• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Маусым, 2024

Аудандағы байыпты бастамалар

93 рет
көрсетілді

Қазалы – Қызылорда облысындағы экономикасы дамыған аудандардың бірі. Дария жағалауындағы байырғы қоныста кәсібін өрістетіп, жұртты жұмыспен қамтып отырғандар көп. Қазір Қазалының балығы, еті мен сүті елімізден бөлек алыс-жақын шетелдерге де экспортталып жатыр.

Қазір ауданда тіркелген шағын және орта кәсіп­кер­лік субъектілерінің саны 5 673-ке жетті. Олардың 688-і – бұл қа­тар­ға жыл басынан бері қосылып, жұ­­­мы­сын бастағандар. Соңғы 5 айда мем­лекеттік бағдарламалар шең­бе­рін­де 1 мил­лиард 532 миллион теңге болатын 48 жоба қаржы­ланды­ры­лыпты.

Жыл басында Жалпыұлттық бірың­ғай жобалар пулы аясында «Жан­кент Агро» ЖШС күріш өңдеу зауытын іске қосып, өнім шығара бастады. Жалпы құны 501 млн теңге болатын кәсіп­орын Қазалыдағы өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі саласының өсіміне оң септігін тигізбек. Жыл басынан бері ауданда өнеркәсіпте 8,2, ал өңдеу өнеркәсібінде 7,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілгені кәсіптің көзін тапқан жергілікті іскерлердің табысты тірлігін аңғартады. Бөлшек сау­да көлемі 3,8 миллиард теңгеге жетіп, 11 кәсіпкерлік нысаны қолданысқа берілді.

Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» респуб­ликалық экологиялық акциясына да қазалылықтар қарқынды үлес қосты. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық кент, қала және ауылдық округте сенбіліктер ұйымдастырылды. Тазалық апталы­ғының тақырыптарына сәйкес аудан орталығы мен барлық елді мекен­нің көшесі, аяқ су арығы, саябақ, сквер, мекеме, кәсіп­орын аумағы, ауданның ішкі, сырт­қы аймағы қоқыстан тазартылды.

Биыл Сырдағы «Руханият» жылы ая­сында жүзеге асатын жоба жетер­лік. Солардың қатарындағы «Руха­ният» орталығы Әйтеке би кенті­нен бой көтеретін болды. Музей, кітап­ха­на, мұрағат, неке қию залы, арда­гер­­­лер және аналар кеңесі, жастар ор­та­­лықтары, азаматтық қоғам өкіл­де­­рі мен тарихи-мәдени ұйымдар осы типтік үлгідегі орталықтан орын ала­ды.

 Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жан­қожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысы бас­­талды. Жаңа оқу жылына дейін аяқ­­талатын нысан мердігері – «Асар» ЖШС. Қазір 2-қабаттың кірпіші қаланып, ішкі сылақ, терезе орнату, жер­төленің жылу жүйесі және кәріз желісі жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасымен биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қала­сының аралығынан тағы 600 орындық мектеп­тің құрылысы басталады.

Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағ­дар­­­ламасымен 3 спорт кешені мен 1 ауылдық клуб құрылысына 200 млн теңге бөлініп, жұмыс басталып кетті. Былтыр ауданда халықтың әлеу­меттік осал топтары үшін 50 отбасыға үй тапсырылған болатын. Биыл да жалға берілетін баспана сатып алуға қаржы қаралып, әрқайсысы 2 пәтерлі 75 үй құрылысы салынып жатыр.

Еңбекпен еңсе тіктеген қазалы­лықтар егінге ерте дайындалды. Жоспар бойынша 17 377 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілуі керек. Оның 6 200 гектары – күріш. Жалпы, кейінгі жылдардағы су тапшылығы қай ауданға да жеңіл тиіп отырған жоқ. Оның ішінде дарияның теңізге құярлығында жатқан қазалылықтарға қиын. Содан да қазір ауданда егісті әртараптандыруға ерекше мән беріле­ді. Биылғы жылдың егіс сызбасын даярлау барысында да солай болды, өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай 81 гектар, жаңа жоңышқа 126 гектар, ескі жоңышқа 112 гектарға артық егілді. Керісінше суды көп ішетін күріш 250 гектарға кеміді.

Су тапшылығына байланысты вегетация кезіндегі қажетті су лими­ті 350 миллион текше метр болып жоспарланған. Алайда бұл мөл­­шер 335 миллион текше метр төңі­ре­гінде бекітілді. Аудандағы іргелі шаруашылық «РЗА» АҚ жаңбырлатып суғару арқылы 260 гектарға сүрлемдік жүгері, «Smart Agro» ШҚ тамшылатып суғару тәсілімен 6 гектарға бақша егіп, күтімге алды.

Облыс басшылығының бастамасымен қазір өңірде қыстың қамын жаз ойлап, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егемін деген жандарға жер дайындалып, арығы тартылып берілетін үрдіс пайда болды. Бақшаға шыққандардың қысқа керегін жинап алатынын көрген жұрт та қызығып, жыл сайын олардың қатары көбейіп келеді. Биыл ауданда 281 адам бірігіп 146 гектар жерге картоп, көкөніс пен бақша дақылдарын егуді бастап кетті.

Халықты ауызсумен қамтуда Қызыл­­орда облысы көп өңір­ден әлде­қайда алда тұр. Былтыр күзде жасалған мониторинг облыс тұрғындарының 98,7% орталық­тан­дырылған ауызсу жүйесіне қосыл­ғанын көрсетті. Бұл игіліктен шал­ғай­дағы шағын ауылдар да шет қалып жатқан жоқ. Ауданда 2022-2025 жылдар аралығында ауыл­дарды орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосудың сыз­ба­сы бекітіліп, соған сай алыс жатқан елді мекеннің бірі Шәкен ауы­лы үшін 389,4 миллион теңгелік жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Сар­­бұлақ, Шилі елді мекендеріне қатыс­ты жоба сараптаманың оң қоры­тындысын алды. Ажар, Жұбан, Бірлік елді мекендерін су тұщытқыш қон­дырғы арқылы ауызсумен қамту үшін 2024 жылға аудандық бюджеттен 26 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілу үстінде. Келер жылы аудандағы барлық 42 елді ме­кен тұрғындары таза ауызсумен қам­та­масыз етіледі.

«Сыр өңірі – ел қорғаған ерлер, әруақты әулиелер, ғұлама ғалымдар мен би-шешендер туған киелі топырақ. Әрине, олардың алғашқы легінде ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Сыр бойындағы ұлт азаттығы күресінің қолбасшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлы тұр. Биыл қазалылықтар елінің еркіндігі үшін атқа қонған батырдың 250 жылдығын кең көлемде атап өтпек. Мерейтой аясында облыстық жыр-дастан орындаушылар байқауы, конференция, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, тағы басқа да ауқымды шаралар жүзеге асады. Сондай-ақ ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған халық батырына арнап еңселі ескерткіш орнату жос­парланып жатыр», дейді аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет.

 

Қызылорда облысы,

Қазалы ауданы