• RUB:
    6.17
  • USD:
    471.04
  • EUR:
    538.54
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:48

Астананың ата толғауы

Ұлттық домбыра күні – ұлт рухын ұлықтайтын, дәстүрлі өнердің қадір-қасиетін айшықтайтын мереке. Айтулы мереке мен Астана күніне орай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Алматы қаласының бірнеше алаңында жұртшылыққа мерекелік концерт ұсынып, мыңдаған көрерменді қазақ күйінің құдіретімен қауыштырды.

Орталық саябақ пен «MEGA Alma-Ata» сауда ойын-сауық орта­лығында өткен концертті екі мыңнан астам адам тама­шалады. Ашық аспан астын­­да өткен өнер кешінде дом­бы­раның күмбірі қала тыны­сымен үндесіп, ұлттық музы­каға деген көпшіліктің ықы­ласын тағы бір мәрте танытты.

Концерт бағдарламасына халық күйлері мен қазақ компо­зи­торларының таң­даулы шығармалары енгізілді. Оркестр орындауындағы «Кө­ңілашар», «Ата толғауы», «Махамбет», «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», «Сар­жай­лау», «Әсем қоңыр», «Көроғлы», «Бозінген» күй­лері мен шығармалары тың­дарманды ұлттық өнердің те­рең тамырына жетелеп, қазақ музыкасының көркемдік қуатын айқын көрсетті.

Мерекелік кешке Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Нұрғалым Аманбай, дәстүрлі әнші Жайна Бауыржанқызы, әншілер Асхат Үрпеков, Ару­­­­жан Алпысбаева, Ардақ Ите­кеева қатысып, кон­церттің маз­­мұнын байыта түсті. Оркестр­ге Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Жексен Айсын мен халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Нарын Қажығали дирижерлік етті.

Домбыра – халқымыздың тарихи жады мен рухани болмысын сақтап келе жатқан қасиетті мұра. Осындай концерттер ұлттық өнерді жаңа буынға жақындатып қана қоймай, күй құдіретінің уақытпен бірге жаңғырып, қоғам өмірінде өз орнын жоғалтпағанын дәлелдейді.

Соңғы жаңалықтар