Қазақ жастарының бойындағы ауызекі сөйлеу мәдениетін қалыптастыру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Сөйлеу және жазу мәдениетін сақтаудың, жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – әр сөзді дұрыс айту мен тілдік нормаға сай қатесіз жазу.
Бүгінде сауатты, мәдениетті сөйлеу жастар тарапынан өзекті мәселеге айналып отыр. Олардың өзара, бұқаралық орындарда сөйлеу мәдениеті өзгеше жағдайда қалыптасып келеді. Көптеген замандасымыздың бір сұрақ көлемінде ойын толық, жатық жеткізе алмай қиналатынына, бірауыз сөзді кібіртіктеп, ойланып барып әрең жеткізетініне күнде куә болып жүрміз. Жастардың сауатты сөйлеуінің, ой-пікірін еркін, дәл әрі анық жеткізе алмауының астарында қандай мәселелер жатыр, бұған кері әсер етіп отырған қандай факторлар, қандай кедергілер?
Біріншіден, оған себеп – технократтық ой мен дәстүрден жырақтау. Бұл үрдіс алдымен жастардың тұтас тілдік бейнесін бұзды. Өскелең ұрпақты тіл тазалығынан арылуға тіпті көркем әдебиеттен қол үзуге дейінгі күйге жеткізді.
Екінші жағынан, қазіргі таңда жастардың бойында өзге тілге деген қызығушылықтың жылдан-жылға арта түсуі де тілдің шұбарлануына әкеліп соқты. Бұл жердегі мәселе – ана тілімізді қолдану, пайдалану барысында жиі кездесіп отырған көлеңкелі көріністер: жастардың сөз қолданыстарында ана тілімізде баламасы бола тұра, кейбір кірме сөздерді шектен тыс көп пайдаланулары және оған тез бейімделіп кетулері. Жастар арасында көп қолданылатын, құлаққа жағымсыз естілетін тілдік элементтердің тағы бірі – жаргон, сленг сөздер. Жанға бататыны – көпшілік жастар мұны дәреже көреді.
Ауызекі сөйлеу мәнерінде кездесетін орашолақ, орынсыз сөздер мен сөз тіркестері өз алдына, жазу дағдыларында жиі кездесетін мына бір жайттан айналып өте алмаймыз. Қазір барша бұқара бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, хабарласып, хат жазысатын болды. Осы тұста да жауапсыздық, сауатсыздықтан көз тұнады. Сөздерді көбіне қысқартып, түрлі тілдің сөздерін араластырып, шұбарлап жазамыз, қазақ тілінің дыбыстарын таңбалауда орыс әріптерін ретті-ретсіз пайдаланады. Бұл – жастар ғана емес, барлық әлеуметтік желіні қолданушылар арасында белең алып бара жатқан теріс үрдіс.
Жастардың сөйлеу мәдениетін дамытуға, ана тілімізді шұбарламауға ерекше мән беруіміз керек. Ол үшін бірінші кезекте балаларға жауапты – ата-ана, сондықтан отбасы тәрбиесіне баса назар аудару қажет. Қазіргі халықтың «құлағы һәм тіліне айналған» теледидар мен әлеуметтік желідегі ақпараттардың сапасына, тіліне, сөздердің дұрыс қолданылуына бақылау жүргізіп, сараптап отыру керек. Балалардың ана тіліне деген құрметін балабақшадан бастап қолға алып, бойларына рухани құндылықтарды сіңіріп өсірген жөн.
Лаура ХАЛЕЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті