• RUB:
    5.31
  • USD:
    463.77
  • EUR:
    495.49
Басты сайтқа өту
Білім 18 Маусым, 2024

ҰБТ: 89 талапкердің нәтижесі жойылды

61 рет
көрсетілді

Негізгі ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) аралық қорытындылары шықты. Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, осы ҰБТ басталғаннан бері 164 мың рет тест тапсырылды. 266 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.

Орталықтың дерегіне сүйен­сек, осыған дейін негізгі ҰБТ-ны тапсырған талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 115 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Тесті­леу басталғалы шекті балды 76% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, бұл әзірге 68 балды құрады. Ең жоғары балл – 138. Әлі ешбір талапкер ҰБТ-ның ең жоғары 140 балын жинамады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде ҰБТ-ға соңғы төрт аптаның ішінде 510 талапкер қатысты.

Бүгінгі таңда 315 ереже бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде 219 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да ты­йым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ере­желерді бұзғаны үшін аудиториядан 89 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеру­ден соң, ереже бұзған 7 адам­ның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Қоса кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін де, анығын айтқанда, осы жылдың 31 қаза­нына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады. Қайбір жылдары тіпті жоғары балл жинап, тегін оқуға түскен түлектердің де тесті­леу бейнежазбаларына талдау жүр­гізуден кейін грантынан айырылып қалғаны бар. Сол себепті осы талапты түлектердің есіне сала кеткіміз келеді.

Айтпақшы, тағы бір еске­ре­тін дүние ҰБТ-ғы нәтиже үздік аттестат пен «Алтын белгіге» әсер етпейді. Өйткені «Алтын бел­гі» – оқушының, мектеп бітіруші­нің 1-11 сынып аралығында үздік оқығанын көрсететін белгі. Бұл белгі иегері басқа оқушылар секілді тестілеу тапсырады. Бірақ жоғары оқу орнына түсуде, грантқа үміткер кезінде екі мектеп бітірушінің ҰБТ-да жинаған балы бірдей болған жағдайда ерекше белгі иегеріне басымдық (Мұндай басымдық халықара­лық және республикалық олим­пиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктеріне де беріледі – ред.) беріледі. Биыл 11 сыныпты 186 мың түлек аяқтады, ерекше белгіге үміткер болған 7 704 түлектің 7 420-сы «Алтын белгі» белгі иегері атанды.