Қазақ айтыс өнерінің «Алтын діңгегі» деп Мұхтар Әуезов баға берген Сүйінбай ақын қырғыз ақыны Қатағанмен айтысында:
«Одан да ары шу дейін,
Ескен желдей гулейін.
Сарыарқаны жайлаған,
Желіге бие байлаған.
Мамадағы аттары,
Құлын тайдай ойнаған.
Ерегескен дұшпанын,
Алдына салып айдаған.
Сарыарқаны қыстаған,
Лашын да, сұңқар ұсаған.
Арқа деген жерімде,
Арғын деген елім бар»,
деп бір қайырып,
«Анау жатқан Арғыным,
Арғыным атқа қонғанда,
Кішкентай ғана қырғыз-ау,
Басыңнан сенің қарғыдым.
Арғын деген сансыз ел,
Мекен еткен қоныс қып,
Дүниенің жарымын.
Ешкім басып көрген жоқ,
Олардың қарқын арынын.
Жерге кіріп кетерсің,
Бұлардың бассаң тамырын»,
деп алтын әріппен әбіздеп, бағасын беретін жері бар. Сүйінбай ақынның бұл сөзді айтқанына екі ғасырға жақындады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп қазақ бекер айтпағанын осыдан байқасақ болады.
Менің алдымда Астана қаласының тұрғыны, зейнеттегі полковник Рымбек қажы Қорабайұлының «Дара тұлғалар тағылымы» атты бабаларына арнаған қалың кітабы жатыр. Қазақта тектілік деген сөз бар.Тектілік, адам бойындағы асыл да ұлы қасиеттерінің көркем мінез парасаттылығының ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен жалғасуы, яғни адам баласында кездейсоқ қалыптаспайтын ата-бабалардан жалғаса беретін ұлы қасиет десек, қателеспейміз. Рыкең бір сөзінде, Шаншардың бір баласы Нұрбикеден – Тілеуке, Бертіс туады. Бертіс бабасының биыл 390 жылдығы екенін айта келіп, бабам жай Бертіс емес, хан Бертіс. Жалпы, біздің елде ол кісіні «Қарқаралы хан Бертіс» деп біледі. Шаншардың баласы, Қазыбектің әкесі Келдібекпен қатар тұрған ірі тұлға дегені бар еді.
Арғын тайпасының Бес Мейрам тобының Қаракесек руынан Ақша — Бошан – Таз – Бұлбұл – Шаншар тарайды екен. Біз айтқалы отырған Бертістің арғы бабасы Шаншар Бұлбұлұлы ХVІ-ХVІІ ғасырдың боз даласы бусанған, қан қасап жойқын соғыс топалаңында қазақ елінің, халықтың бірлігін сақтауда хандығы мен мемлекеттігінің нығаюына өлшеусіз үлес қосып, ерен еңбек етіпті. 1613-1627 жылдары Ташкент тағына отырған Жалым ұлы Тұрсын хан он төрт жылдай билік құрады. Жалым сұлтан Қасым ханның ұлы болатын. Шаншардың әкесі Бұлбұл батыр осы Жалым сұлтанның бас сардары болғандығы айтылады. Бұлбұл батырдың екі баласының бірі Шаншар Есім ханның тұсында Түркістан жұртын Есімнің маңына топтастыруда үлкен еңбек сіңіріп,Тұрсын ханмен жанжалдасуына жол бермеген данагөй ғұлама делінеді. Орта жүзде аса беделді, билігі де, сөзі де өтіп тұрған би, келе-келе «Шаншар абыз» атанған тарихи тұлға болғандығын жазады ғалымдар.
Шаншар абыздан —Келдібек, Бертіс, Қаз дауысты Қазыбек, Бекболат, Алшынбай, Еспенбет тәрізді елге белгілі билер мен аты алты алашқа мәлім мәмілегер бектер тарайды екен. Қазақтың ұлттық күй, ән өнеріне үлкен олжа салған, бабасына арнайы «Бертіс» атты күй шығарған Тәттімбет, Мәди, Айтбай, Балта, Ғаббас тәрізді өнер майталмандарының шыққандығын да айтуымыз ләзім.
