларын орындап, тыңдарманның талғам-талабын тереңдете түсті.
Алматы облысы