• RUB:
    5.12
  • USD:
    452.92
  • EUR:
    484.99
Басты сайтқа өту
Денсаулық 15 Маусым, 2024

Еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жаңа кезеңі

414 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылдың 16 маусымында бүкіл медицина жұртшылығы кәсіби мерекені атап өтеді. Әрбір медицина қызметкері үшін басты миссия азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау болып табылады. Бұл тапсырманы орындау көп еңбек пен күш-жігерді, жоғары жауапкершілік пен адалдықты, адамгершілік пен қайырымдылықты қажет етеді. Бүкіл ел қазақстандық медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалайды, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде денсаулық сақтау саласының дамуы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында. Жақында Мемлекет басшысы екі маңызды медициналық нысанды аралады: ағымдағы жылдың тамыз айында ашылуы жоспарланып отырған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы және Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және азаматтардың денсаулығын нығайтуға өзінің дайын екенін көрсетті.

Қазақстанда 3323 амбулаториялық-емханалық ұйымда және 872 стационарда 81,3 мың дәрігер, жоғары медициналық білімі бар 5,2 мың мейіргер және 190,6 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Дәл осындай ұйымдардың кең желісі және медицина қызметкерлерінің үлкен тобы өмір сүру ұзақтығының көрсеткіштерін арттыруға, аурулардан болатын өлімді азайтуға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға басты үлес қосады.

Соңғы 5 жылдың ішінде елімізде өмір сүру ұзақтығы 2 жасқа (73-тен 75 жасқа дейін) артқанын, жалпы өлім – 9%-ға, ана өлімі – 16,8%-ға, нәресте өлімі – 8,5%-ға, қанайналым жүйесінің ауруларынан болатын өлім – 11,9%-ға және қатерлі ісіктерден болатын өлім – 15,3%-ға төмендегенін атап өтемін. 

Саланы қаржыландыру көлемі де жоспарлы түрде өсуде, өткен жылы біз 4,7 трлн.теңге нақты белгіге немесе жалпы ішкі өнімнің 4%-ына жеттік.  Бұл соманың 67%-ы мемлекетке, 33%-ы жеке шығыстарға тиесілі. Мұндай шығыстардың құрылымы медициналық көмектің экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз етуде белгілі бір алаңдаушылық тудырады.

Денсаулық сақтау министрлігі мен бүкіл мемлекеттік аппарат мемлекеттік көздерден бөлінетін қаражаттың азаматтардың қалталарына түсетін ауыртпалықты жоспарлы түрде төмендетуге және көмектің қолжетімділігіне кепілдік беруге ықпал етуін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде. Осылайша, негізгі басымдық медициналық көмек көрсетудің және аурулар профилактикасының барлық деңгейлерінде қаражатты пайдаланудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру болып табылады.

Тапсырмалар жаңа, мақсат бір

Денсаулық сақтау – мемлекет көп көңіл бөлетін әлеуметтік маңызды салалардың бірі. Соңғы жылдары көптеген реформалар болды, алайда халықта міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты көптеген сұрақтар туындады.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес барлық тараптар мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауды ескере отырып, біз қоғамның сұраныстары мен азаматтардың мүдделеріне уақтылы жауап беруге тырысамыз.  Сондықтан, әрбір арыз-шағым біз үшін өте маңызды.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 7 ақпанда жаңа Үкіметтің алдына мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына тиісті бақылауды қамтамасыз ету, оларды пайдаланудың жоғары ашықтығы мен тиімділігін, медициналық көмек сапасының жоғары болуын қамтамасыз ету, медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізу және азаматтардың жекелеген әлеуметтік әлсіз санаттарын медициналық сақтандырумен, әсіресе ауылдық жерлерде қамтуды кеңейту міндеттерін қойғаны белгілі.

Денсаулық сақтау министрлігі терең жүйелі диагностика жүргізіп, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі және жалпы саладағы проблемалардың себептерін анықтады.

