Осы күні жасанды интеллектінің көмегі арқылы небір ақылды камералар шығып жатыр. Бірі адамның бет-әлпетін тану арқылы қауіптің алдын алса, енді бірі жол ережелерін бұзғандарды анықтайды. Таңданарлығы, бұлардың бәрі де адамның қатысуынсыз-ақ жүзеге асады.
Жақын күндері Астана қаласында дәл осындай тағы бір ақылды жүйе іске қосылмақ. Бұл бейнекамераның ерекшелігі қандай десеңіз, ол қоғамдық көліктерде жол ақысын төлемегендерді, яғни «қояндарды» лезде анықтай алады. «City Transportation Systems» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Астана қаласының қоғамдық көлігіндегі бейнеаналитика жүйесі» атты инновациялық жобасын енгізбекші. Бұл жүйенің мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту, жолақысын төлеуден жалтаратындар санын азайту, сондай-ақ қоғамдық көліктердегі қауіпсіздікті арттыру.
Жобаның қанатқақты кезеңі аясында 2 мамырдан бастап №24 автобусында нақты уақыт режімінде деректерді талдайтын бейнекамералар, роутерлер мен борттық компьютер орнатылған. Әр есікке қарама-қарсы орналасқан бейнекамералар кірген жолаушыларды есептейді, сондай-ақ төлем деректерін салыстырады. Содан соң ақпарат жедел түрде «City Transportation Systems»-тің көліктік бақылау департаментіне жолданады.
Айта кетейік, жаңа бейнебақылау іске қосылған күннен бастап бір ғана автобустың өзінде билетсіз жол жүрудің екі мыңнан астам жағдайы тіркелген. Бұл қанатқақты жоба болғандықтан, жолаушыларға айыппұл салынбаған.