Іле өзенінің бойында жатқан Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында кіндігі кесіліп, қанаты қатайған өрендерінің бірі – полиция майоры Азамат Абдрахмановты ел-жұрты ерекше құрметтейді. Қырықтың қырқасына шыққан ол бұл күнде Алматы облыстық полиция департаменті Балқаш аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы қызметін абыройлы атқарады. Туып-өскен өңірдің тәртібін қадағалап, тыныштығын қамтамасыз етуде жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етіп келеді.
Аумағына 15 ауыл әкімдігі, 28 елді мекен кіретін іргелі ауданның полиция бөлімінде 16 жылға жуық қырағылық, табандылық танытып келе жатқан полиция майоры Азамат Асқарұлы басшылық жасайтын бөлімшеге кәмелетке толмағандар қауіпсіздігі бойынша инспекторларды, патрульді полицейлерді, бақылау қызметін, учаскелік инспекторларды, ювеналды полиция инспекторларын, әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы инспекторларды, сондай-ақ табиғатты қорғау инспекторларының қызметін қадағалап, жүйелі жұмыс істеуін ұйымдастыру міндеті жүктелген. Осындай сан салалы жауапты қызметті тізгіндеп жүрген Азамат Абрахманов ұжымға ғана емес, облыстың құқық саласында ұтқыр ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде танылып, ісімен үлгі-өнеге болып жүр.
«Ауданымызда егін, мал шаруашылығымен қатар балық және аң аулау кәсібі жақсы дамыған. Алайда көлденең табыс табуда құқық бұзушылықтар болмай қоймайды. Осы себепті көбіне қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Арнайы жиындар өткізіп, ескертпе-нұсқаулықтар таратамыз. Жергілікті басқару органдарымен, Төтенше жағдайлар бөлімшелерімен бірігіп, жұдырықтай жұмыла жұмыс істейміз. Еріктілер тобының да белсенділік танытатын кездері өте көп», дейді Азамат Асқарұлы.
Полиция майорының айтуынша, қылмыс пен бұзақылықтың алдын алуда ауылдардағы адам аяғы үзілмейтін дүкен мен кафелерге, мемлекеттік мекемелерге бақылау камералары қойылған. Сонымен қатар ауданның орталық көшелеріне, ауылдарға «Сергек» бақылау камералары орнатылған. Биыл ауданда бақылау камерасының санын 800-ге жеткізу жоспарланып отыр.
«Осы камераларға түскен бейнежазбаның арқасында заң бұзушыны тез құрықтау мүмкіндігі артты. Сондай-ақ камерадан сескеніп, заңға қайшы әрекет жасаушылардың қатары азайды. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қылмыстық көрсеткіш әжептәуір кемігендігі қуантады. Жаз басталғалы Балқаш көлі мен Іле өзеніне демалушылар қатары көбейіп келеді. Бұл маусымда полиция қызметкерлері тыным таппайды. Біз туристер мен саяхатшылардың заң бұзбауын, қауіпсіздік ережелерін ескеруін қатаң қадағалап отырамыз», деген бөлімше басшысы тыйым салынған кезеңде балық аулап, аң-құс ататын браконьерлердің де қарасы еселене түсетіндігін тілге тиек етті.
«Қызыл кітапқа» енген аң-құстарды атуға заң жүзінде қатаң тыйым салынғандығын елеп-ескермейтіндер жиі кездеседі. Осы себепті олардың қолындағы мылтықтың тіркелген-тіркелмегендігі тексеріледі. Балықты белгілі бір аумақта қолдан жасалған аппараттың көмегімен тоқ соққызып аулайтындар да бар. Мұндай заңсыздыққа барған браконьерлерді сан мәрте құрықтап, заң жүзінде жазаланды», деді.
