Ұлттық сананы нығайту мен бірегейлікті қалыптастыруда тарихтың атқарар рөлі мен маңызына қазақ елінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ ерекше мән беріле бастады. 90-жылдардың соңында бір жыл ұлттық тарихқа арналса, 2000-жылдардың басында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұлттық тарихтың шетелдегі деректері әкелінді. Одан кейін мемлекеттік тарихымыздың биік көрінісі – Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі 2015 жылы тойланды. Ал биыл елімізде Жошы Ұлысының 800 жылдығы кеңінен аталып жатыр.
Қарап отырсақ, соңғы 5-6 жыл ішінде отандық тарихшылар үшін ең өзекті мәселенің бірі Алтын Орда мен Жошы Ұлысы тарихына қатысты тақырыптар болып отыр. Бұл тақырыптар бұрыннан ғылыми тұрғыдан маңызды болып келсе, аталған екі мемлекеттік құрылымдардың 750 және 800 жылдық мерекелері жөнінде Ресей мен Қазақстан басшыларының ресми түрдегі сөздерінде арнайы атап өтуі бұл тақырыптарға саяси сипат берді, тақырыптың өзектілігін одан әрі аспандатып жіберді. Сол кезден бері Ресейде де, Қазақстанда да Алтын Орда мен Жошы Ұлысы тарихына арналған көптеген шаралар, әсіресе зерттеушілер мен мамандардың қатысуымен бірнеше ірі халықаралық ғылыми жиын өткізілді. Ол жиындарда көптеген толғақты мәселелер көтерілді, жаңа бағыттар айқындалды, бұрынғыларға жаңаша көзқарас тұрғысынан қарау қолға алынды, тың ойлар айтылды.
Осы жерде қалың көпшілік толық түсіне бермейтін мынадай мәселені айта кетсек дейміз. Алтын Орда мен Жошы Ұлысын бір атау, ортақ ұғым, бір мемлекет деп ойлайтын, қабылдайтын адамдар баршылық. Олар неге Алтын Ордаға 750 жыл, Жошы Ұлысына 800 жыл толып отыр деген сауалға қиналыңқырап қалады. Соған байланысты оған түсіндірме бере кеткен жөн.
Шыңғыс хан 1219-1221 жылдар аралығында Дешті Қыпшақ аумағы мен Хорезм шахтары мемлекетін толығымен жаулап алғаннан кейін және 1223 жылғы барлау мақсатындағы солтүстік Иран, орыс княздары мен Еділ өзенінің арғы жағындағы Қыпшақ хандарына қарсы ұйымдастырылған жеңісті жорықтан соң (Қалқа өзені бойындағы шайқас) бәйбішесінен туған төрт ұлына барлық жерлерді басқаруға бөліп береді. Үлкен ұлы Жошыға – Ертіс өзенінен Еділ өзеніне дейінгі Дешті Қыпшақ аумағы, Оңтүстік Қазақстан жерлері беріледі. Ал екінші ұл Шағатайға – Мауереннахр мен Шығыс Түркістан (Маңлай Сүме) аумақтары беріледі. Осы аумақтар көп ұзамай жазба деректерде алғашқы басқарушылардың есімдерімен – Жошы Ұлысы, Шағатай Ұлысы деп аталып кетті. Жошыға қарағанда Шағатай есіміне қатысты көп атаулар пайда болды. Олар – Шағатай Ұлысы, Шағатай ұрпақтарының мемлекеті, шағатайлықтар, шағатай тілі, шағатай жазуы деген атаулар. Ал Жошы есіміне қатысты – Жошы Ұлысы, Жошы ұрпақтары және Орталық Қазақстандағы Жошы хан кесенесі атауы ғана.
1224 жылы Шыңғыс хан ұлдарына жер бөліп берген соң кері оралады. Осы датаға биыл 800 жыл толып отыр. Сол себепті де елімізде Жошы Ұлысының құрылғанына, пайда болғанына сегіз ғасыр толғандығы аталып жатыр.
Жошы Ұлысының екінші билеушісі әрі Жошының мұрагері Батый ханның Батыс елдеріне қарсы жеті жылдық (1236-1242) жорығы нәтижесінде, Моңғол империясының аумағына Сібір, башқұрт, булгар, солтүстік Кавказ жерлері, Шығыс Еуропаға дейінгі өңірлер бағындырылады. Жаңадан бағындырылған жерлердің бәрі Жошы Ұлысы құрамына қосылады. Ал Жошы Ұлысы болса, Моңғол империясының бір ұлысы ғана болды, империя орталығы Қарақорымға бағынды.
