• RUB:
    6.17
  • USD:
    471.04
  • EUR:
    538.54
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:43

Жастар жүрегіндегі шаһар

Елорда күніне орай Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында қойылған «Астана, мен сені сүйемін!» би альманахы көрерменге тамаша тарту болды. «Alem Dance Theatre» ұжымы бас қалаға арман арқалап келген мыңдаған жастың өмір жолын хореография тілімен әсерлі баяндады.

Спектакльдің идея авторы Әнел Ислямова адам өміріндегі маңызды кезең­дерді он екі сахналық көрініс арқылы өрбіткен. Шамаданын көтеріп, елордаға алғаш келген жастың тол­қынысы, студенттік шақтың қызығы мен қиындығы, достық, махаббат, кәсіби қалыптасу, күмән мен күйзеліс, туған жерге деген сағыныш пен қайта түлеген үміт – осының барлығы сөзсіз, тек хореография арқылы көрермен жүрегіне жол тапты. Қойылымның өзегіне айналған ойдың бірі – айдалада бой көтерген Астана батылдық пен тәуекелдің жемісі болса, осы қалаға арман арқалап келген әр адамның тағдыры да дәл сондай батыл қадамнан бастау алуы. Осы жолдағы қиындықтар мен өмір тәлкегі «Қоштасу» және «Шексіз аспан» көріністерінде әсерлі бейнеленген.

Қойылымда әр хореографтың өзіндік қолтаңбасы анық сезілгенімен, барлық бөлімді біріктірген ортақ идея жоғалмаған. Музыкалық сүйемелдеу, жарық режиссурасы, сахналық кеңіс­тіктің шешімі мен әртістердің кәсіби шеберлігі спектакльдің эмоциялық әсерін бірнеше есе күшейтті.

«Астана, мен сені сүйемін!» – елорда туралы ғана емес, бүгінгі астаналық жастардың өмірін толғаған қойылым. Арман қуып келген студенттің де, алғаш еңбек жолын бастаған жастың да, осы қалада өз бақытын тапқан отбасының да ортақ тарихы. Сондықтан спектакль аяқталғанымен, оның айтқысы келген ойы көрерменнің көңілінде ұзақ сақталары сөзсіз.

 

Калима ТЕМІР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар