• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2015

Жаны қазақ Хизметли

328 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бүкіл әлем мойындаған мемлекетке айналды. Елбасының шет мемлекеттермен жүргізіп отырған толеранттылық саясатының арқасында қазақстандықтарға шетелдерге барып оқуға жол ашылды. Бұл жастар арасында шет тілдерін үйренуге деген талпыныстың пайда болуына түрткі болуда. Бүгінде Елбасының осы бір салиқалы саясатына қолдау көрсетіп қана қоймай, елімізде жиырма жылдан астам уақыт еңбек сіңіріп, мемлекеттік тілде еркін сөйлей жүріп, қазақ тілінің мәртебесін арттырып, сондай-ақ алдыңғы қатарлы білім ордасының ашылуына үлес қосып, жастардың шет елде білім алуына қолдау көрсетіп, ізгілік пен имандылық нұрын сепкен ұлағатты ұстаз, білікті басшы ретінде танылған Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры, доктор, профессор Сабри Хизметли мырзаның осы бір өнегелі ісін өзімше тілге тиек етуді азаматтық парызым деп санаймын. Әр жыл сайын жаңару мен жаңғыруға бет алған аталмыш білім ордасы, өлшеуі жоқ еңбектің табысты болуы білім мен біліктілікке байланысты екендігін ұқтыра түсуде. Өткен жылы Сабри Хизметли мырзаның қолдауымен ізгі ниет пен жақсы тілектердің жаршысындай болып Түркия мемлекетінен бір топ делегация келген еді. Сол жолы шет елде білім алғысы келетін жастардың талабын шыңдай отырып, олардың Түркия мемлекетінің білім грантымен тегін білім алуына жағдай жасау тұрғысында 2013-2014 оқу жылының маусым айында университет және университетке қарасты Алматы қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжі мен мектеп түлектері білім грантына сынақ тапсырды. Осы сынақтан сүрінбей өткен 100 талапкер бүгінде Түркия мемлекетінде оқуға жолдама алып отыр. Бұл екі мемлекет арасындағы достық пен ын­тымақтастықтың одан әрі нығаюына оң әсерін тигізе отырып, өз ісінің білікті маманы бола білген Сабри Хизметли сынды азаматтың табанды еңбегінің жемісі деп білемін. Алматы қаласында бой көтерген Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің саналы тәрбие және сапалы білім нәрімен сусындатқан бірегей білім ордасы ретінде танылуына аянбай тер төгіп жүрген жемқорлыққа жаны қас білікті маман білім ордасындағы әрбір оқытушы мен студент жастардың жемқорлыққа қарсы күресіп, заман талабына сай еңбек ете отырып адалдықты пір тұтуын да көзден таса қылмауда. Ол сонымен қатар, оқу орнының ішкі және сыртқы тазалығынан бастап, оқу үрдісінің талаптарға сай жүргізілуіне, оқытушы-профессорлардың өз білімдерін ұдайы шыңдап, тәжірибе жүзінде іске асыра білуіне де қолдау көрсетіп келеді. Білім ордасына үміткерлер саны да жыл сайын арта түсуде. Бұл білім ордасының заман талабына сай мамандар даярлаудағы үлкен көрсеткіші болып табылады. Сондай-ақ, университетіміз заманауи үлгіде, яғни еуростандарт негізінде салынған жатақханамен де қамтамасыз етілген. Студенттердің тәрбиесі мен тәртібі жіті қадағалана отырып, үш мезгіл тамағы мен жатар орнының гигиенасы сақталып, білім алуына барлық жағдай жасалған. Биылғы оқу жылында мемлекеттік аттестациялауда жақсы нәтиже көр­сет­кен оқу орнында жастардың батыс және шығыс тілдерін жетік мең­ге­руіне, өз білімдерін шетелде шың­дап, машықтанудан өтуіне де жағ­дай жасалуда. Сөзімізге дәлел универ­ситетімізден жиырма магистрант Түр­кия мемлекетінде білімдерін шың­дап қайтты. Бұл да университет бас­шысының қолдауымен жүзеге асырылып отырған екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастың нышаны. Осы мақсатта барған болашақ жас ға­лымдар түрік халқының патриоттық сезімінің өте жоғары дәрежеде екендігіне көз жеткізе отырып, түрік халқының қо­нақ­­­жайлылығына да дән риза болған еді. Осындай игі істерімен көзге түскен ұлағатты басшы бүгінде үлкен-кішінің бірдей құрметіне бөленуде. Түркия азаматы бола отырып, қазақ жерінде еліміздің көркеюіне және қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне зор үлесін қосып жүрген ұлағатты ғалымның осы бір өнегелі ісінің ана тіліне немқұрайлы қарайтын кейбір азаматтарға үлгі болары анық. Қазіргі таңда Сабри бей асыл жары Хурие ханыммен бірге ұл-қыз өсіріп, шаңырағының шаттығын шалқытып, сәнін келтіріп, отбасына мейірімін төгіп, ұл-қыздарының тірнекті тіршіліктеріне сүйсініп отырған бақытты жандардың қатарында. Көрген-білгендерін қы­зыл тілдің майын тамызып суреттеп бе­ретіндей жазушылық қасиетке ие бол­масам да, жаны жақсылыққа толы үлкендеріміздің қатары көбейе бер­сін, әрі кейбір ана тіліне немқұрайлы қарайтын азаматтарымыздың осындай ұлағатты ғалымдардан үлгі алып, бой түзеуіне ықпал етсе нұр үстіне нұр болар еді деген ниетпен бастаған жазбамды жанымызда жүрген өнегелі жақсылардың қадірін біліп, құрмет тұтайық деп аяқтағым келеді. Жанна СҮЛЕЙМЕНОВА, Алматы қазақ-түрік гуманитарлық- технологиялық колледжінің маман оқытушысы. АЛМАТЫ.