1241 жылы Үгедей қаған қайтыс болғаннан кейін жаңа қаған сайлауда алғаш рет Шыңғыс ханның немерелері арасында ауызбіршілік болмады. Батый хан бастаған Жошы ұрпақтары Үгедейдің жесірінің таққа отыруына қарсылық білдіріп, Қарақорымға бармады. Одан кейін бұл оқиға 1246 жылы Үгедейдің ұлы Гүйік таққа отырғанда да қайталанады. Ал 1249 жылы Жошы ұлдары Қарақорымда Төленің ұлы Мөңкенің билікке келуіне көмектеседі. Осылайша, Еділдің төменгі ағысы бойындағы Сарай қаласы мен Моңғолия аумағындағы Қарақорым арасында бірде салқын, бірде жылы қатынас орнығады.
1259 жылы Мөңке қаған қайтыс болып, өсиеті бойынша кіші інісі – Арықбұға таққа отырады. Оны Мөңке қағанның Қытайды бағындырған Құбылай атты тағы бір інісі мойындамайды. Сөйтіп, бір мезгілде бір империяда екі қаған пайда болады да, олар өзара күрес жүргізеді. Күрес 1260 жылдардың соңына дейін жалғасады. Күресуші жақтар өздеріне Шыңғыс ханның Жошыдан, Шағатайдан, Үгедейден тараған ұрпақтарын тартады. Соның арқасында Үгедейдің немересі Хайду күшейіп шыға келеді. Хайдуды Сарайдағы Жошы ұрпақтары қолдайды. Ақыры, 1269 жылы күресуші жақтар Талас өзені бойында Құрылтай шақырып, соғыстарды тоқтату жөнінде шешім қабылдайды. Талас Құрылтайындағы саяси шешім бойынша Моңғол империясының ыдырағандығы және оның орнында бір-біріне бағынбайтын бес мемлекеттің – Құбылайдың, Хұлағудың, Хайдудың, Шағатай ұрпақтарының мемлекеттері мен Жошы Ұлысының негізінде Жошы ұрпақтарының мемлекеті құрылғандығын әйгілейді. Жошы ұрпақтарының мемлекеті ғылыми әдебиеттерде әртүрлі аталады, бірақ та Алтын Орда деген атау кең таралған. Осылайша, Алтын Орданың құрылуын тарихшылар 1269 жылғы Талас Құрылтайынан бастайды. Ал оған дейінгі 45 жылдық кезең Жошы Ұлысының тарихына енеді.
Кейбір тарихшылар Алтын Орданың құрылған жылы деп 1242 жылды айтады. Оған негіз болған оқиға – Батый ханның жеті жылдық жорықтан соң Қарақорымға бармай, Еділдің төменгі ағысы бойында Сарайды салдырып, қыстап қалуы.
Екі жарым ғасырлық тарихы бар Алтын Орданың саяси тарихын шартты түрде құрылу мен қалыптасу, күшею мен нығаю және ыдыраушылық пен күйреу кезеңдері деп үшке бөлуге болады. Жошы Ұлысының құрылуы мен қалыптасуы – 1224-1312 жылдары, күшеюі кезеңі 1312-1359 жылдар аралығында болса, ал ондағы ыдыраушылық үдерістер мен күйреуі 1360-1502 жылдары өтеді. Ыдыраудың тереңдеу барысында бұл мемлекет Үлкен Орда атауына ие болады.
XV ғасырдың ортасында Алтын Орданың оң жағындағы аумақта бірнеше дербес хандық құрылады. Олар Қырым, Қазан, Сібір, кейіннен Қажытархан хандықтары мен Ноғай Ордасы болатын. Ал орталық бөліктегі жұрт атауы Үлкен Орда деп аталады.
Үлкен Ордада Кіші Мұхамед хан 1437-1459 жылдары билік құрды. Бұл жылдары Еділдің арғы жағында пайда болған хандықтар халықаралық қатынастарда мойындалып, өз мүдделеріне сай сыртқы саясат жүргізе бастайды. Қырым хандығы түрік сұлтанымен, Мәскеу княздығымен жақсы саяси қатынастар орнатса, Үлкен Орда Литва княздығымен одақтасады.
