Қызылордалықтардың коммуналдық саладағы түйінді мәселенің бірі ыстық су болатын. Басқа қалалар тұрғындары қалағанынша пайдаланатын кәдімгі ыстық су Сырдағы бас қалада бас ауыртар проблемаға айналғалы да талай жылдың жүзі ауыпты. Суды ысытып пайдаланғандықтан да сыртымыздан «Аристондар қаласы» деп айдар таққандарды да естідік. Амандық болса, осы бір абыройсыз «атақтан» арылатын күн жақын қалған сияқты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин биыл Қызылорда қаласының тұрғындарына ыстық су беріле бастайтынын айтып отыр. Осы жылы облыс орталығындағы 187, ал 2025 жылы 237 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылады. Екі кезеңге жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру үшін демеушілік есебінен 32 жоба әзірленіпті.
«Мемлекет басшысы өткен жылы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда халқын ыстық сумен қамтуды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасы негізінде тиісті жұмыс қолға алынды. Бүгінге дейін қалалықтар электр сужылытқыш немесе газбен жылытатын құрылғылар арқылы лаждап келгенін білесіздер. Мысалы, 50 литрлік «Аристон» құрылғысын ысыту үшін 3 киловатт электр энергиясы жұмсалады. Мәселені зерттеу барысында «Аристон» пайдаланатын үй мен ыстық су жүйесіне қосылған баспананы салыстырып, ыстық сумен қамтылған үйдің шығыны 5 есеге арзан болатынын анықтадық. Жалпы, бүгінде қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 804 тұрғын үй бар. Осы тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту үшін биылдан бастап құрылыс монтаждау жұмыстары басталды. Он жеті жоба бойынша 186 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтауға Үкімет резервінен тиісті қаржы бөлінді. Осы жоба бойынша биыл қаламыздағы Шұғыла, Сырдария, Сол жағалау, Тәуелсіздік, Бейбарыс көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су жүйесі жүргізіледі», деді Медет Усаин.
Бүгінде қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын бастап кетіпті. Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебайдың айтуынша, қазір облыс орталығындағы 174 үйді ыстық суға қосуға мүмкіндік бар, ал 424 үй қаржыландыруды қажет етеді.
«Осы қаржыландыру талап ететін тұрғын үйлерді ыстық суға қосу үшін демеуші есебінен жоба әзірленді. Тұрғындар ыстық су желілерін орнатуға рұқсат берсе, жұмысты дер кезінде орындап, уақыт үнемдер едік» дейді қала әкімінің орынбасары.
Жаз шыға жоғары қабаттарға ауызсу көтерілмейтіні тағы бар. Бұрындары тамшылап ағып, шыдамды тауысатын еді. Қазіргі жағдай одан әлдеқайда жақсы. Бірақ пәтеріңде қысы-жазы судың сарылдап ағып тұрғанына не жетсін.
«Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Бауыржан Әбдіқаппарұлының айтуынша, ыстық су желілерін жүргізу арқылы су қысымын әлдеқайда көтеруге болады.
«Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су желілерін жүргізу электр энергиясы мен электр қондырғыларын үнемдеуге септігін тигізбек. Мәселен, қала бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі 84 МВТ болса, ыстық су желісі орнатылғаннан кейін жүктеме 14 МВТ-қа дейін азаяды», дейді «Қызылорда электр желілерін тарату компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шалқар Рахышев.
«Қызылордажылуэлектрор-талығы» МКК басшылығының айтуынша, ыстық су жыл он екі ай үздіксіз беріледі. Жақын арада жүзеге аса бастайтын жобаны коммуналдық саладағы серпіліс деуге болатындай.
Қызылорда