Бұл әулет турасынан қалам тарпаған жазушы, зерттеушілер кемде кем сияқты. «Шаншар абыз Бұлбұлұлы» деген көлемді мақалаға көзім түсті. «Ел ішінде хан Бертіс деген сөз бар. Бұл Бертіс хан болды деген емес, қарадан хан қоймайды. «Бертіс он жеті ұлды Бертіс атанған. Он жеті ұлы ат арқасына мініп, соңынан ерген соң жалғанның жарты пәлесі болған, басына құстың қауырсынын қадап алып «Қарқаралы хан Бертіс» атанса керек. Ташкентті шабуға қатысып, сонда билік құрады. Мұны Бұқар ханы естіп, соғысуға келгенде Бертіс Бұқар ханына:
Он жеті ұлым бар, сен түгілі Құдайдың да өкпесі қабынып, алса да зорға алар, – депті. Сонда Бұқар ханы:
Мынау Құдайдан да қорықпаған екен. Құдайдан қорықпағаннан қорық деп еді, – деп қайтып кетіпті» деседі.
Бертіс Ташкентті билеген, Ташкентті билеуші қашанда хан болған. Басына құстың қауырсынын қадап алып жүрген. Өйткені оның сүйегі қара еді. Соған орай басына мұрақ, болмаса тәж кие алмайтын еді. «Қарқаралы хан Бертіс» атанған себебі Бертіс кешегі қатағанның тұқымына сенбеген. Соған орай жан-жағын, хан күзетін Қарқаралы жақсымдарынан жасақтаған. Жан-жағын дірілдеткен Бұқар ханының өзі Бертіспен соғысудан бас тартып тұр. Қарт тарих шындықты айтса, Тұрсын, Есімхандар қатар жүріп, Бұқар хандығын әупірімдеп жүріп тізерлеткен. Бұл мақаланы жазудағы мақсат біреуді мұқату емес, аруақтарды алқау еді – деп қорытындылайды сөзін жазушы Серік Сексенов.
Әрине ел аузынан жеткен дерек деген күннің өзінде, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынындай бұл мәліметтерді қабылдауымызға тура келеді.
Шаншар әулетінен шыққан тұлғалардың елдің ел болуы, мемлекеттілігіміздің болашағы жолында жанын сала қызмет еткен ірі тұлғалар шыққаны хақ. Осы сәтте Абылай ханның кеңесшісі, көмекей әулие атанған Бұқар жыраудың Абылайға айтатын Мадақ жырынан мына бір сөзі есіме оралды.
«Кейі батыр кейі би,
Үйсіннен шыққан Төле би,
Бар қазаққа төбе би.
Қаз дауысты Қазыбек,
Керейде батыр Жәнібек.
Кіші жүзде Әйтеке,
Сіргелі қара Тілеуке» –
деп біраз батырларды тізбектеп келіп,
«Қазақтың байтақ жері үшін,
Жауда кеткен кегі үшін.
Асыл туған тегі үшін,
Билері мен бегі үшін.
Енесі мен тайы үшін,
Таулары мен сайы үшін.
Бетегелі белі үшін,
Айнадай мөлдір көлі үшін.
Көн садақты асынып,
Қалмақты қудың қашырып.
Сонда сенің бағыңа,
Құт қондырған тағыңа,
Тәңірім берді артық сый»,
деп жалғастырып әкетеді. Адамның делебесін қоздырып, рухын көтеретін неткен асыл сөздер десеңізші. Бұл сөздің де айтылғанына үш жарым ғасырдан асып тұр. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», деп ғұламаларымыз да бекер айтпаған ғой.