1459 жылы Кіші Мұхамед хан қайтыс болып, артында Махмұт және Ахмет атты ұлдары қалады. Алғашында үлкен ұл Махмұт хан тағын иеленсе, 1465 жылы одан Ахмет хан билікті тартып алады. Ал Махмұт болса, өз жақтастарымен қашып, Қажытарханды басып алады да, жеке Қажытархан (Астрахан) хандығының негізін қалайды. Осылайша, Үлкен Орданың оңтүстік бөлігі одан бөлініп кетеді.
Үлкен Орданың билеушісі Ахмет хан – зерттеушілердің пікірінше, Мәскеу княздары саяси жағынан тәуелді болған Үлкен Орданың соңғы билеушісі. Оның билігі тұсында Үлкен Орда біршама нығаяды. Маңғыт биі, Үлкен Ордада беклербек лауазымын атқарған Темір би арқылы ол Ноғай Ордасымен жақсы қатынас орнатып, Оқас бидің бір қызына үйленеді. 1470-1471 жылдары Ахмет ханның Шығыс Дешті Қыпшақтағы саясаты нәтижелі болып, Хорезм аймағына оның үстемдігі орнатылады. Астрахан билеушісі Махмұт ханның ұлы Қасым хан оған бағыныштылығын білдіреді. Сөйтіп, Ахмет ханның Алтын Орданы қалпына келтіру жолындағы алғашқы саясаты сәтті жүзеге аса бастайды.
Бірақ оның осы бағыттағы мақсатына жетуіне Қырым хандығы кедергі жасады. Сол себепті де ол 1470 жылдардың ортасынан бастап Қырым ісімен айналысады. Алғашында Қырым мен Үлкен Орда арасындағы қарым-қатынастар бақталастық сипатта жүрсе, кейіннен ол ашық жаулық сипатқа ие болады. Алғашында Ахмет ханның саясаты жемісті басталады. 1475 жылы Қырым ханы Меңлі Герей ханға туған бауырлары қарсы бас көтеріп, тақтан қуады да, оның орнына ағасы Нұрдәулет отырады. Көп ұзамай олардың арасында да жанжал басталып, күресуші жақтың бірі Ахмет ханды көмекке шақырады. Сөйтіп, 1477 жылы Үлкен Орданың көмегімен қажытархандық Махмұт ханның ұлы Жәнібек хан Қырым тағын иеленеді. Еділдің арғы жағындағы ірі саяси күш – Қырымда өз адамын отырғызу арқылы Ахмет хан негізгі мақсаты – Алтын Орданы қалпына келтіргендей болады. Бірақ оқиғалар барысы тез өрбіп, түрік сұлтанының көмегімен Меңлі Герей хан 1478 жылы Жәнібек ханды қуып, тақты қайтарып алады. Мұндай оқиғалардан кейін Қырым ханы Меңлі Герей хан Ахмет ханды өзінің негізгі жауы ретінде санайды.
1470 жылдардың ортасында күшейе бастаған Үлкен Ордаға қарсы Мәскеу мен Қырым арасында одақтастық қалыптасады. Ол екі жаққа да тиімді болады. Нәтижесінде, Қырым да, Мәскеу де осы одақтастықтың арқасында анағұрлым өз мәртебелерін сақтап қоймай, одан әрі нығайтады. Тіпті Қырым ханы Мәскеу князын бұрынғыдай, тәуелді «құлым» деп санамай, жазған хаттарында оны туыс «бауырым» деп атай бастайды. Мәскеу князы үшін бұл өте психологиялық және идеологиялық жеңіс болды.
Ахмет ханның батыстағы келесі бір саясаты – Мәскеу княздығының Үлкен Ордаға тәуелділігін қалпына келтіру еді. Ол 1472 жылы Мәскеуге сәтсіз жорық ұйымдастырған болатын. Ахмет ханның Қырымды алғаннан кейінгі Мәскеуге жіберген елшісіне III Иван тарапынан құрмет көрсетілсе, Қырымнан айырылғаннан кейінгі хан жарлығы елші көзінше жыртылады. Бұл Мәскеудің бұдан былай Үлкен Ордаға салық төлемейтіндігін, тәуелді болмайтындығын білдіретін еді. Оның ақыры, 1480 жылы Ахмет ханның Орыс жеріне жорық жасауына алып келеді. Угра өзені бойындағы үш айлық текетірес Ахмет ханға ешқандай пайда әкелмеді, керісінше, қорғаныста болған Мәскеу ешбір ұрыссыз жеңімпаз болды. 1480 жылғы жорық қорытындысының Мәскеу үшін маңызы қандай зор болса, Үлкен Орда үшін зияны дәл сондай болды. 1481 жылы қаңтарда Ахмет хан қарсыласы, Сібір билеушісі Ибақ ханның қолынан қаза табады.
