Ұлттық ғылым академиясы – біздің интеллектуалдық темірқазығымыз. Иә, солай еді және солай болуға тиіс. Қазір Президент бастамасымен оны жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Ғылым культі қалай орнығады? Бүгінгі ғалым мен ғылым өлшемін қалай қалыптастырамыз? Академия дәстүрінен алар тағылым қайсы?
Иә, Ғылым академиясы – шын негізінде 90-жылдарға дейін Ғылым министрлігі рөлін атқарды. Құрамындағы 43 ғылыми институт пен орталық заманауи ғылым мақсатын сәтімен жүзеге асырды.
Мысалы, қазір гуманитария саласына келсек, бес автор қосылып шығарған Scopus мақаласы «керемет дүние» саналады. Маңдай термен жазылатын монографияның немесе шаң басқан қолжазба мұраны комментариймен әзірлеудің бәсі одан әлдеқайда төмен. Тіпті ол ғылыми еңбек санатына енбей де жатады. Әрине, бұл – қам жейтін мәселе... Сонда академияның іргетасын қалағандар ғылымда жаратылыстану-техникалық бағыт пен гуманитарлық бағыттың өлшемі әр қилы болатынын ойламады дейсіз бе? Ойлағанда қандай!
Біздіңше, мына суретті қазір университет пен зерттеу мекемелерінің маңдайына болмаса да, көрнекі жеріне іліп қою керек.
Жалпы, бізде Академия ашу мәселесі 1932 жылдан қолға алынған. Сол жылы 8 наурызда КСРО Ғылым академиясының Қазақстан базасынан зоология және ботаника секторын құру туралы шешім қабылданып, оның төрағалығына академик А.Самойловичті, мүшелігіне академик Б.Келлер мен профессорлар С.Асфендияров пен М.Төлеповті бекітеді. 1938 жылы қарашада бұл база филиалға айналады. Мұнда 100 маман, соның ішінде 17 ғылым докторы мен кандидаты қызмет істепті. «Әр істің қайыры бар» дегендей, соғыс кезінде орталық қалалардан Алматыға ғалымдар эвакуацияланғанда, қайраткер Нұртас Оңдасынов пен ғалым Қаныш Сәтбаев Қазақстанның жеке академиясын құру мәселесін көтереді. Әзірлік туралы республика үкіметі 18.08.1944 жылы қаулы қабылдайды. Төрағасы – Н.Оңдасынов, орынбасарлары – Н.Скворцов, Ж.Шаяхметов, А.Завельев, Қ.Сәтбаев – құрамы жалпы 18 адамнан тұратын комиссия құрылады. Жұмыс сәтімен жүріп, 1945 жылы 1 наурызда республика үкіметінің басшысы Н.Оңдасынов пен КСРО Ғылым академиясының президенті В.Комаров одақ басшылығына «Қазақстан жеке Ғылым академиясын ашуға сақадай сай» деп есеп береді. Сол заманның тәртібіне сай КСРО Халком 26.10.1945 жылы Қазақ КСР ҒА-сын ұйымдастыру туралы қаулы шығарып, 1946 жылы 1 маусымнан бастап республика Ғылым академиясы жұмысын бастайтынын атап көрсетеді.
Әрине, бүгінде Алматыға сән беріп тұрған Академияның алып әрі мызғымас ғимараты бір күнде немесе бір жылда тұра салмаған. Оған қаншама күш-жігер, ақыл-парасат, қыруар қаржы жұмсалды. Мына сурет сол сәттің бірін аңғартады. Фото-жәдігер Қанекеңнің жеке архивінде сақталыпты. Іргетастың ағаш қалыбы үстінде үш тұлға тұр. Олар: сол кездегі үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов, академия президенті Қаныш Сәтбаев, архитектор Николай Простаков. Қасында бір инженер есеп беріп тұрғандай. Нұртас Дәндібайұлы плащы мен шіләпісін шопырына берген де, қолына күрек ұстап алған. Құрылыс инженері оның сұрағына жауап қатып жатса керек. Қаныш Имантайұлы әрі ойланғаны, әрі қуанғаны байқалады. Суреттің түсірілген уақыты – ерте көктем (26.04.1951). Қанекең жеңілдеу макинтош пен шіләпі киген... Іргетас үшін қазылған шұқырлардан Алматының үлкен қойтастары да көрінеді.
Академияның бастапқы архитекторы әйгілі Алексей Щусев еді. Бірақ жоба кейін толықтырылып, түзетілген. Николай Простаков бастап, аяқтаған жоба құрылысы 1957 жылы тұрғызылып бітті. Бұл – академияның бірінші бөлігінің іргетасы. Екінші бөлігінің құрылысы 1972–1981 жылдары жүргізілген. Сөйтіп, ол еліміздегі мызғымас тарихи-монументалды ғимартқа айналды.
Ғылым қара шаңырағы іргетасын саясат пен ғылыми салада ары да, қолы да таза тұлғалардың қалағанын ұмытпауға тиістіміз.
Айтуған Досби