Қазіргі уақытта біз денсаулық сақтау жүйесінің барлық басқару буындарының жұмысындағы жүйелік іркілісті жою бойынша жұмыс істеп жатырмыз, материалдық және қаржылық ресурстарды басқару бойынша институционалдық негіз құрудамыз, нәтижелерге қол жеткізу үшін басқарудың барлық деңгейлерінде дербес жауапкершілікті арттырдық.

Проблемаларды шешу үшін не қажет?                                                 Медициналық көмек көрсетудің бүкіл жүйесін қайта құру, бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесін мемлекеттік басқару сапасын елеулі арттыру, бірыңғай пакетті қалыптастыру және қаржыландырудың аралас моделінен сақтандыру моделіне өту талап етілетіні анық.

Көптеген міндеттер бар. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесінің азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделеріне жауаптылығын қамтамасыз ету, сақтандырылмаған азаматтар үшін диагностика мен емдеудің жекелеген түрлерінің қолжетімділігін және Медициналық сақтандыру қоры қызметінің ашықтығын арттыру тұр.

Денсаулық сақтау министрлігі толыққанды ведомстволық статистиканы жетілдіру бойынша жұмыс істеуде, бұл еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы трендтерді және мемлекеттік кірістердің елеулі көлемінің түпкілікті нәтижесін сенімді бағалауға мүмкіндік береді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты айтылған сынға қарамастан, оны сақтау қажет, өйткені ол салаға  жылына 1,4 трлн. теңгеден астам, оның ішінде республикалық бюджеттен тыс 1,0 трлн. теңге табыс әкеледі. Мемлекетке саланы қаржыландырудың осы көзінің шығындарын өтеу қиынға соғады.  

Қоғамның сала қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігіне қатысты сыны негізді. Экономикалық және қаржылық менеджмент пен үйлестіру деңгейін арттыру үшін Денсаулық сақтау министрлігінің өзінде басқару құрылымы жетілдірілді.

Медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру бойынша жұмыс басталды, ол мемлекет кепілдік берген базалық бөліктен және саланың қолда бар ресурстарын ескере отырып, жұмыс берушілер мен азаматтардың өз аударымдарының есебінен қалыптастырылатын сақтандыру бөлігінен тұрады.  Бұл шара 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.

Дәрігерлердің міндеттеріне көптеген медициналық ақпараттық жүйелерге деректерді енгізу функциясын енгізу дәрігердің пациенттердің проблемаларын шешудегі басты миссиясынан айырды. Бүгінгі таңда дәрігер алғашқы қабылдау кезінде пациентті қабылдауға арналған норматив бойынша 15-20 минуттан тұратын ақпараттық жүйелерге мәліметтерді енгізуге шамамен 13 минут жұмсайды. Бұл халықтың қатты наразылығын тудырады.

Бірақ денсаулық сақтау жүйесінің басты осал жері жалпы практика дәрігерінің немесе терапевттің диспетчерді міндетті өтуін енгізу болды. Қызметтерді тұтынуды бақылау жүйесін цифрлық сүйемелдеудің болмауы азаматтардың уақытын тиімсіз өтккізуін күшейтті.   

Осыған байланысты, стандарттарды, клиникалық хаттамаларды, пациенттердің маршруттарын және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-пен өзара іс-қимыл тәртібі мен қағидаларын қайта қарау бойынша жұмыс басталды.

Ауылда медициналық  көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін 2023 жылдан бастап ауылдық елді мекендерді 655 жаңа медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанымен қамтамасыз етуді,  32 аудандық орталық аурухананы  жаңғырту  жолымен шұғыл медициналық көмектің  уақтылығын арттыруды, ауылдық өңірлерде 1100 медицина қызметкерін жұмыс істеу үшін даярлауды қамтитын  «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы іске асырылуда.  Бұл шаралар ауруларды ерте анықтауды арттыруға, профилактика мен скринингтік бағдарламаларды жақсартуға, сондай-ақ ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Тұжырымдамасы бекітілді, Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі 34 басты жобада көзделген денсаулық сақтаудың негізгі нысандарын  жобалау мен салуды қамтиды.  Сондай-ақ, 2024-2026 жылдарға бөлінген қаржыландыру шегінде медициналық мекемелерді күрделі жөндеу және жарақтандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Екінші кезеңде жаңа құрылыс, жөндеу және толық жарақтандыру жолымен 2,5 мың медициналық нысанды жаңғырту жоспарлануда.

Ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап босандыру, неонатология, балалар неврологиясы, балалар аллергологиясы, ревматология бойынша медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтердің мөлшері артып келеді.

1 қыркүйекке қарай қажетті рәсімдердің аяқталуына қарай абдоминалдық хирургия, инфекция, неврология, гастроэнтерология, кардиология, травматология және ортопедия, нефрология, эндокринология, онкогематология сияқты бағыттар бойынша тарифтерді көтеру жоспарлануда.  

Қабылданған шаралар халықтың сапалы медициналық көмекке жоғары қолжетімділігін қамтамасыз етуге, азаматтардың қалта шығыстарын азайтуға, сондай-ақ медициналық ұйымдардың шығын қаупінің деңгейін төмендетуге арналған.

Тарифтік саясаттағы жаңа тәсілдер жекелеген нозологиялар бойынша көмектің жоғары қолжетімсіздігі, сондай-ақ қызметтер көрсетуді аз шығынды кезеңдерге ауыстыруды ынталандыру міндетін шешеді.

Статистиканың  қолжетімділігі мен  дұрыстығы, оның ішінде кадр және материалдық-техникалық ресурстарды басқару жүйесі бойынша проблемаларды  шешу талап етіледі,  бұл саланың осы бағыттарын сапалы жоспарлауға және басқаруға мүмкіндік береді.

Босандыру және балалар қызметін жетілдіруге ерекше назар аударылады. Бір тәулікте елде 1000-ға жуық жаңа туған нәресте дүниеге келеді. Жыл сайын 400 мыңнан астам жүкті әйел амбулаториялық қызмет мамандарында бақылауда болады.

Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау және патологияларын ерте анықтау үшін 11 миллионнан астам нәрестені қамтитын скринингтер жүргізіледі. «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы енгізілуде. Жоба барлық өңірлерде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, бұл пренаталдық диагностиканың инновациялық әдістерін қолдануға және патологиясы бар балалардың туу қаупін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.

Халқымызға мамандандырылған медициналық көмек  көрсету тәсілдері қайта қаралатын болады. Алғашқы шаралар қазірдің өзінде қабылданды – ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулардың тізбесі 42 зерттеуге қысқартылды, талдаулардың жарамдылық мерзімі 3-6 есеге ұлғайды, сондай-ақ пациенттердің маршруттарын оңтайландыру бойынша шаралар қабылданды.

Денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту және ағымдағы жағдайларда қалыпты жұмыс істеуді қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Халықаралық озық тәжірибені, медициналық ұйымдардың басшыларын іріктеу жүйесін ескере отырып, ауруханалық менеджменттің жаңа стандарттарын әзірлеу және енгізу, бөлінетін ресурстарды пайдалану тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығы үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі мен тартылуын одан әрі арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Кадрлар көп нәрсені шешеді

Дәрігерлердің жетіспеушілігі, әсіресе арнайы мамандандыру туралы көп айтылады.  Бірақ, осы уақытқа дейін салада медициналық қызметтер мен сервистердің жоғары сапасына бағытталған медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің ынталандырушы моделі жасалмаған.

Біз кадрларды даярлау және оқыту сапасы саласындағы саясатқа, олардың сапалы және нәтижелі қызметін қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін қайта бағалауға, сондай-ақ өндіргіш күштерді орналастырудағы географиялық теңгерімсіздіктерге талдау жүргіздік.

Өкінішке орай, медициналық ұйымдардың штаттарының жеткіліксіз жұмыс істеу мәселесі әлі де бар және бұл әсіресе ауылдық елді мекендер деңгейінде сезіледі. Тапшылықтың негізгі себептері – мотивацияның төмендігіне, құқықтық сенімсіздікпен, жоғары психоэмоционалдық жүктемеге және әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіздігіне байланысты медициналық кадрлардың жұмыстан кетуі.

Денсаулық сақтаудың кадрлық саясатын дамыту тұжырымдамасы, ең алдымен, кәсіптің имиджі мен беделін арттыруға бағытталатын болады.

Есепке  алу процесін цифрландыру  және бірыңғай жүйені құру амалдары  бұрында қолға алынған болатын, алайда  аяғына дейін жеткізілген жоқ. Қазіргі таңда менің әріптестерім ай сайын дәрігерлік ставкалардың болуына қарай дереректерді қолмен жинайды. Денсаулық сақтаудың кадр ресурстарын есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесін құруды аяқтау жоспарлануда, онда бірінші курс студентінен бастап жұмыс істейтін денсаулық сақтау маманына дейінгі барлық дерлік ақпарат мемлекеттік тапсырысты бөлу, түсу, оқыту, жұмысқа орналастыру және бүкіл кәсіби қызмет бойы үздіксіз даму рәсімінен бастап цифрландырылатын болады.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін жетілдіру мақсатында емханалық буын дәрігерлері мен мейіргерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар кешені іске асырылуда.

Мамандықтың беделін арттыру бойынша шаралар қарастырылуда (жалақыны көтеру, төлемдерді ынталандыру, кәсіби өсу, еңбек және әлеуметтік жеңілдіктер, қолайлы еңбек жағдайларын жасау).

Қорытындылай келе, сала алдына қойылған міндеттерді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі сақтандыру жүйесін жаңғыртуға және медициналық көмекті ұйымдастыруға, бизнес-процестерді қайта құруға, ашықтықты, тиімділік пен ұтымдылықты, бөлінетін қаржылық және материалдық ресурстарды қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтар мен пациенттердің қажеттіліктеріне басты назарды аудара отырып, сала кадрларын сала алдында тұрған сын-қатерлерді шешуге бағдарлауға кіріскенін атап өткім келеді. Халықтың қажеттіліктері мен тілектеріне жүйенің жауаптылығын арттыру маңызды бағыт болып айқындалды. Медицина қызметкерлерімен бірге біз барлық мақсаттарға қол жеткіземіз.

Нәтижесінде біз пациенттің мұқтаждары мен қажеттіліктеріне бағдарланған халыққа медициналық көмек көрсетудің жетілдірілген моделін аламыз, дәрігерлерге негізсіз бару мен зерттеулерді барынша алып тастаймыз, пациенттердің маршруттары қайта құрылады, ал медициналық көмек көрсетудің барлық буындарының жұмысы жақсы үйлестіріледі және өзара интеграцияланады, мемлекеттің міндеттемелері теңгерімділікке қол жеткізу үшін саланың қолда бар ресурстарына сәйкес келтіріледі, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шынайылық қағидаттарына негізделетін болады, медициналық ұйымдар қызметінің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі, медициналық технологиялар мен дәрілік формуляр дәлелденген тиімділікке негізделетін болады, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  мен  тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің пакеті бойынша ақылы қызметтердің көмегіне қолжетімділікті арттыру есебінен азаматтардың қалтасына жүктемені бір мезгілде төмендете отырып, бірқатар дәрілік заттар мен медициналық қызметтер бойынша қосымша төлемді енгізу пысықталатын болады.

Медицина жұртшылығына көптеген міндеттер мен жоспарлар қойылды, жауапкершілік одан да көп. Кәсіби мереке қарсаңында барлық әріптестерімді медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздердің еңбектеріңіз – қайсарлықтың, біліктілік пен мейірімділіктің үлгісі. Күн сайын сіздер көптеген өмірді сақтап қаласыздар, денсаулықты қалпына келтіресіздер және миллиондаған адамдардың жүрегіне үміт ұялатасыздар. Сіздердің жұмыстарыңыз үлкен шыдамдылықты, білімді және күш-жігерді қажет етеді. Сіздерге зор денсаулық, амандық, кәсіби табыс және жаңа жетістіктер тілеймін. Сіздердің жұмыстарыңыз әрқашан жоғары бағалансын және әрбір жұмыс күні адамдарға көмектесуден қанағат пен қуаныш әкелсін. Мамандыққа деген адалдықтарыңыз бен адамгершіліктеріңіз үшін рахмет!

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,

Қазақстан Республикасының

Денсаулық сақтау министрі