Ахмет ханның көп ұлдарының ішінде Мұртаза, Сейіт Ахмет және Шейх Ахмет атты ұлдары әкелерінің жолын жалғастырды. 1481 жылы Шейх Ахметті жергілікті тайпа бектері хан сайласа, 1485 жылы Сейіт Ахмет, ал 1486 жылы Мұртаза өздерін хан етіп жариялайды. Сөйтіп, Үлкен Орда аумағында бір-біріне бағынбайтын үш хандық қалыптасады. Үш хан кейде бірлесіп, кейде араздасып жүреді. Дегенмен негізгі хан болып Шейх Ахмет хан саналды және ол тарихта Үлкен Орданың соңғы билеушісі болып есептеледі.
Үлкен Орда тарихындағы соңғы онжылдық кезең Қырым хандығымен жүргізген саясатпен байланысты. 1490 жылдары үш ханның әрқайсысы кейде жеке, кейде бірігіп, бірнеше рет Қырымға жорықтар ұйымдастырады. Олардың жорықтары біршама сәтті болғанымен, толық мақсатына жетпейді. Ахмет хан ұлдарының Қырымға жасаған 1486 жылғы, 1490-1491 жылдарғы жорықтары осыны көрсетеді.
1490 жылдардың ортасында ағайынды хандар арасында алауыздық болып, Шейх Ахмет хан тақтан айырылады. Бірақ көп ұзамай таққа қайта оралады. Бұл жағдай оның беделін одан әрі төмендетіп жібереді. Ол енді түпкі мақсатына жету үшін дипломатиялық жолды таңдап, 1497-1498 жылдары бірнеше рет Литва княздығына елшіліктер аттандырады. Алғашқы елшіліктер сәтсіз аяқталса, соңғы елшілікті Литва князы тіпті қабылдамайды да. Осылайша, Шейх Ахмет ханның жағдайы толық күйреудің қарсаңында мүлде нашарлап кетеді.
1500 жыл Үлкен Орда халқы үшін өте қиын жыл болды. Көшпелі ру-тайпалар үшін ең маңызды шұрайлы жайылымдық жерлердің аздығы жаңа жерлерге көшуге итермелейді. Шейх Ахмет ханға бағынышты жекелеген рулар біртіндеп, оны қалдырып, кете бастайды. Көшкендердің көпшілігі Қырымды паналайды. Көшкендер ішінде Үлкен Орданың белгілі танымал тұлғалары да болды. Ал Қырым ханы болса, оларды қуана қарсы алып отырды.
1500-1501 жылдың қысында Шейх Ахмет хан Қырымға шабуыл жасауды ойластырады. Мақсаты Днепрдің төменгі бойы мен Днестр аралығындағы жайылымды жерлерді иелену болатын. Оның үндеуіне тек бауыры Сейіт Ахмет хан ғана қосылады, ал қалған бауырлары мен өзге жақтастары бас тартады. Қырым ханы болса одан хабардар болып, әскер жиып қарсы тұрады. Екі жақ әскері Дон өзені бойында кездеседі. Осы кезде үлкенордалықтар жағында болмашы жағдайға байланысты екі хан арасында кикілжің болып, Сейіт Ахмет хан өз ұлысымен кейін көшіп кетеді. Ал Қырым ханына Мәскеуден уәде етілген он мыңдық әскер келмейді. Сан жағынан Үлкен Орда әскері көп болатын. Меңлі Герей хан болса, әскердің азық-түлігінің таусылғанын желеу етіп, кейін шегінеді. Бұл текетірестің нәтижесінде, Шейх Ахмет хан өз дегеніне жетеді.
Үлкен Орданың Қырымға жақын келіп қыстауы ол үшін өте қауіпті еді. Сол себепті де Қырым ханы өзіне төніп тұрған қатерден құтылу үшін келесі жылғы шешуші шайқасқа мықтап дайындалады. Шайқас қарсаңында Қырым жағында Осман империясы, Қазан хандығы, Мәскеу княздығы және Молдова болса, Үлкен Орданың бұрынғы одақтастары – Литва княздығы, Ноғай Ордасы және Қажытархан хандығы бұл жолы бейтараптық танытады. Басқаша айтқанда, өз заманында атағымен бүкіл әлемді тітіренткен Алтын Орданың тікелей мұрагері – Үлкен Орда өз тарихының соңғы айлары мен күндерінде ешкімге керексіз боп, жалғыз қалады.