Полиция майоры Азамат Асқарұлы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде білікті басшы ғана емес, 9 қызды аялап өсіріп отырған көпбалалы әке екендігін айрықша атағанымыз абзал. Шаңырағының шырайын кіргізіп, маңдайына бақ дарытып, жүрегіне мейірім ұялатқан асыл жары Жазира Менкетайқызымен қол ұстасып, отау құрғалы 17 жылға жуықтаған. Осы уақыт аралығында гүлдей үлбіреген қыздары бірінен соң бірі дүниеге келіп, қуаныштарын еселеп келеді.
Қыр қызғалдағындай жайқалып, өсіп келе жатқан қыздарының үлкені Ақнұр бүгінде 9-сыныпты тәмамдаса, екіншісі Гүлнұр осы сыныпқа көшті. Ал Кәусар мен Жасмин – бастауыш сынып оқушылары. Олардың ізінен ілескен Айару мен Томирис мектеп табалдырығын аттауға таяу. Ал ерекше құрметке ие егіз қыздары Адина мен Медина екі жастан енді асса, қыздардың ең кішкентайы Даяна он айға толды. Бұйыртса, 9 қыздың қатары тағы бір нәрестемен толығып, жұбы жарасқан Азамат Абдрахманов пен Жазира Малгеждарова он баланың ата-анасы атанады. Бақ дарыған Балқаш ауданында ерекше отбасы саналатын Абдрахмановтың қыздары осы бастан өнерлі боп өсіп келеді. Олардың қатарында әке жолын қуып, құқық қорғау қызметкері болуды армандайтындары да жоқ емес.
«Қыздарымызды бір-бірінен бөліп жармаймыз. Олардың барлығы талантты, ақылды әрі әдемі. Төлбасы Ақнұрымыз сабақты үздік оқумен қатар ағылшын тілін жетік меңгеріп келеді. Ал Гүлнұрымыз сурет өнеріне өте бейім. Біздің қызметте фоторобот жасайтын арнайы мамандар бар. Қызымның бойына сол қасиет дарыған сияқты, кез келген затты не жан-жануарды бейнелеп айтсам болды, айнытпай салып береді. Үлкен екі қызым өскенде жолымды жалғап, құқық қорғау саласында қызмет еткісі келетіндігін жиі айтады. Мен қыздарымның бұл таңдауын қуана құптаймын. Себебі тәуелсіз еліміздің тыныштығын қамтамасыз етумен қатар құқықтық мемлекет болып қалыптасуына өзіндік үлестерін қосса, неге қуанбасқа? Сондықтан қыздарымыздың ұяда жақсы тәлім-тәрбие сіңіріп, мектепте терең білім алып, қалаған мамандықтарының иесі болуына анасы екеуміз бар мүмкіндігімізді жұмылдырудамыз», дейді майор шеніндегі 9 қыздың әкесі Азамат Абдрахманов.
Қызметіне қырағы, ұжымда тәжірибелі, білікті басшы бола білген полиция қызметкерін аудан жұртшылығымен қатар әріптестері де әркез құрмет тұтады. «Азамат Асқарұлы жұмысына өте тиянақты. Ол – отбасына ғана емес, ауданымызға үлгілі әке. Тоғыз баланы өсіре отырып, жұмысына зор жауапкершілікпен қарайды. Білікті маман ретінде қылмыстық істерді ашуда да белсенділік танытып, ортасының құрметіне бөленіп жүреді», дейді Балқаш аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Айдар Омаров.
Отбасы құндылығын құнттап, құқықтық қызметте де қырағылық танытып жүрген Азамат Асқарұлы қолы қалт ете қалса, көзқуанышына айналған қызғалдақтарын өбектеп, солардың жанынан табылуға тырысады. Өйткені жұмысына ерте кетіп, кеш қайтатын әкенің жолын күтіп, мойнына оралатын қыздарының қылықтары тәп-тәтті. Қырмызы гүлдей жайнаған қыздарын көргенде қуанып, шаттанып, шаршағанын да ұмытып қалатын полиция майорының бар тілегі – еліміздің тыныштығы мен балалардың зорлық-зомбылықсыз бақытты өмір сүруі. Осы жолда жан-тәнімен антына адал қызмет етуді өзінің айнымас мұраты санайды.
Алматы облысы