• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Маусым, 2024

Өңір медицинасындағы ауқымды жобалар

115 рет
көрсетілді

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында облыстағы емдеу мекемелеріне санитарлық автокөліктер кілті табыс етілді. Осыған орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев арнайы келіп қатысты.

Жиында облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаев өңірде тұр­ғындардың медици­налық қызметке қолжетімділігін арттыру, ден­саулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру жүйелі жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Осыдан 2 жыл бұрын 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілген болатын.

«Өткен жылы салаға 513 млн теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік табыс­талса, биыл барлық елді мекендегі ден­саулық сақтау мекемелеріне 200 сани­тарлық автокөлік алынады. Соның ал­ғашқы легін бүгін табыстасақ, қалған 150-і жыл соңына дейін беріледі. Осы­лай­ша, биыл елді мекендерді санитарлық автокөлікпен қамту мәселесін түбегейлі шешеміз», деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Ел саулығын сақтауға еңбек етіп жү­рген әріптестерін кәсіби мерекемен Ден­саулық сақ­тау бі­рін­ші вице-министрі Тимур Сұлтанға­зиев, А.Н.Сызғанов атын­дағы хирургия ғылыми орталығының бас­­қарма төрағасы Болатбек Баймаханов құт­тықтап, сала ардагері Тұрғанбай Маханов бата берді.

Биыл өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар бар. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 11 млрд теңге болатын 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға бе­рілді. Қалған 11 нысан жыл соңына дейін халық игілігіне табысталады.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шең­берінде Қызылорда қаласының Досан елді мекенінде медициналық бекет, Бай­мұ­рат батыр ауылында дәрігерлік амбула­тория қолданысқа беріліп, көпті қуант­ты. Көпбейінді облыстық ауруханада жаңа МРТ аппараты іске қосы­лып, 70 орын­дық перинаталдық бөлім ашылды. Об­лыс орталығында 36 млрд 400 млн тең­ге­ге бір ауысымда 100 келуші­ге арнал­ған емханасы мен онкология­лық бө­лім­шесі бар 300 орындық көп­бе­йінді ауруха­наның құрылысы жүріп жатыр.

Осы кезге дейін Қан орталығы­ның жеке ғимараты болмаған ­еді. Құры­­лы­сына республикалық бюджеттен 2 млрд 900 млн теңге бөлініп, қаланың сол жаға­­­лауынан салынып жатқан орта­лық ғимараты жақын күндері ел игілігіне беріледі. Жергілікті бюджет есебінен 922 млн теңгеге Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсектік ауылдық ­аурухана салынып жатыр. Шиелі ауда­нында да 30 төсектік инфекциялық бө­лімше құрылысы басталады.

Аймақ медицинасын дамытуға бюджеттен тыс қолдау аясы да артып отыр. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңгеден астам қаржы бағыттапты. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқор­лық» реабилитация орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмек алынды. Қор облыстық онкология орталығын 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мамандар қазір республиканың ­3 өңірінде ғана кездесетін кешеннің бірі­мен облыстың шалғай елді мекендерін аралап, 1 300-ден астам тұрғын онколог кеңесін алды.

Халыққа сапалы медициналық қыз­мет көрсету үшін мамандар біліктілігін арттыру да маңызды екені белгілі. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, биыл 10 реаниматолог және 5 кар­дио­лог маман Түр­кияда жетекші медици­на­лық ұйым саналатын «Мемориал» кли­никасында білім жетілдіріп кел­ді. 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін сұра­нысқа ие мамандықтар бойынша 155 резидентке, 162 жалпы тәжірибе­лік дәрі­герді даярлауға облыс әкімінің арна­йы гранты бөлінiп, 2023 жылы 590 дәрігер, 738 орта буынды медицина қызметкер­лері біліктілігін арттырыпты. Биыл Сыр дә­рі­­герлерінің еліміздегі алдыңғы қатар­лы медицина орталықтарымен қатар, ­шет елдерде де біліктілігін арттыру көзде­ліп отыр.

Жыл көлемінде хирургиялық сала бойынша 14 шеберлік сағаты өткізіліп, 21 түрлі операция жаңа­дан енгізілдi. ­Ара­ға 9 жыл салып бүйрек трансплан­та­­ция­сы операциясы жасалды.

 

Қызылорда