Шейх Ахмет хан Сула өзенінің Днепрге құятын жерінде бекініс салдырып, ордасын сонда орнатады да, Қырым әскерін сонда күтеді. Екі хан да қарсыластар жағында не болып жатқанынан жасырын түрде хабардар болып тұрды. Әсіресе Меңлі Герей хан қарсыласының әр демін біліп тұрды деуге болады. Өйткені қыстың қатты суығына тоңып, ашыға бастаған Үлкен Орданың көптеген рулары толығымен Қырымға ағылып жатқан еді. Осы жылы қыста Шейх Ахмет ханның көп әйелдерінің бірі өз жақтастарымен Қырымға қоныс аударады. Бұл жағдай Шейх Ахмет ханды қалай әлсіретсе, Меңлі Герей ханды дәл солай күшейтеді.
Екі жақ арасындағы шешуші оқиға 1502 жылдың маусым айында өтеді. Оқиға барысы былайша өрбиді. 1502 жылдың 14 сәуірінде Меңлікерей хан Кефеде түрік сұлтанының ұлы Мехмедпен кездесіп, Қырық Ерге қайтып оралады. Ол 27 сәуір күні, яғни оразадан он өткеннен кейін жорыққа атануды жоспарлайды. Бірақ Мәскеу елшілігінің келуіне байланысты кешігіп, 3 мамырда ғана атқа отырады. Қырымды артқа қалдырып, Самара өзені бойында (қазіргі Днипро, бұрынғы Днепропетровск қаласы маңы) бірнеше күн аялдайды. Үлкен Ордадан Қырымға қарай қоныс аударғандардың айтуынша, Шейх Ахмет ханның Ордасынан Перекопке дейін 9-15 күндік жол екенін естиді. Самара бойынан Қырым ханы Мәскеу князы III Иванға елшілік арқылы хат жазып, онда өзіне көмекке 20-25 маусымға дейін қарулы атқыштар жасағын жіберуді сұрайды.
1502 жылдың маусым айының алғашқы жартысында екі жақ тарапынан қандай оқиғалардың болғаны жөнінде ешқандай дерек жоқ. Меңлі Герей ханға мәскеулік әскери күштің көмегі қажет болмай қалады. 15 маусымда Меңлі Герей хан одақтасы Мәскеу князіне қарсыласы Шейх Ахмет ханды жеңгені жөніндегі қуанышты хабарын баяндайды. Онда ол былай деп жазады: «...Менің бауырым Ұлы князь Иванға. Құдайдың қолдауымен ортақ жауымыз Шейх Ахметті жеңіп, оның Ордасы мен бүкіл Ұлысы менің қолыма тиді» (Памятники дипломатических сношений Московского государства с Крымскою и Ногайскою Ордами и с Турцией. Том 1. С 1474 по 1505 год, эпоха свержения монгольского ига в России. СПб, 1884, 420). Осы жеңілістен кейін тағынан айырылған Шейх Ахмет хан аз ғана жақтастарымен Киевке, одан соң Литваға кетеді. Ол сонда тұтқын-қонақ ретінде ширек ғасырдай уақыт болады.
Сөйтіп, Алтын Орда тарихында бұл күн, яғни 1502 жылдың 15 маусымы – нақты айтқанда, Үлкен Орданың, ал жалпы алғанда, Алтын Орданың күйреген қасіретті күні.
Осы тұрғыда 15 маусым – біз үшін тарихтан сабақ алар күн. Алтын Орда секілді алып еуразиялық мемлекеттің ыдырауы мен күйреуінің басты себебі – ондағы басқарушы әулет арасында саяси бірлік пен ынтымақтың болмауы, соның нәтижесінде қанды қырғын мен соғыстың тұтануы еді. Қай кезде де, қай жерде де саяси тұрақтылық дамудың берік кепілі екенін Алтын Орда тағылымы бізге нақты көрсетіп отыр. Осы күні тарихымызға терең үңілсек, тәуелсіздігіміз бен елдігімізді көздің қарашығындай сақтай білуге тиістіміз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы