• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2015

Алқада алқалы мәселелер айтылды

316 рет
көрсетілді

Ел халқының жайлы тұрмысы, бақуатты өмір сүруі, бейбіт ең­бек етіп, алаңсыз күн кешуі, ең алдымен, елдегі қауіпсіздіктің тұрақ­тылығында дейміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы халқына арнаған әр Жолдауында айрықша айтып келеді. Ал ішкі тәртіпті қашанда ішкі істер органдары жүзеге асырып жатқаны белгілі. Халқыма, еліме адал қызмет ете­мін деп кеудесіне қолын қойып ант-су ішкен нағыз полицейлер адамдардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қорғауда талап деңгейінен шығып жатқаны рас. Міне, соның дәлеліндей елор­дада министр Қ.Қасымовтың төраға­лығымен ІІМ кеңейтілген алқа отырысы болды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесі­нің хатшысы Н.Ермекбаев, Прези­дент Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Е.Кененбаев және ІІМ орталық аппараты мен комитеттері, өңір­­лік ішкі істер, қылмыстық-ат­қару жүйесі, төтенше жағ­дай­лар департаменттері жеке құ­ра­мы­ның, сондай-ақ, Ұлт­тық ұлан­ның өңір­лік қол­бас­шы­лары­ның және ведом­стволық оқу орындары басшылары қа­тысты. Алқа отырысында, жоғарыда айтқанымыздай, өткен жылғы қызмет қорытындылары, таяу уақыттарға арналған ішкі істер ор­гандарының басым міндет­тері, сондай-ақ ішкі іс­тер орган­дарын­дағы тәртіп, заң­ды­лық және сыбайлас жемқор­лы­ққа қарсы іс-қимыл жағдайы талқыланды. Қалмұханбет Қасымов өткен жылы ІІМ реформалау жөнін­дегі іс-шараларды іске асыруда елеулі кезең болғанын атап өтті. Заманауи талаптарға сәйкес ішкі істер органдарының жаңа жүйесінің негізі қаланған «Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданды. Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасын және құқық қорғау органдарының кадрлық саясатының тұжы­рым­дамасын іске асыру жұмыс­тары жүргізілді. Министр хабар­­ла­ғандай, есепке алу-тіркеу сая­­са­тын қатаңдату нәтижесінде қыл­­­мыс­­тарды жасырудың бұрын­ғы амалы түп-тамырымен жойылды. Соның арқасында соңғы жылдары алғашқы рет қылмыстың төмендеуі байқалыпты. Бірқатар қылмыс түрлері азайған, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, қарақ­шылық, басқа ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ кәмелетке толмағандар, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар, көшелерде орын алатын қылмыстар төмен­деген көрінеді. Осыған орай министр, қылмыстың төмендеуі нәтижесінде қылмыстардың ашылуы, жәбірленушілердің бұзылған құқығын қайта қалпына келтіру жөніндегі біздің негізгі міндетіміз шешілді, деп атап өтті. Сөйтіп, не керек, қылмыстың басым түрлерін, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу жақсарды. Қ.Қасымов ІІМ жүйесінің ағым­дағы жылғы қызметі Мем­лекет басшысы Н.Ә.Назар­баев­тың Қазақстан халқына «Нұр­лы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленген ауқымды міндеттерді нәтижелі іске асыру үшін жағ­дай туғызуға, қызметтер мен бөліністердің жедел-қызметтік жұмыс көрсет­кіш­терін төмендет­пей, қылмыстар туралы барлық өтініштер мен арыздарға мүлтіксіз жедел ден қоюды қамтамасыз ете отырып, қыл­мыстық заңның және қыл­мыс­тық сот өндірісінің жаңа үлгі­сіне ауысуды жалғастыруға ба­ғытталуы тиіс екеніне назар ау­дарды. Осылайша ІІМ ағым­­дағы жылғы тұңғыш алқа оты­рысының қорытындысы бойын­ша министрліктің орталық аппа­ра­тының және өңірлік депар­таменттердің қызмет басшыларына өзге де қаралған проблемалар бойынша нақты тапсырмалар берілді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».