• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 20 Маусым, 2024

Ғалам ғажаптары: Ерік-жігердің ерекше үлгісі

48 рет
көрсетілді

Адам жаны сірі ғой. Егер өзіңді өзің аямай шыңдап, күн сайын жалықпай жаттықсаң, небір рекордтарды дүниеге әкелерің сөзсіз.

Мәселен, Харриетт Томпсон есімді АҚШ тұрғыны марафон қашықтығын сәтті жүгіріп әлемдік рекорд жаңартқан. Иә, ол мәре сызығын бірінші болып кесіп өтпесе де, оның ерлігі талайлардың таңдайын тақылдатты. Енді ол қандай ерлік дейсіз ғой? Бұл кейуананың ерекшелігі – 92 жасында Сан-Диего марафонын 7 сағат 24 минут 36 секундта жүгіріп өткен. Оның жанында 56 жастағы ұлы Бренни де болған. Айта кетейік, бұған дейін Томпсон ауыз қуысының обырымен үш мәрте күресіп, ақырында жазылып кеткен.

 

Антирекорд орнатқан қақпашы

Әлемдік доп додасында небір сенсацялар – жанкүйерлер күтпеген оқиғалар жиі болады. Соның ең ерекшесі 1995 жылы «Жерминаль Экерен» мен «Андерлехт» арасын­дағы ұлттық чемпионат матчында тіркелді.

Осы ойында бельгиялық футболшы Стан Ван ден Буйс өз қақпасына байқамай 3 автогол соққан. Әрине, спортшы тап бұлай рекорд орнатам деп ойламағаны анық. Осылайша, Андерлехт командасы бірде-бір гол соқпай-ақ, 3-2 есебімен жеңіске жетті.

 

Секірудің шебері

Рекордтың да түр-түрі бар-ау. Қытайлық спортшы Цэнь Сяолинь секіргішпен секірудің сайыпқыраны атанып, Гиннес рекордтар кіта­бына енген.

17 жастағы бала 30 секунд ішінде 228 рет секіріп, әлемдік рекорд орнатқан. Осылайша, ол Шанхайдағы халықаралық турнирде көз ілеспес жылдамдығы және ерек дарыны арқылы барша жұрттың таңдайын қақтырған. Қытайлық спортшы 30 секунд ішінде ең көп секіру рекордын 2015 жылы өзі жасаған. Ол кезде 108 рет секірген еді.