Қоңыраулы құба нардай көш бастаған бабамыздың біреу батырлығын жазса, енді біреуі шешендігіне тоқталады: «Бертіс би (Бердібек) Шаншарұлы (1633-1707ж.ж) Сырдария бойында туып, өмірін Қаратау,Түркістан,Ташкент, Балқаш пен Қарқаралы маңында билік құрып, ел басқарып өткізсе керек. Жасы үлкен Бертіс Келдібек бидің ағасы, Қаз дауысты Қазыбектің тәлімгері, ержүрек батыр, қара сөзде ешкімге дес бермеген шешен, аузын айға білеген ақын болған екен. Қазақ халқының басына түскен ХVІІ ғасырдағы жоңғар-қазақ соғысы кезеңіндегі нәубет жылдары Бертіс би елін қорғау жолында тұтқынға да түскен. Ертеде Сарыарқа жерінде бір даулы оқиға болады. Би-шешендер сөз сайысы бірнеше күнге созылып, ешқандай мәмілеге келе алмайды. Осы дау үстіне қара қылды қақ жарған әділдігімен әйгілі Бертіс келіпті. Екі жақ әділ төрелігін айтуды Бертіс биден өтініпті. Сонда Бертіс би:
«Қызыл тілде сүйек жоқ,
Жалтыр көлде құрақ жоқ.
Әділетті еске алмай,
Сылдыр сөзде тұрақ жоқ.
Әділетті ойламай,
Құрғақ сөзбен
Көпірген елде бірлік жоқ.
Мен сіздерге не айтайын?
Әркім өз көргенін айтады.
Қасапшымен сөйлессең,
Ұстарасы мен қайрағын
айтады.
Жылқышыға жолықсаң,
Жүйрігі мен жорғасын
айтады.
Түйешіге жолықсаң,
Өркеші биік тайлағын
айтады.
Сиыршыға жолықсаң,
Шелектегі қаймағын айтады.
Қойшыға жолықсаң,
Қазан-қазан майын айтады.
Жаманменен сөйлессең,
Қайдағы жоқ,жайдағыны
айтады.
Ондайменен сөйлессең,
Көңіл жүдеп, бетің қайтады».
Ел болып ақылдасып, билікті елдің бірлігін ойлайтын биге берсең, ағайынның тірлігі сақталады. Ағайында бірлік болса, береке сонда. «Береке бесігі – ынтымақ», деп төрелігін айтқан екен», деп-сөзін түйіндейді қарт журналист Нығмет Төкешов.
Осы тұста «Қарадан шыққан хан атанып», өз әмірін зорлық-қаталдығымен танытқан «Арқаның қысы алты ай, Құнанбаймен жеті ай» деген сөзге ілінген Құнанбай қажының баласы Абайдың анасы Ұлжанның Қаракесек ішіндегі Бертіс тұқымынан шыққанын айтпасақ болмас. Ол тауып айтқыш сөзге шешен Тұрпанның қызы еді. Ғұлама Абайдың бұларға жиен екендігін, өлең сөздерге ерекше ынтық болуы, ақындық шешендік өнерді қадірлейтін мінез бала Абайға анасынан келгендігін де айта кетуіміз ләзім. Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Әуезовтің еңбектерінен де Бертіс би туралы мәліметтерді кездестіруге болады. Бертіс би Шаншарұлы өзінің аманаты бойынша Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген екен.
Міне, Бертіс би, Бұқар жырау, Сүйінбайлардың ұрпағына айтып кеткен ұлағатты сөздерінен ұлтжандылығын, елім деп соққан жүрегінің лүпілін сезуге болады. Бүгінде ауызбірлікті, ынтымақты ел болып, айрандай ұюдың орнына ақсақалдарымыз, өткен хакім, ұлт жанашырлары, қайраткерлеріміздің бойына кір жағу деген дертке шалдыққан жағдайы бар. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді», деген сөз осы бабаларымыздың өсиеті екендігін ұмытпасақ жарар еді.
Қошан МҰСТАФАҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист