• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 14 Маусым, 2024

Жиһаз фабрикасының жетістігі

143 рет
көрсетілді

Осы жолы шағын көлік гаражының ішінен басталған цех жұмысының дамуы­на куә болдық. Екі гектарға жуық жерді алып жатқан «АVALON-К» жиһаз фабрикасы Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан.

Бірнеше бөлімнен тұратын жиһаз фабрикасының тұтынушылары да осал емес. «BI Group», «Bazis-A» секілді құрылыс компаниялары осында тапсырыс береді. Тұтынушы көңілінен шығу үшін ең жақсы ағаш өнімдері таңдалып, брендтік таңбадағы бояу мен жапсырмаларды қолданады. Өндіріске қажетті тақтай ағаштары, яғни басты шикізат та отандық кәсіпорындардан алынады.

Фабрикада жалпы 130 адам жұмыс істейді. Соның ішінде технолог, дизайнер, монтаж шеберлерінің жұмысы көзге бірінші ілігеді. Әркімнің өзіне бекітілген міндеті бар. Бірі тақтайды өлшейді, екіншісі кеседі. Дайын өлшемдерді құрастыру үшін бекітеді. Үшінші қызметкер ағаштың кем-кетігі болмауына ерекше назар аударады. Цехтың әр бөлмесінде соңғы үлгідегі шетелдік станоктар орналасқан. Олардың да атқарар өз міндеті бар.

«Дәл қазір фабрикада екі цех жұмыс істеп тұр. Тапсырыс көбейген жағдайда дайын тұрған цехтарды іске қосамыз. Көбіне құрылыс компанияларымен бірге жұмыс істейміз. Компаниялар салған жаңа үйлердің кіреберісін сәнді жиһаздармен әрлей отырып, тұрғындардың демалуына қажетті барлық апартаментті орналастырамыз. Осының ішінде ең ауқымды жоба – қаладағы «Әбу Даби Плаза» кешеніндегі 141 пәтерге біздің компанияның түрлі жиһазы қойылды», дейді серіктестіктің жоба жетекшісі Ерлан Муслиманов.

Ерланның сөзінше, фабрика өніміне мемлекеттік органдар, мәдени шара өткізетін ғи­ма­раттар, қонақүйлер, басқа да үлкен қызмет көрсету орындары тапсырыс береді. Еш­кімге ұқсамайтын ерекше дизайнымен танымал болған «АVALON-К» жиһазына тұрғын­дар­дың қызығушылығы жоғары. Жалпы, айына 1 мың данаға дейін түрлі жиһаз жасауға қауқарлы фабриканың өнімдері ел нары­ғында үлкен сұранысқа ие.

«Әрине, тек ірі компанияларға ғана емес, қарапайым тұтыну­шыларға да қызмет көрсетеміз. Тұрғындар келіп, өз талғамына сай тапсырыс беріп, қалаған жиһазын жасатып жатады. Орындықтар, қонақ бөлмеге арналған үстел, жазу үстелі, асхана жиһазы, басқа да мүліктерді біздің шеберлер бар ынтасын салып жасап береді.  Астана қаласында үй жиһаздарын сататын 4 дүкеніміз бар. Көпшілік сонда барып, үй ішіне қажеттісін таңдап жүр», дейді.

Ерланның айтуынша, елдегі ашылған өндіріс пен ондағы тауарлардың таралуы үшін қолдау әлі де көп керек. Президенттің отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарт үлесін кем дегенде 10%-ға дейін арттыру туралы тапсырмасы да бар. Офтейк-келісімшарт болса өнім шығарушы да уайымға салынбайды. Өйткені белгілі бір мөлшерде тауарын өткізуге мемлекет тарапынан кепілдендірілген құжаты болады. Егер елдегі кәсіпорындар шығарған тауардың осылайша сатып алу үдерісін жеңілдетіп, сапасы мен үлесін арттыру сынды жұмыстарды бір жүйеге түсірсе, онда экономикалық көрсеткіш те жоғары болатыны анық. Бұл – отандық тауар өндірушілерге үлкен қолдау әрі сырт мемлекеттерден келетін өнімді күтіп жаутаңдамайтын боламыз. Қаржы да сыртқа кетпей өзімізде қалады, деп ағынан жарылды Е.Муслиманов.

«Мемлекет ұстанған бағыттың бірі – отандық өнімді қолдау. Бізде қазір «CT-KZ» сертификаты бар. Бұл – жергілікті өнім екенін дәлелдейтін құжат. Негізінен өнімдерге тапсырыс ірі құрылыс компаниялардан түсетінін айттық. Бірақ әлі де еліміз Қытай, Ресей немесе Еуропа елдерінен келетін жиһаздарды сатып алып жүр. Үкімет отандық өнімге көрсетілер қолдауды жалғастыра түссе, біз де шетелдік дүниелермен бәсекелесе алатын, сапасы жоғары өнімдерді шығаруды тоқтатпаймыз», дейді «АVALON-К» жиһаз фабри­касының өкілі.