Дүниежүзінде алуан-алуан көпір бар. Солардың арасында қолдану бағыты мен құрылысы бойынша таңдай қақтырарлық небір түрі кездеседі.
Мәселен, Лондонның Падингтон ауданында орналасқан Роллинг көпірінің қызметі қарапайым болғанымен, құрылымы өзгеше.
Аптаның әр жұмасында сегізбұрышты бұл көпір төңкеріліп жазылады да, жүруге қолайлы кейіпке енеді. Бұл – оның басқа көпірлерден басты айырмашылығы. Ал күн соңында қайтадан сегізбұрышқа айналады. Көпір 2004 жылы Гранд-Юнион каналына жүк тасымалдайтын кемелерді өткізу мақсатында салынған. Авторы – Томас Хезервик.
Биіктегі көпір
Эйфель мұнарасы мен Гиза пирамидасын қоссаңыз да, оның биіктігі Қытайдағы СиДу көпіріне жете алмайды.
Сонда оның биіктігі қанша дейсіз ғой? Айтайық. Бұл көпір жерден 496 метр биіктікте орналасқан. Бір қызығы, құрылыс кезінде көтерме крандар немесе тікұшақтар емес, зымырандар негізгі қызметті атқарған. Хубэй провинциясындағы өзен аңғарынан өтетін көпір 2009 жылы ашылған.
Сәнді көпір
Оңтүстік Кореяда орналасқан Банпо көпірі 1982 жылы салынған, алайда 2007 жылы сол аймақты жаңарту жобасы құрылып, 2009 жылы толық пайдалануға беріледі. Ал оның сәнін келтіріп, атағын аспандатып тұрған – көпір жанындағы субұрқақтар.
Субұрқақтар 1 минут ішінде 190 тонна су төгеді. Кешке 10 мың түрлі түсті шам кемпірқосақ секілді жарқырайды. Әртүрлі суретке өзгеріп, тіпті музыкаға сәйкес қозғалады. Көпір сұлулығымен ғана емес, экологиялық тазалығымен де ерекшеленеді. Айта кетейік, 2008 жылы осы көпірдегі субұрқақтар ең биік деген атқа ие болып, Гиннестің рекордтар кітабына енген.